Валюта бағамы: $ 377.95 431.2 5.66 ¥ 55.93

Аграршылардың асқаралы асулары

Кең-байтақ қазақ жерінің байлығы ұшан-теңіз, бұл теңеу ең алдымен селеулі сайын далада өрген мыңғырған мал мен жайқалған егінге қатысты. Әсіресе еліміздің экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі әлеуеті жоғары.

Осыны ескере келе, Елба­сымыз агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын таяу­дағы бес жыл ішінде кемінде екі жарым есеге ұлғайту міндетін алға қойған болатын. Әлемдік және аймақтық нарықтарда қалыптасып отырған ахуалға орай өткен жылғы шілде айында саланы дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы өзектендіріліп, қайта бекітілді. Бағдарламаны басқару алғаш рет жобалық тәсілдемені қолдану арқылы пилоттық тәртіпте жүзеге асырылып жатқанын айтуға тиіспіз. Бұл үшін жобаларды жедел бақылап отыратын толыққанды кеңсе құрылды, басқару стандарттарына сәйкес он салалық, он төрт өңірлік бағ­дарлама дербес бөлінді. Со­нымен қатар агроөнеркәсіп­тік кешенді және ауылдық аумақ­тарды дамытуды көздейтін он аралас бағдарламаны әзірлеу, атап айтқанда «Ауыл – ел бесігі» жобасын жасау қолға алынды. Әр бағдарлама агробизнес және мемлекеттік органдар өкілдерінің тікелей араласуымен іске асырылуда, оларды орындау барысы «Facebook» әлеуметтік желісінде көр­сетілуде. Әрбір салалық және өңірлік бағдарламада он жылға арналған нақты индикативтер мен іс-шаралар көзделген, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен олардың тиісті көлемі және қаржыландыру көздері айқындалған.
Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап шағын және орта шаруа қожа­лықтарына негізделетін етті мал шаруашылығын дамыту бой­ынша ұзақ мерзімді салалық бағ­дарлама іске асырыла бастады. Оны орындау үшін жеңілдетілген «Сыбаға» кредиттік өнімі іске қосылды. Бұл жоба өткен жыл­дың екінші жартыжылды­ғынан бері іске асырыла баста­ғаны­на қарамастан, жоспар асыра орындалып келеді. Бүгінгі күнге дейін 600-ден астам фер­мер кредит алды. Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50 мың басты құрап отыр. Өткен 11 айда 67 мың басқа өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған кредит мақұлданып, берілді. Аналық табынды тұ­қымдық түрлендіру жоспары 1 млн. басты құрайды. Қазіргі таңда тұқымдық түрлендіруге шамамен 977 мың аналық бас немесе табынның 98 пайызы қатысуда. Экспортқа келетін болсақ, өткен жылдың соңына дейін сиыр етін сыртқа шығару көлемі 14,5 мың тоннаны құрады. Экспортталған сиыр етінің жартысына жуығы, атап айтқанда 45,2 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Бұл дерек сиыр етінің экспорты бойынша жоспарланып отырған 15 мың тонна көрсеткіштің асыра орындалатынына берік негіз қалап отыр. Сүт бағдарламасы бойынша өнім өндіру көлемін он жылда 1 млн. тоннаға арттыру көзделген. Мақсатқа жетудің индикативтік көрсеткіштері айқындалды. Атап айтқанда, 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 басқа дейін жететін жаңа 527 отбасылық тауарлы сүт фермасын, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлы сүт фермасын ашу жос­парлануда.

Өткен жылдың өзінде он бес тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Мұның 10-ы – жалпы қуаттылығы 7400 басты құрайтын өндірістік, бесеуі – отбасылық фермалар. Сонымен қатар сиымдылығы 4500 басты құрайтын қосымша он ферманы іске қосу көзделген. Мембағдарламаны іске асыру нәтижесінде ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі өткен он айда 1,3 млн. тоннаны құрады. Осы ретте ұйымдасқан шаруашылықтар сүттің негізгі бө­лігін беретінін айта кетуіміз керек. Мәселен, бұл шаруашылықтар 2017 жылмен салыстырылған өткен жылдың он айы ішінде 7,8 пайызға көп сүт өндірген. Бұл өңдеуге келіп түскен нақты есептелген сүт көлемі болып табылады. Ал, жеке қосалқы шаруашылықтар осы кезең ішінде небәрі 1,9 пайызға ғана артық сүт өндірді. Тілге тиек етілген тағы бір бағдарлама – құс шаруашылығы жобасы шеңберінде құс етін өндіру деңгейін алдағы он жылда үш есеге, яғни 200 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін ұлғайтып, импортты алмастыру көзделіп отыр. Өткен жылы жылдық қуаты 60 мың тоннаны құрайтын Макинка құс фабрикасы іске қосылды. Бұл осы кезеңдегі ең ауқымды жоба болып табылады.
Өсімдік шаруашылығындағы ең үлкен резерв суармалы жерлерді дамытуда жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді өңдеу көзделіп отыр, оның ішінде өткен жылы 65 мың гектар жер айналымға тартылды, мұның ішінде Алматы облысы бойынша 11,6 мың, Ақтөбе облысы бойынша 5,2 мың, Жамбыл облысы бойынша 17,4 мың, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2,7 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Аталған міндетті орындау мақсатында Ислам Даму Банкімен және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен бірлесіп, 100 млрд. теңгеден астам сомаға 128 мың гектар, атап айтқанда Алматы облысында 35,4 мың, Ақтөбе облысында 16,0 мың, Жамбыл облысында 51,0 мың, Түркістан облысында 25,7 мың гектар жердің гидромелиорациялық жүйелерін қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізілуде. Бұдан басқа суар­малы жерлерді дамыту жөніндегі са­лалық бағдарлама шеңберінде тағы да 1,5 млн. гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, олардың аумағын 3,5 млн. гектарға дейін жет­кізу көзделіп отыр. Осылайша, жалпы егіс егілетін алаң аумағындағы суар­малы жерлердің үлесі 16 пайызды құрап, жалпы өнім көлемі 2,4 трлн. теңге деңгейіне жетеді. Суарылатын егіншілік тек көкөніс пен жеміс қана емес, сондай-ақ мал шаруашылығы үшін де кепілді азық көзі болып табылатыны белгілі.
Келесі бір қарқынды жоба – бақ шар­уашылығын дамыту бағдарлама­сы шеңберінде он жыл ішінде 47 мың гектар алаңға жайқалған бақ отырғызу және импортты алмастыру міндеті алға қойылып отыр. Бұдан бөлек жеміс сақтау қоймаларын салу, зиянкесі жоқ көшеттер өндіру питомниктері мен зертханаларын құру, өнім өңдеу қуаттарын жете жүктеу сияқты аралас бағыттар да дамытылатын болады. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары мәуелі бақтар орналасатын негізгі өңірлерге жатады. Өткен жылы қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру ауқымында 862 гектар бақ отырғызу жүзеге асырылды, оның ішінде Алматы облысында 162 гектар, Жамбыл облысында 200 гектар, Түркістан облысында 500 гектар бақ отырғызылды. Осыған ұқсас жұмыстар басқа да салалық бағдарламалар бойынша жедел жүргізіліп жатқанын айтуға тиіспіз.
Агроөнеркәсіптік кешен нысан­дарын қаржыландыру қолжетімділігін арттыру үшін сегіз нақты шара көзделген, оларды іске асыру осы мәселеге қатысты жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Өткен жылы негізгі құралдарға арналған кредиттер бойынша сыйақы мөл­шерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы техникаларының лизингі қалпына келтірілді. Бұл өткен жыл­дың 10 айында 50 млрд. теңгеден астам сомаға 2752 техника бірлігін лизингке алуға мүмкіндік берді. Бағдарлама өткен жылдың екінші жартыжылдығында іске асырыла бастағанын ескерсек, бұл жақсы нәтиже саналады. Инвес­тициялық субсидиялау бойынша тә­сілдемелер өзгертілді. Енді инвести­циялық салымдарды өтеу үлесі барлық паспорттар бойынша 25 пайыз болып белгіленді. Тек жайылымдарды су­ландыру инфрақұрылымын құру жобалары бойынша өтеу 80 пайыз деңгейінде сақталатын болады. Бұл жаңа инвестициялық жобаларға бастама жасауға серпін берді. Егер 2017 жылы ҚазАгро желісі бойынша 45,1 млрд. теңгеге 40 ірі инвестициялық жоба, өткен жылы құны 104,5 млрд. теңгеге 76 жоба мақұлданды. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру ауқымында тиімсіз субсидиялар қысқартылуда, мұндай субсидияларға өсімдік шаруашылығындағы гектарлық субсидиялар, мал шаруашылығындағы өнімділікті субсидиялау жатқызылады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидия түрінен 34 субсидия қалады. Қалғандары барынша оңтай­ландырылып, толықтай автомат­тандырылатын болады. Бұл өтінім­дерді қарастыру мерзімін орташа есеппен 2,5 есеге, яғни 18 күннен 7 күнге дейін қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Өткен жылы алғаш рет минералдық тыңайтқыштарға субсидия беру үдерісі толық автоматтандырылды.
Сондай-ақ қаржы институтта­рын ҚазАгро арқылы аграрлық сек­торды қаржыландыруға тарту жұ­мысы жүргізілуде. Аталған бағыт бойынша кредиттік серіктестіктерді, микроқаржы ұйымдарын, екінші деңгейдегі банктерді және лизингтік компанияларды қорландыру арқылы екі жыл ішінде кредит беру көлемі 21 пайыздан 37 пайызға дейін артты. Өткен жылдың басынан бері холдинг 75,3 млрд. теңгеге қаржылық институттарды қорландырды. Кредиттер бойынша кепілдендіру жүйесі жетілдірілуде, биылдан бастап кредит сомасының 30 пайызына дейінгі кепілдікті кепілмен қамтамасыз ету жетіспей тұрған шағын және орта бизнес даму үшін алатын болады. Бұл үшін тиісті қағидалар қабылданды. Бұдан басқа ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін және кредиттік серіктестіктерді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ жаңа қаржы құралы – аграрлық қолхат енгізілуде. Бұл үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер пакеті әзірленіп, қазіргі таңда Парламентте қаралуда.
Ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру мақсатында ғылым және білім таратуды дамыту үшін ағымдағы жылы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізілді.
Агроөнеркәсіптік кешенде инно­вацияларды неғұрлым табысты пай­даланып отырған елдердің тәжіри­бесі негізге алынды. Бұл орайда АҚШ-та және Бразилияда ғалымдарды қолданбалы ғылымға мақсатты дайын­дауға баса назар аударылады. Қолданыстағы 23 ғылыми зерттеу институтын қайта құру нәтижесінде оның 12-сі қалды, ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларының саны 19-ға артты, сондай-ақ 14 өңірлік агроорталық құрылуда. Ағымдағы жылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру 4,2 млрд. теңгеден 7,6 млрд. теңгеге, немесе 1,8 есе ұлғайды. Тағы бір жаңалық – бұдан былай бизнес-қауымдастықтар алдағы үш жылға арналған ғылыми-зерттеу тақырыптарын қаржыландыру туралы шешім қабылдауға қаты­сады. Келесі кезеңде бірлесіп қар­жыландыруды субсидиялау есебінен нарықтық зерттеулерге деген қажет­тілік қалыптастырылып, ғылы­ми ұйымдардың материалдық-техни­калық базасын жаңартуға 4,1 млрд. теңге бөлінеді.
Осы ретте А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, «Заречное» тәжірибе шаруашылығы және Қаскелең тәжірибе шаруашылығы базаларында 3 эксперименттік-технологиялық «нақты егіншілік» платформасы құрылғанын атап өтуге тиіпсіз. Олардың жалпы алаңы 14,6 мың гектарға жетеді. Бұл сынақ алаңдарында ауыл шаруа­шылығы дақылдарының түсімі өңірлік көрсеткіштерден 2-2,5 есеге артық болды, ал рентабельділігі 30-дан 70 пайызға дейін ұлғайды. Сынақ алаңдарында 1318 ауыл шар­уашылығы маманы оқудан өтті. Аграрлық білім берудің сапасын жақсарту мақсатында 3 аграрлық жоғары оқу орнында Назарбаев университетінің үлгісімен әлемдік озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізілмек. Оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарының франшизасы тартылады. Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемдегі аграрлық университеттер арасында бірінші оқу орны сана­латын нидерландтық Wageningen университетімен, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті әлемдік рейтингте екінші орын алатын америкалық U.C. Davis университетімен, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Қытайдағы Чжэцзян университетімен ынтымақтаса жұмыс істеуді бастады.
Жыл сайын франшиза бағдар­ламасы бойынша әлемдік универ­ситеттерде халықаралық стандарт­тарға жауап беретін және еңбек нарығында сұранысқа ие жүз студент дайындалатын болады. Білім таратудың жаңа жүйесі агро­парктер мен өңірлік орталықтар жүйесіне сүйенбек, олар жергілікті жерлерде аграрлық сүйемелдеуді, өңірдің фермерлері үшін қажетті технологияларды беруді және олардың сақталуын жүзеге асырады. Өңірлік орталықтардың базасында нақты білім мен қажетті технологиялық шешімдерді беру үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарының ғылыми әлеуеті молынан пайдаланылады. Сонымен қатар технологияларды таратумен айналысатын компаниялардың жеке бастамалары да қолдау табады.

Жетпісбай Бекболатұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру