Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Елбасы индустрияландыру бағдарламасының маңызын атап көрсетті

Осы сейсенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру күні аясында «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті. Аталған шарада еліміздің әр өңірімен тікелей байланыс орнап, онлайн режімде бірқатар индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлық жобалар іске қосылды.

Маңызды іс-шара басталмас бұрын Елбасы индустрияландыру мен цифрландыру жобалары назарға ұсынылған көрмені аралап көрді.
Индустрияландыру күніне ар­нал­ған телекөпір барысында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылды.
– Бүгін біз тағы да индустрия­лан­дырудың биылғы қорытындысын жасадық. Баршаңызды жаңа жоба­лардың іске қосылуымен, жаңа ма­ман­дықтардың пайда болуымен және ел тұрғындарының жаңа табысымен құттықтаймын, – деді Қазақ­стан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі қалыптасқан жағдайларға қара­мастан, елімізде құрылымдық өзгерістер мен институционалдық реформалардың іске асырылып жатқанына тоқталды.
– Біз ел экономикасын әртарап­тан­­дыру жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру, инвестициялық ахуал мен сот жүйесін жақсарту жөнінде ауқым­ды жұмыстар жүргізілуде. Былтыр еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Биыл Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөнінде жария еттім. Қазіргі Жолдаудың негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бүгінде еліміздің алдында экономиканы одан әрі әртараптандыру, инфра­құрылымды жақсарту және өнім­ділікті арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды.
– Біз индустрияландыру кезе­ңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі екенін айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық даму және көлік-логистика салаларында жүзеге асырылған жобалар жөнінде әңгімеледі.
– Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолайлы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы біз рекордтық көрсет­кішке қол жеткіздік – елімізде 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қамтитын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр, – деді Мем­лекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Прези­денті экономиканың түрлі салаларын цифр­ландыру және бірқатар кәсіпорынның өндіріс үдерісіне иннова­циялық ше­шім­дерді енгізу барысына тоқтал­ды.
– Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қамти отырып, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру индустрияландыру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін дамудың түбе­гейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі эконо­микалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы индустрия­лан­­­дырудың үшінші бағдарла­масының стратегиясын нақты нә­ти­­желерге бағыттай отырып, жан-жақ­ты пысық­тау керек екенін атап өтті.
– 2025 жылға қарай еңбек өнім­ділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнін­де тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорын­дарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады, – деді Қазақстан Прези­денті.
Елбасы өңдеу өнеркәсібінің бар­лық буынында салалық басымдық­тардан тиімді өндірушілерге қолдау көрсетуге көшу үдерісі жүргізіле­тінін айтты.
– «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынтыландыру қажет. Технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының им­портын алмастыруға күш жұмыл­ды­руымыз керек. Менің тапсырмам бойынша екінші деңгейлі банк­тердің басымдыққа ие жобаларын несиелендіру үшін қосымша 600 миллиард теңге бөлінетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырудың және жеке секторды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
– Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қыз­меттер нәтижесін енгізу жөнін­дегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев Университетінде 120 ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндеттерді шешуді көздейтін нақты кәсіпорындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуға тиіс, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті индус­трия­­лық даму үдерісіне «Астана» ха­лық­­аралық қаржы орталығы мен IТ-стартаптардың халықаралық техно­паркін тарту қажеттігін айтты. Бұл ретте, Үкіметке әртараптандыру және ин­дустрияландыру мәселеле­рін ке­шен­ді түрде шешуге күш жұ­мыл­дыру жүктелді.
Іс-шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын мара­паттады, сондай-ақ бизнес­пен айналысуға қолайлы жағдай жа­са­ғаны үшін өңір басшыларына арнайы награда берді.

Өндірісті өркендетер кәсіпорындар  іске кірісті

Соңғы жылдары әдетке айнал­ған­дай, Президент биыл да еліміздің өндірісі мен өнеркәсібін өркендетер жаңа кәсіпорындардың іске кірісуін бастап берді. Атап айтқанда, осы телекөпір барысында Қазақстан Президенті «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» мен Қарағанды облысының катодты мыс өндіретін «Алмалы» кен орнындағы құрылы­сы аяқталған «Sary-Arka Copper Processing» кәсіпорнын іске қосуға жеке өзі атсалысты.
Сонымен қатар, машина жасау және құрылыс индустриясы саласында Павлодар облысындағы «Проммашкомплект» темір жол доңғалақтарын өндіретін кәсіпорын онлайн-режімде іске қосылды. Бұл кәсіпорын темір жол доңғалақтары өндірісін жылына 75 мыңнан 200 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Телекөпір барысында тіке­лей байланысқа шыққан «Проммаш­комплект» ЖШС басқарма төрағасы Дәулет Сыздықов былай деді:
– «Проммашкомплект» ЖШС жы­лына 200 мың темір жол дөң­гелегін шығаратын зауыт құрылы­сын аяқтады. Жоғары технологиялы жоба құны 54 млрд теңге, оның 36 млрд теңгесі – Қазақстан Даму банкінің кредиттік қаражаты. Өндірістік қуатқа шыққаннан кейін «Проммашкомплект» штаты мың адамнан асатын болады. Өнімнің үштен екісі сыртқы нарыққа шыға­рылады.
Ал «Alageum Electric» АҚ бақы­лау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев Қазақстан тарихында бірінші болып кернеуі 220 кВ трансформаторлар өндірісі жолға қойылғанын атап өтті.
Сондай-ақ телекөпір барысында Шымкенттегі қуаты 110-220 кв трансформатор шығаратын «Asia Trafo» зауыты, Қызылорда облы-сындағы қуаты жылына 1 млн тонна болатын «Гежуба Шиелі Цемент» Қазақстан – Қытай инвестицялық жобасы, Алматыдағы қуаты жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін «Green Recycle» ЖШС кешені және Петропавлдағы қажетті халық тұтынатын тауарлар мен полимер­лерді толық циклда қайта өңдейтін «Радуга» ЖШС металл-пластикалық бұйымдар зауыты да жұмысын бастады.
Бұған қоса «KEGOC» АҚ 500 кВ «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» жоғары қуатты электр желісі іске қосылды.
− Тәуелсіздіктің 27 жылында «KEGOC» ұлттық компаниясы «Сол­түстік – Шығыс – Оңтүстік» жо­ба­сының екінші кезеңін іске қо­суға дайын. Жоба бюджет қаража­тынсыз жүзеге асты. Құрылыс барысында 500 кВ жаңа үш қосалқы станса мен 1770 шақырым электр желісі салынды. Жобаның арқасында сұранысы артып келе жатқан елі­міздің оңтүстік аймағы электр қуа­тымен қамтамасыз етіліп, шығыс өңірінде тау-кен өнеркәсібінің дамуына жағдай туады. Осылайша біз Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттырамыз, – деді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев. Елбасы аталған энергетикалық кешендердің жұмы­сына сәттілік тіледі.
– Бірінші айтылған кешен баяғыдан бері армандап жүрген іс – Шығыс Қазақстан арқылы Талдықорған мен Алматыны электр жүйесімен қосу болатын. Ол болмай тұрған кезде Алматы облы­сының орталығы Талдықорған қаласы электр энергиясы жүйесінен шеттеу еді. Мінеки, қазір тұңғыш рет екі өңірді өркендету үшін электр қуатын іске қостық. Бұл өте қуа­нышты жағдай, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет бас­шы­сы еліміздің оңтүстігінен орталыққа қарай «Сарыарқа» магистральді газ құбырының тартылып жатқанын, бұл жұмыстың халықтың әл-ауқа­тын жақсарту үшін жасалу үстінде екендігін баса айтты.
– Баршаңызды бүгінгі маңызды оқиғамен, өндірістің дайын бол­ға­ны­мен құттықтаймын. Іске қо­сайық, ақ жол, сәтті болсын! – деді Президент.
Сондай-ақ бұл күні Ақтөбе облысында қуаты 300 млн м3 болатын Қожасай кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы жұмыс істей бастады. «Баламалы энергетика» саласында «Samruk Kazyna – United Green» ЖШС Жамбыл облысында қуаты 100 МВт болатын Қазақстан-Британ бірлескен жобасы – «Бурное» күн электр стансасын пайдалануға берді.
Бұған қоса Маңғыстау облы­сының Түпқараған ауданын­дағы «KТ Редкометальная компания» ЖШС бірлескен кәсіпорны жел энергетикасының бірінші кезеңі іске қосылды.
Телекөпір барысында Атырау облысындағы аграрлық сектор бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған «Карат» ЖШС авто­мат­тандырылған диірмені, Ақмола облысындағы соңғы жылдары аг­рар­лық саладағы ірі жобалардың бірі саналатын қуаты жылына 50 000 тонна ет өндіретін Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңі, сондай-ақ Арқалық қаласындағы ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені пайдалануға берілді.
Бұлардан басқа, тамақ өнеркә­сібі саласында Mareven Food Hol­dings трансұлттық холдингінің Алматы облысындағы ұнды терең өңдей­тін және тамақ өнімдерін дайындайтын зауыты да өз жұмысын бастады.
Индустрияландыру күні аясында Түркістан облысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қосылды. Онда құрғақ сүт, балалар тағамы және энергетикалық сусындар әзірленеді.
Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастаманың бірі ретінде Астананы газдандыру жобасындағы Қызылорда – Жезқазған – Қара­ғанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-кезеңін іске қосуға пәрмен берді.
Сондай-ақ Президент онлайн-режімде республика тарихындағы алғашқы концессиялық жоба – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы құрылысының барысын бақылады. Онда 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен қатар Президент Батыс Қазақстан облысындағы елімізді Ресеймен және Шығыс Еуропамен байланыстыратын Орал – Тасқала автожолы учаскесінде автокөлік қозғалысын ашты.
Ал «Цифрлық Қазақстан» бағ­дар­ла­масын іске асыру нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының Озерка ауылы мен Жамбыл облысына қарасты Өрнек ауылының тұрғындары кең жолақты интернетке қол жеткізді.
– Қазақстандағы ауылдарды цифрландыруда негізгі рөл атқа­ратын стратегиялық жобаны іске асыру мүмкіндіктері үшін алғыс айтамыз. 3 718 ауылдық мемлекеттік мекемелерде алдыңғы қатарлы технологияларға қолжетімділік пайда болады. Осы орайда алғашқы болып қосылған нысандардың бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Озерка ауылындағы орта мектеп. Бұл технологиялардың игілігін педагогтер мен оқушылар көреді, – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Өз кезегінде «Транстелеком» АҚ корпоративтік дамыту және құқықтық мәселелер жөніндегі вице-президенті Елнар Адайбеков ауылдық жерлерді цифрлан­дыру білім саласын ғана емес, сонымен қатар медицина мен мемлекеттік қызмет көрсету салала­рын да өз­герткенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба арқасында Өрнек ауы­лының тұрғындары жылдам­дығы секундына 20 Мбит сапалы интернеттің пайдасын сезініп, цифрлы кеңістіктің алғашқы тұ­тыну­шыларына айналды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру мүмкіндігінің арқа-сында еңбек өнімділігі артып, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасатынын жеткізді.
Цифрландыру аясында Екібас­тұзда Орталық Азиядағы ең ірі дата-орталық, Қостанайда еліміздегі ең цифрлы диірмен кешені – «Бест Костанай» ЖШС іске қосылды. Астанада модем, коммутатор және автоматты цифрлы телефон стансасын өндіретін «DigitalSystemServis» ЖШС зауыты құрылды. Алматыда прибор жасау және радиоэлектроника инновациялық «Kaz Tech Innovations» ЖШС зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әуе жүк тасымалы саласында e-Freight және «Қазпошта» компаниясының фулфилмент-орта­лық – қағазсыз құжат айналымы ақпараттық жүйесінің жұмысын, «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды басқару digital-жүйесін іске қосты.
Индустрияландыру бағдарла­масы іске асырылған жылдары барлығы 6,6 трлн теңгеден астам соманың 1 148 жобасы іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Соның ішінде индустрияландырудың бірінші бесжылдығында (2010-2014 жылдар) Индустрияландыру картасы аясында 3 трлн теңгенің 770 жобасы іске қосылып, 76 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғалы (2015-2017 жылдар) 3,1 трлн теңгенің 378 жобасы іске қосылып, 31 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2018 жылы жалпы сомасы шамамен 1,2 трлн теңге болатын 100 нысан қатарға қосылып, 13 мың адамға жұмыс берілген.
Жоғарыда атап айтқанымыздай, жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыс етті. Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіндегі республи­калық «Парыз» сыйлығының бас жүлдесі, Президенттің гран-приі «Қазцинк» компаниясына табысталды. Бұдан бөлек, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында «AZALA Textile» ЖШС лайықты деп танылса, «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша «KazTechInnovations» ЖШС топ жарып, Елбасының қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды.
Айта кету керек, «AZALA Textile» ЖШС мақта-мата өнімін халықаралық өндіруші ретінде танылған. Компания экспортының үлесі 65 пайызды құрайды. Ал «KazTechInnovations» ЖШС біре­гей көзілдіріктер шығарады. Бұл құрылғылар 360 градус режімде бейнетүсірілім жасауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса рейтинг қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы үздік деп танылды. Сондай-ақ Қызылорда облысы бизнес жүргізуге жағдай жасаған үздік өңір ретінде алға шықты.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру