Валюта бағамы: $ 378.17 429.11 5.88 ¥ 56.48

Көгілдір отын мәселесі шешілді

«Түркістан» компрессорлық  станциясы жұмысын бастады

Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральді газ құбыры Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы ірі құбырлық жоба болып табылады және мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Жуырда айтулы газ құбырында «Түркістан» компрессорлық станциясы іске қосылды.

Магистральді газ құбырын салу еліміздің оңтүстігіне газды тұ­рақты жеткізуді қамтамасыз ету, бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құру және қазақстандық газды сыртқы нарыққа экспорттауды арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді шешеді.

«Түркістан» жоғары техноло­гиялық компрессорлық станциясы Түркістан мен Қызылорда облыстарының аумағында Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистралінің бойында биыл «ҚазТрансГаз» АҚ салған компрессорлық станция­лардың бірі болып табылады. Осының алдында, Тұңғыш Прези­дент күні қарсаңында ұлттық газ операторы «Арал» КС-ын іске қосқан болатын.
«Түркістан» станциясының құрылысы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының жылдық өткізу қабілетін жылына 15 млрд текше метрге дейін арттыру жөніндегі инвестициялық жоба аясында іске асырылды. Жаңа станция салу газ және газбен жабдықтау саласындағы жыл сайын өсіп отырған қажетті­ліктерді өтеу үшін, әсіресе жылыту кезеңінде ең көп жүктеме түсетін уақытта еліміздің оңтүстік өңірлеріне газды тоқтаусыз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін өзекті еді. Енді аймақтың экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын су жаңа нысан қатарға қосылды. Станцияны іске қосу салтанатты рәсімінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бұл оқиғаның өңір үшін экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да өте маңызды екендігін атап өтті. Түркістан облысы жылына 2,5-3 млрд текше метр газ тұтынады. Осы нысанның іске қосылуымен өңірді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілді. Озық технологиямен жабдықталған инновациялық нысанның пайдалануға берілуі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Валентин Хван ҚазТрансГаз үш компрессор­лық станция құрылысын аз уақыт ішін­де аяқтап, іске қосқандығын атап өтті. Бұл станциялар елімізді энергетикалық газбен қамтамасыз етіп, бұрын мемлекетімізді газбен қамту мәселесінде көрші елдерге тәуелді еткен мұқтаждықты толықтай тоқтатып отыр. Осылайша Мемлекет басшысының елімізді энергетикалық газ саласының қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету туралы тапсырмасы рет-ретінмен орындалуда. Бұл бағытта «ҚазТрансГаз» АҚ соңғы 3-4 жыл ішінде газ саласындағы ішкі және сыртқы экспорт тасымалы бойынша көптеген іргелі жобаларды іске асырды.
Жаңа станциялардың жұмысы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторға жыл сайын өсіп отырған қажеттіліктерді жабу үшін, әсіресе жылыту кезеңіндегі ең көп жүктеме кезінде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне газды іркіліссіз тасымалдау процесінің барынша сенімділігін қамтамасыз ету үшін қажет. Бүгінгі таңда республиканың оңтүстігінің көгілдір отынға деген қажеттілігі шамамен жылына 5 млрд текше метр газды құрайды. Бұған қоса, Орталық Азия-Қытай трансазиялық магистральді газ құбырына берілетін көлемдер айтарлықтай өседі, ол өз кезегінде Қытайға қазақстандық газды экспорттау көлемін арттыруға ықпал етеді. Еске сала кетсек, өткен жыл­дың қазан айында отандық газды Қытайға экспорттауды екі есеге арт­тыру туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Сондықтан Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының өткізу қабілеті жылына 10 млрд текше метрден жылына 15 млрд текше метрге дейін артады. Осы арқылы республиканың оңтүстігінің 5 млрд текше метр көлеміндегі көгілдір отынға деген қажеттілігі өтеліп, 10 миллиард текше метр газ экспортқа бағытталады.
Компрессорлық станцияларды салу кезінде пайдаланылған инновациялық жабдық, сондай-ақ көмекші жүйелер кешені, магистральді газ құбырын пайда­ланудың бүкіл кезеңінде қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан іркіліс­сіз тасымалдауды қамтамасыз ете алады. Газ инфрақұрылымының жаңа объектілері магистральді газ құбыры өтетін аудандарда тұратын қазақстандықтарды жұмыспен қамту проблемасын шешуге көмектеседі. Іске қосылатын компрессорлық станциялар басқа да газ тасымалдау объектілері сияқты, оңтүстік өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуда маңызды рөлге ие болмақ.
Сөз қорытындысында «Қаз­МұнайГаз» ҰК АҚ-ның құрамына кіретін «ҚазТрансГаз» АҚ мем­лекеттің мүддесін отандық және шетелдік газ нарығында да біл­діретін Қазақстанның негізгі газ энергетикалық және газ тасымалдау компаниясы екендігін айта кетейік. Компания магистральді газ құбырлары мен газ тарату желілері бойынша тауарлық газды тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады. Сонымен қатар ол халықаралық транзитті қамтамасыз етіп, ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ сақтау қоймаларын дайындауды, қаржыландыруды, салуды және пайдалануды жүзеге асырады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру