Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Өндіріс тиімділігі және инновациялық технологиялар

Алматыда III Орталықазиялық агротехнологиялық саммит өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған саммит ауыл шаруашылығы саласындағы білім, ғылым, бизнес өкілдерінің озық ой, пікір-ұсыныстарын ортаға салып, іс-тәжірибе алмасатын алаңына айналып үлгерді.

Саммит жұмысына USDA, FAO, UNESCO, Азия даму банкінің сарапшылары, орталық мемлекеттік органдардың, даму институттарының, жергілікті атқарушы органдардың, салалық қауымдастықтар, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының, үкіметтік емес ұйым­дар және ірі агроқұрылымдардың басшылары қатысты.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін инновациялық бағытта дамыту мәселелеріне арналған жиынды Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық аграрлық университеті Агротехнологиялық хаб және Азия даму банкімен бірлесіп ұйымдастырды. Басты мақсат – еліміздің өндіріс қажеттіліктерін, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған аграрлық саясатын жүзеге асыру, білім генерациясы үшін тиімді экожүйе құру және әлемдік озық тәжірибелерді жинақтау.
Форум жұмысына төрағалық еткен ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов маңызды жиын мінберінен агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытта дамыту мәселелері бойынша кең көлемді мазмұнды баяндама жасады. Қатысушылар ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін көтеру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық сектордың барлық саласы бойынша табысты жұмыс жасау мүмкіндіктеріне кең жол ашатын ғылыми жаңалықтары және іс-тәжірибелерімен бөлісіп, агроөнеркәсіп кешен дамуындағы өзекті мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Форум аясындағы тақырыптық сессиялар мен дөңгелек үстелдер барысында ауыл шаруашылығының ресурстық әлеуетін бағалау көрсет­кіш­тері мен заманауи трендтері, оның ішінде су және жер ресурстары, 2027 жылға дейінгі аграрлық нарық­тың дамуы, аграрлық бизнестегі сандық технологиялар, егін және мал шаруашылығының өнімділігін арттыру, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін жаңыртуға инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Бір алаңда жетекші агроқұрылымдар мен кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, бизнесқұрылымдар, ғылыми-зерттеу, даму институттары, шетелдік жоғары оқу орындары мен АҚШ, Италия, Нидерланд, Германия, Түркия, ТМД елдері ғылыми орталықтарының жетекші мамандары озық тәжірибелерімен бөлісіп, инновациялық технологиялар мен жаңа білім трансфертін іске асыру бағыттарын саралады.
Аграрлық сала алдында тұрған 2022 жылға қарай еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыру міндетін іске асыру аясында суармалы егін шаруашылығын әрі қарай дамыту көзделген. Форум барысында «ҚР су ресурстарын кешенді басқару» атты дөңгелек үстел басындағы әңгімеде осы мәселеге ерекше көңіл бөлінді.
Биыл шілде айында агроөнеркә­сіп кешенін дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы жаңартылды. Бағдарла­маны іске асыру жоспарында ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға еңбек өнімділігін 2,5 есеге – 4,0 млн теңгеге, қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есе – 2,7 млрд АҚШ долларына дейін өсіру, саладағы жалпы өнім көлемін 2 есеге ұлғайту, негізгі капиталға инвестицияларды 3 есеге, тартылған несие қорлары көлемін 2021 жылға қарай 2017 жылдың деңгейіне қарағанда 9 есеге дейін арттыру қарастырылған.
Мемлекеттік бағдарлама аясында суармалы егін шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға ар­налған салалық инвестициялық бағ­дарламасының тұжырымдамасы жасалады. Өз кезегінде салалық бағдарлама бойынша 2021 жылға дейін 610 мың га суармалы жерді, оның ішінде биыл 65 мың гектарды айналымға қосу көзделген болса, бүгінде 41,9 мың га суармалы жер енгізілді (атап айтқанда, Алматы облысы бойынша – 11,6 мың га, Ақтөбе облысында – 5,2 мың га, Жамбыл облысында – 17,4 мың га, Шығыс Қазақстан облысында – 2,7 мың га). Қалғаны жыл соңына дейін енгізілетін болады.
Жалпы алғанда, осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Ислам даму банкі және Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып 128 мың гектар суармалы жердегі (Алматы облысында – 35,4 мың га, Ақтөбе облысында – 16,0 мың га, Жамбыл облысында – 51,0 мың га, Түркістан облысында – 25,7 мың га) суғару жүйелерін қалпына келтіру үшін 100 млрд теңгеден астам сомаға бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар аталған салалық бағдарлама аясында 1,5 миллион га жаңа суармалы жерлерді айналымға қосу арқылы оның көлемін 3,5 миллионға дейін жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта пайдаланылып отырған суармалы жерлердің ауданы 1,4 млн гектарды құрайды. Осылайша, суармалы жерлердің үлесі жалпы егістік алқабының 16% құрайды, ал жалпы жиынтық өнім көлемі – 2,4 триллион теңге деңгейінде.
Қазіргі таңда жерді суландыру, цифрлы және инновациялық технологияларды енгізу үдерістеріне ерекше көңіл бөлінуде. Министрлік жергілікті жерлерде агросүйемелдеуді, әрбір өңірдегі фермерлер үшін қажетті технологияларды ұсыну және оларды сақтауды жүзеге асыратын агропарктер мен өңірлік орталықтар жүйесін, сондай-ақ қазіргі заманауи технологияларды көрнекі көрсететін полигондар құру жұмысын қолға алды.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру