Валюта бағамы: $ 377.95 431.2 5.66 ¥ 55.93

Әлемдік жетістіктердің ұлттық идеалға айналуы қажет

Алдымен мынадай бір жайт туралы. Осыдан алты жылдан астам уақыт бұрын, 2012 жылғы тамыз айының басында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Франция азаматынан хат келіп түсті. Онда Экс-ле-Бен қаласының тұрғыны Жан Мишель Гийон әңгімені жыл сайын әлемнің ең мәртебелі «Тур де Франс» веложарысы өткізілетін Францияда велоспорттың кеңінен танымал екенін айтады.

Бұдан соң ол Александр Винокуровты тілге тиек етеді. Француз жанкүйері қазақстандық осы велошабандоздың «басқа спортшылардан жарысқа қатысушылардың бәріне құрметпен қарайтынымен ерекшеленетінін әңгімелейді» және «осы бір мінезі арқылы оны өз әріптестері мен жанкүйерлері шын мойындағанын, зор ықылас танытқанын» айтады. Ол тағы да былай деген: «Оның ішкі күш-қуаты, мінезі, батылдығы сын барысында паш етіледі, ал оның сезімі өзін-өзі ұстай білуінен, ақ ниеттілігінен, табиғи қарапайымдылығынан, отбасы мен өз еліне – Қазақстанға деген махаббатынан көрінеді. Ұлы ел ұлы адамдарды өсіреді!». Хатының соңында Жан Мишель Гийон Қазақстан халқы мен оның президентіне халықаралық спорттық сындарда өз елінің даңқын шығарған Александр Винокуровтың ерекше талантын ашу үшін жағдай жасалғанына алғыс білдіреді.
Әрине, бұл біздің Елбасы үшін талайдан бері белгілі жәйт. Осыдан он екі жыл бұрын «Ақ Орда» сарайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Вуэльта Испания» көпкүн­дік жарысында жүлдегер атанған қа­зақстандық велошабандоздарды қа­былдап, оларға осы бір жетістіктері үшін құрмет көрсетті. «Бүкіл қазақ­стандықтардың атынан және жеке өз атымнан үлкен ризашылықпен, қуанышпен және мақтанышпен испандық велотур жеңімпаздарын құттықтаймын. Жас мемлекет үшін, біздің еліміздің жас жігері үшін бұндай жеңістер қажет-ақ», – деп атап көрсетті ол осы орайда сөйлеген сөзінің барысында. Содан соң Елбасы «Астана» командасы жеңісінің әлемдік спортты дүр сілкіндіргені туралы сөз қозғады. Осының арқасында Астана қаласының әлемге аты шыққанын айтты.
Бұл шындығында да солай болған еді. «Астана» деген атқа тек 2006 жылы ғана ие болған түрлі елдер велошабандоздарынан құралған осы команда өзі қатысқан бірінші ірі жарыста-ақ жеңімпаз атанды. Ал жеке есеп бойынша оның лидері Александр Винокуров бірінші орынға, тағы бір үздік спортшымыз Андрей Кашешкин үшінші орынға ие болды. Еуропа мен Американың талай үздік командалары мен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей жүйріктері қазақстандық осы жігіттер мен олардың командалас жолдастарына ысырылып жол беруге мәжбүр болды.
Президенттің қолынан екінші дәрежелі «Барыс» орденін алған А.Вино­куровтың сол жолғы жеңісі мен кейінгі жетістіктері расында да Астананы ғана емес, бүкіл Қазақстанды абыройлы етті.
2003 жылы жазда Америка Құрама Штаттарында болғанмын. Ол кезде Францияда велоспорттан көп күндік «Тур де Франс» сайысы жүріп жатқан болатын. Бұл өзі атышулы жарыс қой. Атағы әлем чемпионатынан асып түспесе, кем емес. «Тур де Франс» чемпионы болған велоспортшының есімі әлемге әйгілі болады. Ал егер ол бұл осы жарыста бірнеше жыл қатарынан жеңімпаз атағын иемденсе, аты аңызға айналады.
Бірақ еуропалық спорт түрлерінің ең атышулы деген майталмандарының өзі көбіне АҚШ-та соншалықты атаққа ие бола алмайды. Өйткені Америка осы тұрғыдан алғанда біраз өзіндік айырмашылықтары бар ел болып табылады. Кез келген адамның жұрттың арасында тез аты шығуы үшін ең алдымен қажетті нәрсе – оның жетістіктері туралы хабардың халық арасында көптеп таратылуы. Ал АҚШ-та ақпарат тарату iсiнің мынадай бiр манызды ерекшелiгі бар.
Онда кез-келген БАҚ құрылымы – теледидар болсын, газет болсын – ең алдымен, өз елiндегi не тiптi өзi шығып жатқан жердегi (қаладағы, одан қалса штаттағы, сосын аймақтағы) болып жатқан окиғалар мен жаңалықтарды айналдырады. Осындай жағдайдың арқасында кез-келген жердегi халық үшiн бiрiншi кезекте жақын айналасында болып жатқан жәйттер ғана қызық болып табылады. Сондықтан АҚШ-тың қуатты-қуатты деген телекомпанияларының өзi халық­аралық жаңалықтарға көңiл бөлiп жарымайды. Осы себепті онда барғанда, өзіңді бейне бiр әлеммен қатынасы үзiлген аралда қалғандай сезiнесiң.
Сөйтіп жүрген кезде газеттер мен теледидардан Қазақстанның атауын тек сол «Тур де Франс» жарысына қатысып жатқан Винокуров атты велошабандозымыздың арқасында ғана оқып-естуге мүмкіндік болды. Онда да қосымша екі себептің көмегі болды.
Біріншіден, сол жолғы «Тур де Франс» жарысында әйгілі американ­дық велосипедші Армстронг көш бастаушылардың қатарында болып жеңіске жетті (ол осы жетістігін алдыңғы 2004 жылы және өткен 2005 жылы қайталады). Осы спортшы өзінің ұзақ жылдар бойғы тамаша жетістіктерінің және тағдырдың басына салған тауқыметін көтере білгендігімен американдықтарды сүйсіндірген. Сондықтан АҚШ баспасөзі мен телеканалдары тіпті өз спортшыларының ішінде де оған баса назар аударады. 2003 жылғы «Тур де Франс» жарысы барысында да солай болды.
Екіншіден, сол жарыс барысында қазақстандық Винокуров неміс Ульрихпен бірге осы әйгілі амери­кандықпен тайталасуға жарады. Сон­дықтан біздің жерлесіміздің атын американдық БАҚ күн сайын атап айтып жүрді. Американдықтар үшін бұл олардың атақты Армстронгінің негізгі бәсекелестерінің бірі бола алған алыстағы Қазақстан деген мемлекеттің өкілі болды. Сөйтіп, Винокуровтың арқасында шетелде не болып жатқа­нына көңіл қоймайтын талай аме­рикандық бұл дүниеде осындай елдің бар екенін, онан шыққан бір вело­спортшының өз саласындағы ең мық­тылардың бірі болып табылатынын естіп білді.
ТМД елдерінен келген журналистер делегациясы Колумбия қала­сындағы Оңтүстік Каролина штаты­ның орталық музейіне келгенде, біздерді қарсы алған оның қызметкері әңгімесін Винокуровтың тап сол күні тамаша жетістікке жеткенін хабарлаудан бастады. Өйткені ол біз шет жерде жүргесін өз елімізге қатысты осы бір жаңалықты естімей қалған екен деп ойлапты. Біздің «иә, естідік» дегендей жай ғана бас изей салғанымызға ана кісінің көңілі толмай қалды. Ол қалған әңгімені ысырып қойып, Винокуровтың жетістігі туралы біраз сөз айтты. Сондағы айтқысы келгені «Қазақстан сияқты саяси картада жа­ңа­дан пайда болған жас мемлекеттің атын әлемге тап осындай спортшылар мен олардың бағындырған биіктіктері шығарады» дегендей ой екен. Не керек, біз сол күні Винокуровқа да, ТМД-ның басқа елдерінен келген өзге әріптестеріміздің алдында біздің абыройымызды асырып, төбемізді көкке дейін көтеріп тастаған музей қызметкеріне де қатты риза болдық.
Иә, бүгінгі әлемдегі халықтар ара­сын­дағы қарым-қатынастар ауқымында түрлі ұлттың өкілдері қол жеткізіп жатқан спорттық жетістіктердің маңызы өте зор. Мәселен, біздің бәріміз кубалықтар­дың бокста, эфиоптардың алыс қашықтыққа жүгіруде, ресейлік осе­тин­дердің күресте алдына жан салмайтынын жақсы білеміз. Біздің елдің азаматтары, оның ішінде өзіміздің қазақтың жігіттері мен қыздары да сондай биіктіктерден көріне алса деп армандаймыз. Ондай күннің де ерте ме, кеш пе туарына кәміл сенімдіміз. Ол үшін ең алдымен сондай жетістіктердің ұлттық идеалға айналуы қажет. Осы мақсат турасында істеліп жатқан іс көп.
Бірақ әзірге «әттең» деуге себепші болатын жәйттер жеткілікті. Расын айтқанда, біз қазір көп нәрседен кешеуілдеп қалдық. Оның үстіне тәуелсіздікке қол жеткеннен бергі жиырма жеті жылға жуық уақытты да жан-жақтың бәріне есігі ашылған Қазақстандағы халқымыздың санасында кез келген бәсекелестікке (ал бұл дүниедегі басты қағида – «біреу өлмей, екінші біреуге күн жоқ») төтеп беруге тас түйіндей болып дайындалу императивін қалыптастыруға пайдаланбадық.
Өйткені біздің осы күнге дейін ұлтқа, жас ұрпаққа үлгі ретінде дәріптейтін басты қоғамдық геройларымыз – аудандық, облыстық, әрі кеткенде республикалық деңгейде ғана аты шыққан тұлғалар. Ал содан келіп ұлтымыз түгілі, нәсіліміздің, тіпті адамзаттың 90 проценті әлі жақын барып та көрмеген нәтижеге қол жеткізген азаматтарымызды дұрыс танымаймыз. Алғашқы ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров, шүкір, әйтеуір елеусіз қалған жоқ. Ал басқа бірегей тұлғалар мен олар жеткен тамаша жетістіктер ше? Олар уақытында айтылды да, артынан негізінен ұмтылды.
Мәселен, 1980-інші жылдардың басында спорттың ол кезде таза еуропалық командалық деп есептелген түрінде қазақтың жігіттері тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Бұл ватерпол немес су полосы болатын. 1979 жылы Ерлан Аяпбергенов қазақтан тұңғыш болып, спорттың осы түрінен Еуропаның жастар арасындағы чемпионатының жеңімпазы атанды.
Ал арада бар-жоғы үш жыл өткен соң, Нұрлан Меңдіғалиев ересектер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алғандар ішінде болды. Сонымен қатар осы екі жігіт Ұлы Отан соғысында тамаша ерлік жасаған Сабалақ Оразалинов ақсақалдың ұлы Асқар Оразалиновпен бірге Алматының «Динамо» командасының құрамында КСРО чемпионы атанды, Еуропа чемпиондары Кубогының финалына шықты. Онда біздің чемпиондар Батыс Берлиннің «Шальке-04» деген командасына ғана есесін жіберді.
Бұл да қазақтың абыройын көте­ретін тамаша жетістік еді. Бірақ тиі­сінше ескерілмеді, дәріптелмеді. Бас­қаны былай қойғанда, «Алматы» энциклопедиясының өзінде Н.Мең­діғалиевтің 1982 жылы КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері атағын алғаны айтылғанмен, оның не үшін берілгені айтылмаған. Ал бұл атақ оған Эквадорда өткен әлем чемпионатында КСРО құрамасының қатарында жеңіске жеткені үшін берілген еді.
1987 жылы Өскеменнің «Торпе­досының» жас хоккейшісі Ерлан Сағымбаев КСРО хоккей чемпио­натының 1986-1987 ж.ж. қысындағы маусымында (қазақтар үшін өте ауыр кезең) жоғары лига клубтары жастар командаларының біріншілігі нәтижесінде «ең үздік шабуылшы» деген атаққа ие болды. Яғни әлемдегі ең үздік санаулы жас шабуылшы-хоккейшінің бірі ретінде танылды. Бұл да қазақты былай қойғанда, жалпы еуропалық емес ұлттардың ішінде бұрын болып көрмеген жетістік еді. 1998 жылы Наганода өткен Олимпиадада Е.Сағымбаев Қазақстан-Ресей кездесуінде әйгілі П.Буре сияқтылар командасының қақпасына алғашқы шайбаны соқты. Осы жігіттің аты мен жетістіктері де, өкінішке орай, тиісті деңгейде дәріптелмеді.
КСРО тарар алдындағы тұста Ноқамбаев деген шығысқазақстандық қазақ жігіті шаңғымен жүгіруден 3,5 млрд. адамнан тұратын Азия халық­тарының ішінен шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. 125 миллион жапондар, 75 миллион корейлер мен 1 миллиардтан астам қытайлар спорттың қысқы түрлерінен өтетін халықаралық жарыстарда биіктен көрінуге көп күш-жігер мен қаражат жұмсап жүр­генімен, шаңғымен қашықтыққа жүгіруде ол кезге дейін осалдау болатын. Өздеріндей қазақ жігітінің жеңісі оларды қатты таңдандырды. Бірақ бұл жетістік қазақ жастарын дүр сілкіндіріп, олардың спорттың осы түрімен жаппай шұғылдана бастауына түрткі болған жоқ. Өйткені жалпы қазақ қоғамы ауқымында осы жетістікке онша мән берілген жоқ. Әйгілі Е.Вяльбе, А.Прокуроров сияқтылармен КСРО құрамасында қатар жүрген Ноқамбаев көп ұзамай спортты тастап кетті.
1990-ыншы жылдардың басында екібастұздық Марат Жыланбаев деген жігіт Сахараны жаяу жүгіріп, солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өтіп, адамзаттың ең үздік жетістіктерінің қатарына қазақтың атынан өз үлесін қосты. Оның бұл ерлігі туралы «Вокруг света» журналы жазды. Сөйтіп, 150 жылдай тарихы бар осы әйгілі басылым тұңғыш рет қазақтан шыққан адамның теңдесі жоқ ерлігі туралы жазды. Обалы не керек, кейінде Мараттың үлгісіне еліктеушілер шыға бастады. Бірақ қоғам мен мемлекет тарапынан тиісті қолдау таппаған бұл қозғалыс қанатын кең жая алмады. Рас, 2004 жылдың басында ерлі-зайыпты жас қазақтардың Қазақстанды жаяу аралап шығып, рекордтар тіркейтін Гинесс кітабына енгені туралы жаңалық тарады.
Алайда осының бәрі уақытында жұрттың назарына іліккенмен, кейін ұмтылыңқырады.
Қазір қазақ халқы – Қазақстан мемлекетінің негізі. Ол осы мемлекет­ті сақтап, ілгері дамытамын десе, өмірдің түрлі салаларында ешкім­нен қалыспауға күш салуға тиісті. Сондықтан оған үлгі ретінде енді ұлттық болмыс шеңберімен шектелетін емес, әлемдік деңгейге дейін жететін геройлар керек. Осы орайда спорттың маңызы өте зор болмақ.

Қайрат ӘМІРЕЕВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру