Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Тәжірибелі спортшылар бақ сынамақ

2-3 наурыз күндері фристайл-могулдан әлем кубогінің финалдық кезеңі тұңғыш рет Алматыда өтеді. Елімізде алғаш ұйымдастырылатын додаға әлемдік фристайл үздіктері тегіс жиналмақ. «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінде өтетін жарыс қазақстандық спортшылар үшін де маңызды болары сөзсіз.

Алматыдағы Әлем кубогі кезеңіне дайындық жұмыс­та­ры­ның қалай өтіп жатқанын Қазақ­стан шаңғы спорты түрлері қауымдастығының бас хатшысы Асқар Валиев түсіндірді. Қауымдастық бас хатшысының айтуынша, Алматыдағы әлемдік сынға қатысу үшін Қытай, Оң­түстік Корея, Финляндия, Жапо­ния сынды мемлекеттер өтінім беріп үлгерген. 20 ақпанға дейін қаты­сушы елдер саны көбейіп, 15-18 команданың жиналары анық.
Алматыға фристайлдан 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиа­да­сының чемпиондары Микаэль Кинсбери (Канада) мен Перрин Лафон (Франция), 2017 жылғы әлем чемпиондары Икума Хорисима (Жапония) мен Бриттани Кокс (Австралия) және могул спортындағы өзге де танымал спортшылар табан тірейді. Үздіктер қатарына біздің могулшылар да енетінін ұмытпау керек. Жақында Юлия Галышева Калгариде топ жарып, мықтылар тобына енді. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ю.Галышева әлем кубогі кезеңінің жалпы есебінде үздік үштікте тұр. Ол франциялық Перрин Лафонға ғана есе жіберген. Дмитрий Рейхерд үздік бестік қатарына кірсе, Павел Колмаков жиырмалыққа енді. Жарыс демалыс күндеріне жоспарланғандықтан, «Шымбұ­лақ» кешенінде демалып жүрген тұрғындардың да әлемдік сынды тамашалау мүмкіндігі болмақ.

Айнұр Бақдәулетқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру