Валюта бағамы: $ 376.73 427.36 5.75 ¥ 56.07

Өлді деуге бола ма…

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жазушы, сыншы-драматург Асқар Сүлейменовке арналған салтанатты еске алу кеші өтті.

Еліміздің мәдениетінің тарихи қарашаңырағы саналатын өнер ордасында жазушының шығармашылығын сүйіп оқитын оқырмандары, пікірлес, серік­тестері және жастар жиналды. Көрермендер оның туындыларынан үзінділерді, жеке орын­дауындағы туындыларды, кинофильмдер фрагменттерін асқан ықыласпен тыңдады. Еске алу кешінің жүргізушісі, қоюшы режиссёр, сценарист, әртіс, тележурналист, продюсер, музыкант Али Шер Сүлеймен болды.
«Біздің рухани ой еркін­дігімізге, қазіргі таңда көзіміздің қарашығындай сақтап отырған Тәуелсіздігімізге жарық сыйлап келген және өнегелі өмірлерімен біздерге үлгі боларлық 60-жыл­дар­дың ұрпақтары отыр. 60-жыл­дардың тұлғаларына өнегелі қағидаларға негізделген тәрбие үшін алғыс айтқым келеді. Бұл өз кезегінде біздің елдегі жоғары мәдениеттіліктің, тәуелсіздіктің берік тұғырлығына әсер етті» – деп атап өтті Али Шер Сүлеймен.
Өткен ғасырдың ортасында жазушы-модернші Асқар Сүлейменов өз шығарма­шы­лы­ғымен замандастарына үлкен әсер етті. Оның әдебиеті бос­тан­дыққа, тарихи тамырларды, ұлттық өзіндік ерекшелікті сақтап қалуға шақырды. Асқар Сүлейменовтің қалдырған мұра­сында көптеген аудармалар бар. Оның еңбектері­нің арқасында қазақтілді оқырмандар Эрнест Хемингуэй, Михаил Булгаков, Бертольд Брехт шығармаларымен таныса алды. Қазақстанның заманауи қазақ әдебиеті мен өнерін Асқар Сүлейменовтің шығармашылығынсыз елестету қиын.
Сонымен қатар Али Шер Сүлеймен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Се­наты­ның Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Қазақстан Республикасының Ресей Федера­циясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасма­ғам­бетовтен келген құттық­тау хатта­рын оқып берді. «Қазіргі таңда Асқар Сүлейменовтің рухани мұрасы – Қазақстанның қазіргі және өткен мәдениетінің арасын­дағы алтын көпір, рухани жаң­ғыруға ұмтылудың жарқын көрінісі» – деп қорытындылады Али Шер Сүлеймен.
Сахнаға Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры А.Қалиева, қызы Қ.Сүлейменова, Д.Жолжақсынов, жақындары мен туыстары, сондай-ақ Мұрат Әуезов, Өмірзақ Айтбаев, Ғаділбек Шалахметов шығып сөз сөйледі.
Кеш Асқар Сүлейменовтің сүйікті туындыларына негізделген концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық халық аспаптар оркестрі, Абай атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық опера және балет театрының симфония­лық оркестрі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисті Зарина Алтынбаева өнер көрсетті.
Көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің туғанына 80 жыл толуына орай әр жерде іс-шаралар өтуде. Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында көрнекті «Асқар Сүлейменов және театр» көрме­сінің ашылуы өтіп, жазушы­ның «Адасқақ» циклі бойынша сахналанған «Біржанның соңғы әні» спектаклі қойылды.
Ұланғайыр білім иесі, халық әдебиеті мен салт-дәстүрдің, музыка мен жыр әлемінің, театр мен кино, бейнелеу өнерінің білгірі, сөз зергері А.Сүлейменов ел есінде. Оның есімі Түркістан облысының Созақ ауданындағы өзі оқыған және Сарыағаш қаласындағы мектепке, ал, 80 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласындағы бір көшеге берілді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру