Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Өңдеуші секторға серпін беріледі

«Қарапайым заттар экономикасы»  қалай дамымақ?

Биылғы Жолдауда өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсету мәселесіне баса мән берілді. Экспортқа бағытталған индустрияландыру ісін ілгерілету бойынша Президент тапсырмаларын орындау тәсілдерімен Үкімет Үшінші индустрияландыру бағдарламасының тұжырымдамасын әзірледі.

Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарымен сабақтастырыла, негізгі бастамалар мен қағидалар ескеріле отырып әзірленді.

Тұжырымдаманың негізгі ережелері мен тәсілдері Атамекен ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының және салалық қауым­дастықтардың қатысуымен жасалды. Сонымен қатар Экономика жөніндегі сараптамалық кеңестің отырысында қаралып, толық мақұлданды. Оған қоса, Тұжырымдама бойынша негізгі тәсілдер Мәжіліс депутаттарына да таныстырылды. Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараты бойынша, құжат «қара­пайым заттар экономикасын» дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі экспортшыларды қолдау, шетелдік инвестицияларды қоса алғанда, жеке инвестицияларды тарту арқылы ірі, үздік жобаларды іске асыру тәрізді бағыттарды қамтиды. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған индустриялық саясатты жүзеге асыруда қолданыс­тағы институционалдық және инфрақұрылымдық негіз барынша пайдаланылады.
ИДМ мәлімдеп отырған­дай, қазіргі таңда белсенді индустриялық саясат жүргізіле бастағаннан бері өңдеу өнер­кәсібін дамыту үшін база­лық жағдайлар жасалған. Бұл тұрғыда кәсіпкерлерді қолдау құралдарының барлы­ғын біріктіретін және даму институттарының қызметін айқындайтын Кәсіпкерлік кодекстің қабылдануы, Бәйтерек холдингінің құрылуы және мамандандырылған қолдау инс­титуттарының дамуы өң­деу өнеркәсібіндегі барлық аспекті­лерді қамтуға мүмкіндік берді.
Қажетті өнеркәсіп инфра­құрылымын дамыту арқылы өңдеу өнеркәсібін жүйелі қолдау жалғасын тапты – 12 арнайы экономикалық аймақ құрылды, олардың ішінде Инновациялық технологиялар паркінің, Оңтүстік, Қорғас-Шығыс қақпасы АЭА-ның инфрақұрылымдық әзірлігі толық делінсе, толық немесе ішінара аяқталған инфрақұрылымы бар 22 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Тағы 7 индустриялық аймақтың құрылысы жүріп жатыр және 9-ы жобалануда. Адам капиталын дамыту жұмыстары жалғасын тауып, екінші бес­жылдық аясында кадрлар даярлау бойынша 11 жоғары оқу орны анықталған. Сол секілді, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және базалық секторларда – металлургия, мұнай өңдеу және химия өнеркәсібінде жаңа инвестициялық жобалар атқарылуда. Өңдеу өнеркәсібінде металлургияда, машина жасау­да, химияда, фармацевтикада, құрылыс индустриясында шығарылатын өнім номенклатурасы кеңейтілуде.
Алайда, өңдеу өнеркәсібінің одан әрі сапалы өсімі мен тұрақты бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тұтас мәселелер кешенін шешу қажет. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынатын инвестиция ағынының жетіспеуі басты проблема болып қалуда. Мәселен, 2010-2017 жылдар аралығында негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,3 есе өсті. Бірақ, бұл өсім қарқыны саланың жалпы қосылған құнымен салыстырғанда негізгі сауда серіктестерінен артта қалып отыр: Қазақстан – 17%, Ресей – 20%, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша – 26%. Екіншіден, кәсіпорындардың сыни массасы құрылмаған. Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіпорын саны 1,3 есе өсті. Алайда, бұл көрсеткішке экономикалық тұрғыдан белсенді халыққа қатысты Қазақ­стан Ресейден 2,2 есе және Эко­номи­калық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінен шамамен 6 есе артта қалып отыр. Үшінші, шығарылатын өнімнің «күрделілігі» төмен. Гарвард университетінің «экономикалық күрделілік» көрсеткіші бойынша Қазақстан 84-ші орынды иеленді, Ресей – 48-ші және Беларусь – 31-ші орында. Осы мә­се­лелердің шешімі Үшінші индустрияландыру бағдарламасының Тұжырымдамасындағы тәсілдердің негізіне алынған.
Ішкі және сыртқы нарықтарда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру – индустриялық-инновациялық саясаттың негізгі мақсаты. Бұған қол жеткізу үшін индустрияландыруды тереңдету, сыртқы нарықтарда сұранысқа ие болған, өңделген тауарлардың өндіріс көлемін, номенклатурасын және күрделілігін арттыру, өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту секілді ауқымды міндеттерді шешу қажет. Бұл ретте кәсіпорындардың тиімділігін арттыру, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету, кәсіпорындарды өсу нүктелеріне ұтымды орналастыру және өндіруші кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті пулын құру маңызды. Сонымен қатар өнер­кәсіп қуатын арттыру міндеті жаңа өндірісті игеруді ынта­ландырумен, трансұлттық компа­ниялардың және шетелдік ин­весторлардың қатысуымен капитал сыйымдылығы жоға­ры өндірістерді ашумен және өңдеу өнеркәсібі орындарына қажетті шикізат берумен байланысты шешіледі. Осы орайда, ИДМ проактивті сауда саясатын жүргізу, өсу нүктелерінде мамандандырылған өндірістік факторларды алдын-ала құру, капиталды және ғылымды қажет ететін жаңа өндірістерді ашу, ішкі және сыртқы нарықтарда тиімді кәсіпорындарды тікелей қолдау, индустрияландыру саясатын үй­лестіру, қаржыландыру, реттеу және қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру сияқты индустриялық-инновациялық дамудың басым бағыттарын алға қоюда. Өткен екі бесжылдық заңнамалық жә­не инфрақұрылымдық негізді қалады. Осы кезеңде өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті институттар құрылып, мемлекеттік қолдау шаралары ілгері жылжыды. Ендігі жерде үлкен нарықта, бірыңғай экономикалық кеңістікте өнім­де­ріміздің еркін қозғалуын қамтама­сыз етіп, жаңа жағдайда жұмыс істеуге, қосымша табыс тетіктерін қарас­тыруға бейімделу қажет.
Үшінші индустрияландыру бағдарламасы алдыңғы екі бесжылдықтан біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында тиімді өндірушілерді қолдау үшін салалық басымдықтардан ауысуды жүзеге асырумен ерек­шеленіп отыр. Екіншіден, өнді­рілетін өнімнің, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың жаңа номенклатурасын игеруге, қолданыстағы номенклатураны кеңейтуге және «күрделендіруге» күш салынады. Үшіншіден, бизнестің нақты көрсеткіштерге: жаңғыртуға, экспорттың өсуіне қол жеткізуіне тікелей қолдау көрсетілетін болады. Төртіншіден, өнеркәсіптің цифрлық дәуірге дайындығы аясында қажетті ин­фрақұрылым мен стандарттар жасалады. Сөйтіп, теңгерімді даму моделіне негізделген кәсіп­орындарға қолдау көрсету жалғаса бермек. Кәсіпорындар жаңадан құрылған сәттен бастап – аяғынан тік тұрып, табысқа жеткен кезге дейін дамудың барлық кезеңінде кешенді қолдауға ие болады. Тіпті оларды үш топқа бөліп, ұдайы назарда ұстау көзделген. Мысалы, «мықты тылға» кіргендері – бұл өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары, олардың есебі­нен халық тұтынатын тауарларды қоса алғанда, отандық өні­мнің көлемі мен сұрыпталымы кеңейтіледі. Сондай-ақ болашақ экспорттаушылардың пулы құрылады. «Бәсекеге қабілетті өндірушілер» – бұлар жұмыс істеп жүрген экспорттаушылар, олар­дың міндеті – экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту және күрделілігін арттыру. Ал «салмақты орталықтар» категориясында негізгі салалардағы, сондай-ақ трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қатысатын ірі, капиталды қажет ететін жобалар бар. Олардың есебінен өнеркәсіптік жартылай фабрикаттардың жаңа түрлерінің өндірісі игеріліп, қажетті шикі­зат берілетін болады.
Осылайша, Үшінші Индус­трияландыру бағдарламасының қорытындылары бойынша 2026 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде: негізгі капиталға салынған инвестицияны 2 есеге, еңбек өнімді­лігін 1,7 есеге, өңделген тауарлар экспортын 2,3 есеге өсіру, эко­но­микалық күрделілік индексін 55-ші орынға дейін көтеру, эко­номикалық белсенді халықтың 1000 адамға шаққанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2,3 есеге ұлғайту секілді негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр. ИДМ ақпараты бойынша, Үшінші индустрияландыру бағдарламасының Тұжы­рым­дамасына қатысты айтыл­ған тәсілдер экономикаға қосыл­ған құнды одан әрі ұлғайтуға ба­ғытталған жұмысты күшейтіп, өндірілетін тауар қоржынын то­лықтыруға, сонымен қатар сырт­қы нарықтарға қатысуды кеңей­туге жағдай жасайды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру