Валюта бағамы: $ 376.73 427.36 5.75 ¥ 56.07

КҚК жүйесі он бір айда 55,129 миллион тонна шикізат тасымалдады

Қазақстан экномикасының мұнай-газ секторы жаңа жетістікке жетті. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) үстіміздегі 2018 жыл барысындағы қаңтар мен қараша айларының аралығында 55,129 миллион тонна көлемінде шикі мұнай тасымалдаған екен. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың салыстырмалы кезеңіндегі жетістікпен салыстырғанда, 10,45% пайыз артық көрінеді. Бір ғана қараша айының барысында осы жүйе арқылы мұнай экспорттау көлемі 5,154 миллион тоннаға жеткен (былтырғы көрсеткіш – 5,001 миллион тонна).

КҚК Теңіз бен Қазақстанның басқа да бірқатар мұнай кеніштерінен Қара теңіздің жағасындағы Ресейдің Южная Озерейка-2 терминалына дейін созылып жатқан 1,5 мың шақырым болатын құбырдың қожайыны болып табылады. Жобаның I кезегі 2001 жылдың күзінде іске қосылды. Күндік есеппен (к/е) алғанда, оның қуаты сол тұста 565 мың баррельге тең еді. Инвестициялық жоспардың II кезегі жүзеге асқан күнде бұл көрсеткіш 1,34 млн. баррельге дейін ұлғаюға тиіс болған.
Бірақ сол II кезекті іске қосуды қолға алу мәселесін біржақты қылу ұзаққа созылып кетіп, ол енді ғана шешіле бастаған сыңайлы. Соның арқасында көрсеткіштер де өсе бастады. КМҚК (Каспий мұнай құбыры консорциумы) 2017 жылы 55,107 миллион тонна шикізат тасымалдады. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 24,4%-ға артық. Басқаша айтқанда, КМҚК жүйесі арқылы тасымалданатын шикізат көлемі жылдан жылға үстемелеп артып келе жатқанға ұқсайды.
Осы транспорттық жүйенің II кезегін іске қосу, яғни оның тасымалдау мүмкіндігін 28-ден 67 миллион тоннаға дейін ұлғайту мәселесі 2007 жылы ақпан айында Мәскеуде өткен Каспий мұнай құбыры консорциумы (КМҚК) акционерлерінің кезектен тыс жиналысында қаралған. Сол жолы тиісті шешім қабылдаудың реті келмеді. Содан, не керек, КМҚК-нің II кезегін толығымен іске қосуға тек үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана қол жетті. Осы мәселені шешу неліктен сонша ұзаққа созылды? Бұл жерде бір айта кететін нәрсе мынау.
Мәскеу өзінің әлгі мәселенің оңынан шешілуіне келісуі үшін тасымал тарифінің өсірілуін және КМҚК-нің Ресейге бережақ қарызы сол ре­сейліктердің қайта қаржыландыруға қосқан үлесі деп есептелуін талап ететінін танытты. Бір сөзбен айтқанда, ол қалған акционерлердің осындай талаптарды қабылдауын қалайтынын білдірді.
Ресей ең ірі акционер ретінде жобаның әрі қарай ұлғайтылуын өзінің осындай шарттарымен ұштастыруға мүдделілік танытты. Бірақ сол тұста оның тасымал тарифін көтеру туралы ұсынысы КМҚК-нің қалған қожайындарына, оның ішінде әсіре­се батыстық акционерлерге онша қолайлы емес болатын. Өйткені осы құбырды шикізатпен қамтамасыз ететін – солар. Тасымал тарифі өссе, олардың сол экспортқа шығарып жатқан мұнайының өзіндік құны артады. Ал Ресей үшін бұндай жағдайда Теңіз-Новороссийск құбырын пайда­ланғаннан түсетін таза табыс көбейеді.
Қалай болғанда да, сол жолы КМҚК акционерлері бұл мәселені бір­жақты қылып шеше алған жоқ. Бұған мүдде қайшылықтарының туындауы себепші болды. Дегенмен, сол жолғы жиналыста КМҚК-нің «Шеврон» корпорациясы бастаған батыстық акционерлері құбырдың тасымалдау мүмкіндігін арттыру мәсе­лесінің орнына соның жұмыс істеп тұрған учаскелерінің бірінде жөн­деу жұмыстарын жүргізу мәселесін қарауды ұсыныпты. Яғни Ресей тарапы өз талаптарын талқылатуға қол жеткізе алмаған.
Нәтижесінде КМҚК транспорттық жүйесін ұлғайту жұмыстары тек 2011 жылдың 1 шілдесінде ғана басталды. 2017 жылдың 12 қазанында Каспий мұнай құбыры консорциумы екінші кезекке қатысты барлық нысандардың іске қосылғанын жария етті. Яғни КМҚК транспорттық жүйесінің тасымалдау мүмкіндігін 28-ден 67 миллион тоннаға дейін ұлғайту мәселесін оңтайландыру он жылға созылған. Қалай болғанда да, бұл іс шешімін тапқан.
Каспий мұнай құбыры консорциумында (КМҚК) ең көп үлесі бар акционер – сол Ресей Федерациясы. Оның иелігіне КМҚК акцияларының 24%-ы кіреді. Ал олардың қалғаны былайша таратылған: «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ – 19%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKARCO B.V. – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, «КТК Компани» – 7%, BG Overseas Holding Limited – 2%, «Эни Интернэшнл Н.А Н.В. С.ар.л.» – 2%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.
Теңіз-Новороссийск бағытымен келетін және алдағы уақытта көп болады деп есептелетін мұнайдың бір бөлігі бұрынғыша танкерлермен Босфор бұғазы арқылы сатып алушыларға тікелей жеткізіле бермек. Ал екінші бөлігі үшін сол бұғазды айналып өтетін жол табу керек. Яғни бір мәселе шешілгенмен, енді тағы бір мәселе шығып отыр. Өйткені Түркия мемлекеті танкерлермен Босфор бұғазы арқылы өтуге қатысты жаңа шектеулер қоятынын жақында жария етті.
Әзірше ондай 1 бағыт туралы әң­гіме бар. Ол Түркияның үстімен (Самсун-Джейхан бағыты) өтпек. Бұл ба­ғытты қолдаушылар батыстық компаниялар игеріп жатқан Қазақстан мұнайына үміт артады. Ал аналар ше? Кезінде Қашағанда жұмыс істеп жатқан консорциумның операторы болған Eni компаниясы Самсун-Джейхан бағытын, яғни Түркияның ұсынысын қолдайтын көрінеді.

Марал САЛЫҚЖАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру