Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Еуропа: Сату мәдениетінен үйренеріміз көп

Міне, тағы бір жылды артқа тастап, 21-ші ғасырдың 19-шы жылына да аяқ бастық. Әдеттегідей, мерекелер басталмастан көптеген қазақстандықтар басын ауыртатын мәселе – бағалар шарықтап шыға келді. Шенеуніктер жауабы дайын: нарық заңы осындай деп құтылады. Ал Еуропада керісінше, Жаңа жылдық әуре-сарсаң бағалардың фантастикалық төмендеуі жағдайында өрбиді. Таңқаларлығы: тауарларға бағалардың күрт төмендеуін олар «нарық заңы» осындай деп түсіндіреді. Неге аталмыш заң олар мен бізде түрліше жұмыс істейді?

Жаппай сатуларды күтіп жүрсіз бе? Яғни, сіз шыр бітпеген кедейсіз, сосын-ақ барар мекеніңіз – секонд-хенд дүкені. Біздегілер осылай ойлайды.
Шегеріммен сатып аласыз ба – демек, сіз, анық кедей емессіз, үнемді болғаныңыз. Батыстағылар осылай ойлайды.
Екі әлем – екі кассир: бірі арзан­датылған тауарға жармасқан сатып алушыға жеккөрінішпен көз тастаса, екіншісі құрметпен жымиып, сыйлық картасын ұсынады. Еуропадағы шегерімдер (жеңілдіктер) – жыл бойғы, циклді және бәрі үшін де дағ­ды­лы көрініс. Әрбір ірі дүкендерде күн сайын, сонадайдан менмұндалап шақырып тұратын түрліше акциялар өткізіледі.
Бірақ бағалардың нағыз құлды­рауы, әрине, Жаңа жылдың алдында орын алады. Жүгенсіз тұтынушылық қараша айындағы – америкалықтарға ұқсап, қазір бүкіл әлемде етек жайған – сол бір «қара жұмадан» басталады. Сонымен қатар көптеген кәсіпкерлер сол жұма күнін бірнеше апталарға дейін созып, өтпей жатқан барлық нәрселерінен құтылып үлгеріп жатады.
Саудагерлер түсімдерін есептеп үлгермей жатып, ал сатып алушылар – қарашадағы тегін дерліктей «батпан құйрықтарынан» өздеріне келе алмай жатқанда, енді кезекті, бұл жолы бағалардың жаңажылдық – өнеркәсіптік тауарларға да, азық-түлікке де – төмендеу толқыны кеп соғады. Қияр-қызанақтар Батыс елдерінде мейрамдар алдында қымбаттамайды, қайта керісінше – айтарлықтай арзандайды. Сауда компаниялары сатып алушылары үшін, жан алып, жан берісуге даяр. Бәсекелестерін «орап өту» үшін кейбіреулері тіпті ақылға қонбайтындай әрекеттерге барады. Сондай қадамдардың бірі туралы Шығыс Еуропаға көкөніс жеткізумен айналысатын бір кәсіпкер былай әңгімелейді:
«Белгілі супермаркеттер жүйесі бізден бір келісіне 1 евро төлеп, алма сатып алды, ал өз сөрелеріне оларды 60 евроценттен қойыпты. Мен өнімдеріміз қасында тіркелген бағалықтарды көріп, өз көзіме сенбедім. Сосын сауда залына көз салдым: онда адамдар лық толған, кәдуілгі біздің қоғамдық көліктердегідей иық тіресе кезекте тұрды олар. Және кәрзеңкелерінде тек алмалар ғана емес, басқа да – әсте арзандатылған емес азық-түліктер де онда жайғасқан. Бұл жерде мынадай стратегия өз жемісін беруде: супермаркет кезең-кезеңмен бір сәт әлдебір тауарды сатып алу бағасынан төмендетіп ұсынады, міне сонда халық оларға, жол бойы басқа да өнімдерді іліп ала кетіп, жапырлай ұмтылады. Бәсекелестер бармақ тістеп, жеңілгендерін мойындауға мәжбүр».
Киім-кешек өндірушілер де дәл осылай жасайды. Жаппай сатылымдар – сәнді брендтерді сауда­лаудың қуатты қозғаушы күші. Баға­ларын төмендетуші компаниялар ешқашан да табыссыз қалмайды: өз шығындарын олар маусымның басында-ақ тауардың үштен бірін бастапқы бағамен сатқан кезінде қайтарып алған болатын. Яғни, киімнің сәнді топтамалардың ішіндегі жаңа киімдерді сатып алушылардың алғашқы 30%-ы тауарды сатып алуға жұмсалған барлық шығындарды – көлікке кеткен, кедендік тазартуға жұмсалған, аренда төлеуге бөлін­ген­дерді, одан басқаларын да жауып тастайды. Бұлардан кейінгі клиенттерден түсетін ақшалар – сатушылардың таза табыстары.
Әйтсе де кейбір тауарлар нашар өтеді. Нақ осылар – жаппай са­ты­лымға ұсынылатын алғашқы кандидаттар. Шегерім-жеңілдіктер кейде тіпті 90%-ға дейін жетіп жығылады. Әдемі спорттық майканы бір евроға немесе джинсыны бес евроға еуро­палық моллдарда сатып алудың еш қиындығы жоқ – әсіресе сауда үшін нәтижесіз маусым саналатын қаңтар айында бұл әбден мүмкін. Осы кезеңде тіпті люкс дүңгіршектердің өзінде бағалар өрескел құлдырап жатады.
Жаппай сатылымдар мен акциялар сатушыларға өздерінде қордаланып қалған тауарларынан тезірек құты­лып, жаңа топтамалар үшін орын босатуға және сәнді маркаға бейіл­дікті ұлғайтуға мүмкіндік жасайды. Мұндай бейілдікке сатып алушылар оларды аса сүйіспеншілікпен пайдаланатын жеңілдік карталарымен, сыйлық купондарымен және жинақтаушы кредиттік карталарымен қолдау көрсетіледі.
Ал бізде ше? Бізде де дүкендердің сөрелерінде жайнап тұрған плакаттар жариялағандай, мейрамнан кейінгі жеңілдіктер бар. «70%-ға дейін жеңілдіктер» деп шақырған хабарландыруға елтіген сатушылар мұнда қуана жүгіреді. Келсе, шындығында да 70%-дық жеңілдік бар екен – ол уақыты өтіп кеткен жетімсіреп тұрған бір жұп шұлыққа ғана қатысты болып шығады. Қалған­дарына шауып шыққанда 5-10% ғана жеңілдіктер қарастырылған.
Кәсіпкерлердің пікірінше, бәрі де адал. Алайда, сатып алушыға мұндай шопингтен кейін, өзін алдап соқ­қан­дай күй кешуден басқа шарасы қалмайды.
Әдетте, кейбір кәсіпкерлер өзде­рінің пайдакүнемдік емеуріндерін жасырмайды десе де болады. Мұны бірінің үстіне бірі жапсырылған бірнеше бағаламаларды көріп, этикеткаларды жеңіл тексерістен өткі­зіп байқай аласыз. Ал бұндай зерт­теу­леріңізден соң тауар бағасы «төмен­деуден» бұрын әжептәуір жоғары бол­ғанын көресіз. Сосын барып қана аздап түскен екен.
Жекелеген отандық кәсіпкер­лермен нақ осы баға белгілеу хақында тілдескенімді айтқым келеді. Мұндай кезде олар еш қиналмай жұмыс жасау үшін жоғарыдағы лауазымдыларға, қайсысына қанша «апарып» бергені жайлы жыр ғып айта бастайды. Әдетте, олар біздің де бала-шағамыз бар, олар да жақсы тамақ ішкілері келеді дейді, ең асыл армандарын да жасырмай: аз ғана уақыт аралығында, неғұрлым мол ақша тауып, азғантай ақшамен сықиып киініп, аспаннан тегін тамақ жауып тұратын әлдебір арал асып кетуді аңсайтынын айтады. Және де нақ сол аялаған армандары кәсіпкерлерге қытайлық төменқолды тауарларын үш есе қымбатына сатуға мәжбүрлейді-мыс, ал бұл заңға еш қайшы емес. Еркін нарық, білгіңіз келсе, дәуірінде өмір сүріп жатырмыз.
Ал, Батыста да нарық еркін жағ­дайда емес пе? Әйтсе де ондағы жайт мүлде өзгеше. Сонда қалай, ондағы саудагерлер жаппай ақпейіл, адал ниеттілер ме? Олай емес. Ерік берсе, олар да бағаларды ақылға қоным­сыз ұшырып жіберер еді. Тек оларға мұндай мүмкіндікті кім береді? Тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғамдар Еуропада қатаң жұмыс жасайды. Мемлекеттік жүйелер де шектен шыққандарға аяусыз жаза қолданады. Іскерлерді онда ретсіз баға көтергендері үшін және тұтынушы­ларды алдап-арбағаны үшін қатаң жазалайды.
Ең алдымен, оларды тұтынушы­лар­дың өзі жазасын береді. Дүкендерге бармай, ондайлармен сауда жасамай, діңкелерін құртады. Бір алданған сауда орнына олар екінші рет аяқ баспайды.
Біздегі сатып алушылар, әри­не, жаза көргендер күйінде көп аса «еркінси» алмайды. Отандық нары­ғымызда, Батыстағыдай емес, бәсекелестік аса дами қоймаған. Онлайн-дүкендер болмаса ғана. Айта кету керек, соңғы кездері біздің отандастарымыз интернет-шопингпен айналыса бастады. Бұл әсіресе дүкендерде қытайлық тауарларды асыра бағамен саудалаушылар үшін қауіпті жаңалық. «АлиЭкспресспен» баға тұрғысынан олар бәсекеге түсе алмасы анық.
Оның үстіне таяу уақытта онлайн-шоптар арқылы енді азық-түлік те сатып алуға мүмкіндік тумақшы. Мәселен, Ресейде көптеген ауыл шаруашылығы фермерлері өздерінің өтімді өнімдерін сатуға шығарып отыр. Біздің де ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерімізге көршілеріміздің тәжірибесін пайдалануға әбден болады ғой. Ал, «Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілеріміздің сатуға шығарар тауарлары бар ма?» деген сауал, бұл – басқа әңгіме. Оған кейінірек кеңірек тоқталамыз.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру