Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Атқарылып жатқан істер ойдағыдай

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері «Әскери өнімді» жүзеге асырды. Кеңес төрағасы, белгілі журналист Сергей Пономарев Алматы, Астана, Тараз және Семей қалаларындағы әскери бөлімдерге барып, жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша несиелендіру шарттарын түсіндіріп, әскери қызметшілердің пікірлерін біліп қайтты. Бұл туралы ол Алматы қаласында өткен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Қоғамдың кеңесінің кезекті отырысында айтып берді. Шараға банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты.

– Әскери бөлімдерге жасалған сапар нәтижесінде банк клиенті атанған Отан қорғаушылардың пікірлері мен ескертулері жиналды. Қолға түскен ақпараттың бәрін банк басшылығына тапсырдым және алдағы жылы әскери қызметшілердің бұл ұсыныстары ескеріледі деп үміттенемін. Қазір оларға 1 800-ден астам жеңілдетілген заем берілгені, ал 300-дей несие өтінішінің қарастырылып жатқаны белгілі. Банктің қолдауы мен Қоғамдық кеңестің бақылауының арқасында әскери мамандар пәтер жалдаушыдан баспана иесі мәртебесіне өтіп жатыр. Бұл игі іс жалғасын таба береді деп сенемін, – деп атап өтті Сергей Пономарев.
Сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп екінші жыл қатарынан «Жасыл мекен» акциясын өткізді. Бұл жоба банк салымшыларының аулаларын көгалдандыруға арналған. 2018 жылы «Жасыл мекен» акциясы 25 000 қазақстандықты қамтыды, 1000-нан астам ағаш отырғызылды.
Жаңа жобалар мен акциялардан бөлек Қоғамдық кеңес мүшелері банкпен бірігіп тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің ең басты мақсатын, яғни табысына қарамастан барлық азаматтарға қаражат жинап, кейін үй сатып алуға немесе салуға тиімді несие ресімдеу мүмкіндігін беруді насихаттауды жалғастырып келеді. Бұл бағытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшысы Ләззат Ибрагимованың қатысуымен оқыту семинарлары және фасилитациялық сессиялар өтті. Қоғам және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырыл­ған шараларда қаражат жинау білу қасиетінің пайдасы және қаржылық қағидалары мәселелері талқыланды.
– Халықтың қаржылық сауаттылығының өсуі Қоғамдық кеңеспен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижелі болғанын білдіреді. Бұған тұтынуды емес, қаражат үнемдеп, ақша жинауды жөн көрген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары санының өскені дәлел. 2018 жылдың 11 айы ішінде банкте 347 574 жаңа депозит ашылды. Жалпы алғанда біздің банкте қазір 1,2 миллионнан астам адам баспаналы боламын деп қаражат жинап жатыр. Олардың шоттарындағы жалпы жинақ сомасы 583,3 млрд теңгені құрайды, – деді Ләззат Ибрагимова.
Болашақта банк клиенттері сапалы және жайлы үйлерде тұруы үшін қазір Парламент Мәжілісінде елдің тұрғын үй қорына күрделі жөндеу жүргізуді қаржыландыру мәселесі талқыланып жатыр. Ләззат Ибрагимова отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелерімен бұл бағыттағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің рөлін бірлесіп талқылады.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ болып табылады.

Айжан ЖАСБАТЫР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру