Валюта бағамы: $ 378.17 429.11 5.88 ¥ 56.48

ЕЛБАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ – ЕЛІНІҢ ЫРЫСЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында, Интнрнет желісінде жарияланғаны белгілі. Автор ел тарихына жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап, халқымыздың ежелгі тарихын қайта зерделеу, түрлі пайымдарды қайта тұжырымдау қажет екендігіне назар аудартады. Қазақ халқының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін қайта саралап зерттеу жүргізуді ұсынады. Аталған жобаларды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыратындығын назарға берген. Бұл бағдарламалық мақала – осыдан бір жароым жыл бұрын жарияланып, елімізде қызу қолдау тауып, оның бағыттары іске асыруға жұмыла кірісудің негізінде Маңғыстау облысында да атқарылған біршама шаралар ойға оралған еді.

Баршамызға мәлім, Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласы ел дамуының жаңа кезеңіне арналған тарихи маңызы зор туынды. Бағдарламалық мақаланың өзегінде ұлттық сананы дәуір сұраныстары мен қажеттіліктеріне орай бейімдеудің, мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерді іске асырудың нақты бағыттары белгіленген болатын.
Биылғы 2018 жыл – Маңғыстау халқы үшін аса маңызды оқиғалардың бірі де бірегейі болған Каспий маңындағы бес мемлекет басшыларының Каспий теңізінің мәртебесін айқындап белгілеуге арналған Ақтаудағы Саммитін алдымен айтуға тиіспіз. Осынау дүниежүзілік маңызға ие шараны тыңғылықты дайындауға және оның тиянақты өткізілуіне тиісті органдар мен құрылымдар қызметкерлерін шебер үйлестіріп жұмылдыра білген өңір басшысы – Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов үлкен іскерлік танытты. Осы саммитке қатысу үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Маңғыстау облысына келген сапарында облыс активімен кездесуінде сөйлеген сөзінде Каспий маңындағы өңірлердің бүгінгі күнгі геосаяси кеңістіктегі алатын орны мен маңызына айырықша тоқталды. Теңіз жағалауын мекендейтін халықтардың ғасырлар бойы өзара тарихи, мәдени, рухани тығыз байланыста болғанын баса айта келіп, тарихи-мәдени ескерткіштері көп, ашық аспан астындағы мұражай болып саналатын өлкенің болашақтағы өсіп-өркендеуі әр уақытта өзінің бақылауында болатындығын жеткізді. Мұнда әуе, авто, темір жол, паром және теңіз көліктерінің желісі тоғысқан. Каспий теңізі мәртебесінің айқындалуымен өңір, еліміздің көлік-логистика орталығына айналады деп пайымдады.
Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Бесінші саммиті өте жоғары деңгейде табысты өтті. Аса маңызды халықаралық жиынға Қазақстанның, Ресейдің, Әзербайжанның, Иранның және Түрікменстанның президенттері қатысты. Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, теңізде экономика, көлік-транзит, экология, қауіпсіздік және басқа да салалар бойынша ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады. Бес ел басшылары Каспий теңізінің мәртебесін айқындап, Ақтау Конвенциясын қабылдады. Бұған бүгінгі әлемдік кеңіс­тіктегі елдер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз мүддесі тұрғысынан Каспий теңізі арқылы Маңғыстау аймағымен ынтымақтастық қарым-қатынас жасауға деген қызығушылығын білдіріп жатты. Бұл – еліміздің, оның ішінде Маңғыстаудың мәр­тебесін бұрынғыдан да биікке көтеріп, ел рухын тағы бір мәрте асқақтатты.
Маңғыстау өңірі мен Ақтау қаласы еліміздің сән-салтанаты үйлесімді жарасқан, қазына байлығының молдығы мен білімі мен біліктілігі жоғары жігерлі жандардың қарымдылығының арқасында көлік-логистикалық орталығы болып табылады. Бұл – Маң­ғыстауда өткізілетін мәдени-рухани тағылымы мол, маңызды іс-шаралардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беруде.
Ералы Лұқпанұлы об­лысқа әкім болып келуімен Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға ерекше ден қойылды. Бағдарламада халқымыздың ежелгі кезеңіндегі, бүгінгі кез­дегі және болашақта рухани-мәдени қазынасын, оның даму бағыты айқындалғаны белгілі.
Өңір басшысының бас­тамашылығы мен ұйытқы болуының және осыған тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды жұмылдыруының нәтижесінде өңірде табысты өткізілген тарих, мәдениет, әдебиет пен өнер және спорт салаларын қамтыған көптеген мәнді де мағыналы іс-шаралар іске асырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бекітілген жобалар бойынша киелі Маңғыстау жерінде мемлекеттік бюджеттен тыс ел азаматтарының демеушілігімен 12 млрд-қа жуық қаражат халық игілігіне жұмсалған. 30 спорттық кешені мен алаңдар салынып, 50 орта мектеп қажетті спорттық құралдармен қамтамасыз етілді. Жас мамандарға арналып 500 орындық 2 жатақхана салынған. «Жасыл мектебім, жасыл мекенім» жобасы іске асырылып, мектеп жанынан 19 жылыжай бой көтерген.
Ақтау қаласының 15 ша­ғын ауданының теңіз жаға­лауынан қазіргі заманғы архи­тектуралық пішімде Амфитеатр салынып, пайдалануға берілді. Мұнда ұзындығы 70 метр болатын сахнасында бір мезетте бір мың өнерпаздың өнерін 25 мың көрермен тамашалай алады. Сахна төріндегі орталық бағана үстіне биіктігі 4 метр 20 см болатын «Суын айғыр» мүсіні орнатылған. Мұнда фестивальдер, концерттер мен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға өте ыңғайлы жағдайлар қарастырылған. Қала тұрғын­дары мен қонақтарының және балалардың тынығуына жайлы орындықтар қойылған.


Ақтау қаласының 34 шағын ауданында архитектураның соңғы үлгісімен «Достық үйі» салынып, пайдалануға берілді. Бұл кең сарайға «Қоғамдық келісім» мекемесі мен өңірдегі 20 этномәдени бірлестікті біріктіретін Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Аналар кеңесі, ғылыми-сарапшылық кеңесі және облыстық қазақ тілі қоғамы мен ақсақалдар кеңесі орналасқан. «Достық үйі» сарайында 30 және 60 орындық екі конференц-залы, 420 орындық акті залы, 60 орындық салтанат залы, 90 орындық кинозал мен 90 орындық дәмхана келушілерге мінсіз қызмет көрсетуде. Осындай сәнді де зәулім ғимарат облысты мекендейтін ондағы ұлт өкілдерінің игілігіне қызмет етуде.
Кино өнерінің әлемдік деңгейдегі жарық жұлдыз­дарының бірі, халқымыздың ұлы актері, Қазақ ССР-нің халық әртісі Нұрмұхан Жантөринге өз есімімен аталатын Маңғыстау облыстық драма театрының алдында еңселі ескерткіш орнатылды. Жергілікті кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылған ескерткіш Нұрмұхан Жан­төриннің 90 жылдық мерейтойы құрметіне тамаша тарту болды. Ескерткіште Нұрмұханның ой үстінде отырған сәті бейнеленген. Мүсінінің биіктігі 2 метр 7 см. Тұғыры гранит тастан жасалған. Жалпы биіктігі 4,5 метр. Авторы – жергілікті мүсінші Көшер Байғазиев. Осының бәрі бүгінгі өскін ұрпақты, алдымен елінің тәуелсіздігі мен халқының бостандығы жолында күрескен тарихи тұлғаларды, олардың ел алдында сіңірген еңбектерін көпшілікке танымал ету, үлгі-өнеге ету арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін ауадай қажет. Осы мақсатта Маңғыстау облысының әкімдігі мен ТҮРКСОЙДЫҢ бастамасымен Каспий жағалауы елдерінің ІІ Халықаралық театр фестивалі өткізілді. Фестиваль ұлттық театр мен кино өнерінің саңылағы Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналған фестивальдің ашылуында сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл екінші рет өткізіліп отырған Каспий жағалауы елдерінің театр фестиваліне көршілес мемлекеттер театрлары тарапынан қызығушылық өткен жылмен салыстырғанда жоғары болып отыр. Өткен жылы осындай өнер мерекесіне 4 елден 6 театр қатысса, биыл бес елден сегіз театр қатысып, сахналық шеберліктерін сарапқа салды. Бұл – тарихы мың жылдықтардан тамыр тартатын мәдени және рухани байланыстарымызды одан әрі жалғастырып, нығайтуда мүдде-мақсаттарымыздың бірлігін меңзейді», – деді. Ша­раның мақсаты – ұлы актер­дің рухына құрмет көрсете отырып, Каспий жағалауы елдері театрларының мәдени-рухани ынтымақтастығын арттыруға ықпал ету, театр­лар­дың шығармашылық бастамаларын ынталандыру, көрермендер назарын заманауи шығармашылық үрдістерге аудару болып табылады.
Аталған фестивальға классикалық немесе ұлт­тық қойылымымен Иран, Әзербайжан, Ресей, Түрік­менстан мен Қазақстан­нан барлығы сегіз театр қатысты.
Каспий теңізінің жаға­лауымен серуендеуге арналған «Жартасты соқпақ» жобасы қолға алынып, қысқа мерзімде қатарға қосылды. Түнгі мезгілде жарық шамдар жарқырай жанып, жартастар қызылды-жасылды түс пен реңкке бөленіп құбылады. Осынау ғажайып жобаның ауданы 6 мың шаршы метр. Жаяу жүргіншілер 4-ші «а» шағын ауданындағы теңіздің жартасты бөлігінен басталады. Теңізбен астастырылған соқпақ бойымен жарқыраған жартастар, түбек тарихынан сыр шертетін түрлі таңбалар мен бейнелер жағалау бойымен жүруге қолайлы сүрлеу жол әр адамның көңілін көтеріп, елі үшін, жері үшін бойыша мақтаныш сезімін құяры сөзсіз.
Ұлттық руханият саласында халықаралық және республикалық деңгейде ұйымдастырылған мәдение­тімізді, әдебиет пен өнерді көпшілікке танымалдау бағытындағы шаралар да көрермендердің көңілінен шығуда. Бұл да облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен маңғыстаулықтардың, оның ішінде осы шараларды ұйымдастыруға тартылған әрі жауапты мемлекеттік мекемелердегі білікті мамандар мен жігерлі жастардың тікелей атсалысуы мен қатысуының арқасында мүмкін болғанын көріп отырмыз. Әсіресе, Ақтау қаласында Ержан Хазірет Төлегенұлы абызымыздың мұралары тағылымына арналған «Ілім бұлағы – кемелдік нәрі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияны ерекше айтып өткіміз келеді. Осынау мағыналы да маңызды конференция жұмысына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың, Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Әбдіқайымұлы Мырзаевтың, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы төрағасының орынбасары, найиф мүфти Бауыржан Есмаханның, Нұр-Мүбәрәк университетінің проректоры Қайрат Құрман­баевтың, дінтанушы, ғалым Исахан Мұханның, Қызылорда қаласындағы «Қалмұхамед ишан» мешітінің бас имамы Рысбай Дайрабай Серік­бай­ұлының, флиология ғылым­­дарының кандидаты, әдебиет­танушы Қабиболла Сыдиықұлының жары, Ержан Хазіреттің қолжазба мұраларын сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші Гүлшат Омарқызының және Ержан Хазірет бабамыз­дың қызы Несіпхан Ер­жанқызының қатысуы осы шараның салмағын арттырып, мән-мағынасының деңгейін жоғары көтерді. Конференция барысында «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың мәселелері»; «Ізгілердің ізбасары Ержан (Ермұхаммед) хазірет және еліміздегі діни ағарту мәселелері; «Ержан хазірет және оның діни мұралары» деген тақырыптарда баяндамалар жасалды. Жиында сөз алған Ералы Тоғжанов: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық санамыздың қалыптасу негізінде ұлттық тәжірибелермен қатар, діни құндылықтарымыздың да жататындығын ескерсек, қазақ халқының дәстүрлі діні ұлттық кодымыздың тарихи негіздерінің бірі болып табылады», – деп атап көрсетткен болатын. Бүгінгі басқосу аясында біздер әсерлі сәттің, тарихи оқиғаның куәсі болғалы отырмыз. Өмірінің соңына дейін астыртын және жария түрде қудалау мен қадағалау аясында болған Ержан хазіреттің «Иманшарт», «Діни өсиет», «Шариғат» және «Намаздағы дұғалар қолжазбаларын көне шағатай тілінде жазып қалдыруының өзі үлкен көрегендіктің, парасаттылықтың, ақыл­дылықтың, жүрек иманды­лығының, руханиятты сезіне білуінің және елдің жарқын болашағына сенуінің айқын көрінісі. Жуырда қол­жаз­баларды тәжірибелі тәржі­машылар қазақ тіліне аударып, тиісті орындарға түпнұсқамен дәлдігін арнайы тексерткен соң, жазбалар көне шағатай тіліндегі нұсқасы, қазақ тілін­дегі аудармасы және транс­крипциясы қатар берілген көрнекті «Өсиетнама», «Ілімнің бұлағы – тақуалық қайнары» шығармалары атты кітап болып басылып шықты. Осы жазбаларды қазақшаға аудартып кітап қылып шығартып отырған кәсіпкер ініміз Нұржігітұлы Бейсенбекке Маңғыстау халқы дән риза.
Келесі бір шара – Жаңа­өзен қаласының 50 жылдық мерекесіне орай жазба ақын­дардың «Жырлаймын сені – Жаңаөзен!» атты мү­шәй­расы және «Жыр арқауы – Жаңаөзен!» атты республикалық ақындар айтысының өткізілуі болды. Айтысты республикалық ақындар айтысының жеңім­пазы, арқалы ақын Мэлс Қосымбаев жүргізіп отырды. Айтысқа 12 айтыс ақыны қатысты, олар: еліміздің белгілі айтыскер ақындары Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан, Данияр Алдаберген, Фархат Мұсаев, Мұрадым Мейірман, Асхат Қылышбек, Айнұр Тұрсынбаева, Нұрлан Мұсаев, Райымбек Түзелов, Қуаныш Шарманов, Сара Тоқтамысова, Әсет Дүйсебай. Айтыскер ақындардың ойлы сөз орамдары мен тапқыр сөздеріне жиналғандар ризашылығын дуылдата қол шапалақтап, қошеметін білдіріп отырды. Айтыс маңғыстаулықтардың жігеріне жігер, қайратына қайрат қосып, намыс отын оятуға септігін тигізгендігі анық.
Сонымен бірге, қазақ күй өнерінің саңылақтарының бірі, есімі еліміз бен бүкіл Орта Азия халықтарына әйгілі Мұрат Өскінбаевтың музыкалық шығармаларына арналған халықаралық жас домбырашылардың күй сайысы өткізіліп, оған елімізден басқа көршілес елдердің дарынды жас домбырашы өнерпаздарының қатысып, күй өнерінің жандануына атсалысқанына марқайдық.
Маңғыстау облыстық «Қа­зақ тілі» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекеттік тілді дамыту, қолданылу аясын кеңейту бағытында біршама жұмыстарды атқаруда. Сондай шаралардың бірі ретінде оқушы жастар арасында «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының идеяларын іске асыру мақсатында конкурс өткізіп келеді. Биылғы жылғы конкурста: Елбасы Н. Назарбаевтың еңбектері; Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тағылымы; Халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы; қазақтың салт-дәстүрі деген төрт тақырып бойынша өткізілді. Конкурсқа қатысқан мектеп оқушылары мен колледж студенттері атал­ған тақырыптар бойынша ізденіспен кітаптарды оқып зерделеп, оқылымды тәп-тәуір шығар­малар жазғаны қуантты.
Конкурсқа облыстың бар­лық аудан қалаларындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен 144 жұмыс келіп түскеніне, жылдан-жыл­ға конкурсқа қатысушылар санының артуымен қатар, жұмыстар сапасының да жақсарып отырғанына көз жеткіздік.
Жиында сөз алған Маңғыс­тау облысы әкімінің орынбасары Р.Сәкеев облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің жүргізіп отырған игі жұмысына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта шығарманы елімізде қолға алынып отырған латын қарпімен жаздыруды жолға қою жөнінде ұсынысын айтты.
Елімізде рухани жаңғы­рудың негізгі өзегі – қазақ тілінің латын графикасына көшуі мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтетін факті екендігі баяндалады. Мемлекеттік тілдің дамуы мен өрісін кеңейтуде Елбасының жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында айтылған тұжырымдарының маңызы зор.
Осындай шаралар арқылы оқушы жастарға мемлекеттік тілді меңгеруге, ұлттың санасын оятып, елдік мүдде тұрғысынан ойлауға бағыт­тап тәрбиелеуде тарихи ес­керткіштер мен мұраларды насихаттаудың маңызы зор. Облыста осы бағытта тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, жаңғырту жөніндегі әдістемелік Кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің бірнеше отырыстары өткізіліп, осы бағыттағы жұмысты жандандыру жөнінде бірқатар маңызды ұсыныстар берілген. Осыларды іске асыру нәтижесінде біршама оңды шаралар тындырылды.
«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруда «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасына республика бойынша 100 нысан, оның ішінде Маңғыстау облысынан 15 киелі нысан енгізілген. Бұлардың қатарында Шопан-ата, Шақпақ-ата, Масат-ата, Қараман-ата, Сұлтан-үпі орта ғасырлық жерасты мешіттері, Бекет-атаның мешіттері, кіші жүздің батырлары, билері мен ру басылары жерленген пантеон – Сисем-ата қорымы, «Адай-ата – Отпан тау» тари­хи-мәдени кешені, ЮНЕСКО-ның алдын-ала есепке алу тізімінде тұрған орта ғасырлық «Қызылқала қалашығы», Форт-Шевченко қаласындағы Т.Г.Шевченконың мемориалды кешені, сондай-ақ Кіші жүзден шыққан Барақ Сатыбалдыұлы, Балуанияз Мүсірепұлы, Иса Тіленбайұлы және Досан Тәжіұлы батырлар бар.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік киелі орындарының тізіміне Маңғыстау облысынан жергілікті маңызы бар 28 киелі нысан енгізілген. Олар: Ман ата, Қаңға баба жеріндегі Мақтым баба, Есен ата, Қошқар ата, Темір баба, Хатам (Сейіт) ишан, Күйеу там, Оғыланды ата, Есмәмбет әулие, Тобықтыдағы Бекет ата мешіті, Кенті баба, Ержан хазірет, Бейнеу ауданындағы Қыз-әулие, сынықшы Қыдырша ата, Бекбаулы ата тәрізді киелі орындар. Шопан ата қорымына жақын қола дәуірінің Ұлыкіндікті діни-қабірлеу кешені, Ақбота Бектұрлыұлы Көркембай ахун мешіті, табиғи ландшафты орындар ретінде Үстірттегі Бозжыра тауы, Қаратау бөктеріндегі Шерқала тауы, Самал сайы және Айрақтыдағы таңбалар, Қараған түбектегі Тамшалы, Саура сайлары. Қашаған жырау мен Нұрым жыраулардан «Қырымның қырық батыры» жырлар желісін үйреніп, біздің заманымызға жеткізіп, қағаз бетіне түсуіне септігін тигізген ұлы жырау Мұрын-Тілеген Сеңгірбекұлының (1859-1954) тұрған үйі, ұстаханасы, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар қатарында Маңғыстаулық Құлбарақ батыр әулие (1790-1832), Маңғыстау түбегіне алғаш жерленген адай баласы Бердалы Отарұлы (1727-1770), Маңғыстау өңірінің, қалың Адай елінің көреген көсемі, сөз ұстаған шешені атанған Айтқұлұлы Атағозы батыр (1704-1794) жерленген қорымдар да бар.
«Маңғыстау облысының материалдық және материал­дық емес тарихи-мәдени мұралары» тақырыбында халық­аралық кешенді экспедициясын ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде. Биылғы жылы экспедицияның «Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласы тұрғындары арасынан ХХ ғ. 20-30 жж. қатысты этнографиялық мәліметтер жинақтау, белгілі неміс этнографы Рихард Карутц жолымен, «100 жылдан соң» ғылыми бағыттары бойынша 2-туры ұйымдастырылып өткізілді. Экспедиция жұмыстарына жергілікті тарихшы-өлкетанушылармен қатар, Ресей этнографиялық музейінің Кавказ, Орта Азия, Қазақстан этнографиялық бөлімінің мамандары, тарих ғылымдарының кандидаттары Л.Ф. Попова, Е.Л. Кубель, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология ғылымдарының докторы Д.Кенжетай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Т.Е. Қартаева, «Архрест» ескерткіштерді қайта қалпына келтіру мекемесінің бас архитекторы, Халықаралық архитектура академиясының Мәскеу бөлімінің профессоры С.С. Ағытаев қатысты. Экспедицияның «Маңғыс­таудағы ноғайлы кезеңі (15-17)» бағыты аясында «Қарауылкүмбет» орта ға­сырлық күмбезтамына архео­логиялық аршу жұмыс­тары жүргізілген.
Қыркүйек айында «Маңғыс­тау мен Үстірттің құдық-шы­ңыраулары, сакралды нысандары, жерасты мешіттері, эпиграфикасы, петроглифтері» ғылыми бағыттары бойынша экспедицияның 3-туры өткізіліп, қорытындысы бойынша деректі фильмдері “Ел арна”, «Kazakh TV» және “Хабар 24” телеарналарында көрсетіліп, ел көрермендеріне ұсынылған.
Маңғыстау өңірінің тарихи және мәдени нысандарын, жергілікті бағалы құндылықтарды, табиғи ландшафттар негізінде қалыптасқан мұраларды, тарихи архитектуралар, ескерткіштер, кесенелерді қорғау, жаңғырту, сондай-ақ, тарихи және саяси маңызы бар оқиғалар орындары туралы ақпаратты халық арасында таратып, кеңінен насихаттау мақсатында Интерактивті карта жобасы жасалған. Аталған жоба «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары аясында әзірленгенін айта кетуіміз керек. Бұл – Маңғыстау облысындағы Қазақстанның 100 объектісінің ұлттық тізіміне және жергілікті маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілген қасиетті орындарды цифрландыру мақсатында жасалған. Бұған тарихи және мәдени маңызға ие нысандар мен орындарға табиғи ландшафттар мен мәдени мұралар, діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ халық­тың жадында сақталған құн­дылықтарға ие тарихи және саяси оқиғалар болған жерлер кіргізілген. Аталған Жобаны алдағы уақытта да тарихи, мәдени және археологиялық құндылықтармен толықты­рудың шаралары белгіленген.
Маңғыстау өңірі, оның ішінде Ақтау қаласы Халық­аралық және республи­ка­лық спорт жарыстары өткізілетін халықаралық стандарттарға сай келетін орынға айналып отырғанын да мақтанышпен айта аламыз.
Облыс қала әкімдерінің тікелей қолдауымен дене шынықтыру мен спорт саласы серпінді дамып келеді. Тек соңғы уақыттың өзінде Ақтау қаласында әйелдер арасында шахматтан Халықаралық біріншілігі мен бокстан ерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты секілді ірі жарыстар табысты өткізілді. Бұл – қазіргі заманға сай спорт кешендері мен спорт залдары облыстың ауылдық жерінде де салынып, халықтың, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің спортпен және дене шынықтырумен айналысуына мол мүмкіндік жасалып отырғанын айғақтайды. Облыс спортшылары ұлттық спорт түрлерінен де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, спорт түрінің бұқаралық сипат алуына лайықты атсалысуда. Бұдан бөлек, облыстан тысқары өңірлерде өткізілген қазақ күресінен, дзюдодан, каратэден, стендтік атудан, суда жүзуден республикалық жарыстарда маңғыстаулық спортшылар жүлделі орындарды иеленіп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлерін қуанышқа бөлеуде.
Енді осы мақаланы жазуы­мызға түрткі болған, жоға­рыда айтып өткеніміздей, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын зерделей қарасақ, мақаланың кіріспе бөлігінде «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», – дей келе, «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс» екендігіне оқырмандарының назарын аудартып, бірінші тарауында оған рет-ретімен, яғни «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген тарауында «Атқа міну мәдениеті»; «Ұлы даладағы ежелгі металлургия»; «Аң стилі»; «Алтын адам»; «Түркі әлемінің бесігі»; «Ұлы жібек жолы»; «Қазақтан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген тақырыптармен дәйектендірген. Ал, «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын екінші тарауында «Архив – 2025»; «Ұлы даланың ұлы есімдері»; «Түркі әлемінің генезисі»; «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі»; «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы»; «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деген тақырыптарымен дәлелді дәйектер келтіреді. Өткен тарихымыздың белгісіз қырларын ашу үшін осы саладағы мәселелермен айналысатын мекемелер мен кәсіпорындар жұмысының жаңаша бағыттары айқын­далмақ. Ұлы дала жерінен табылып жатқан ежелгі тарихи орындар, ондағы архео­логиялық құндылықтар хал­қымыздың ежелгі дәуірдің өзінде адамзаттың материалдық және рухани игіліктеріне өзінің лайықты үлесін қосқандығын айғақтайды. Қазіргі заманғы өркениеттің дамыған, ғылым мен техниканың, әсіресе электроника құдіретінің шарықтап өрлеген кезеңінде тарихшыларымызға, архео­логтарымызға, өлкетану­шыларға және осы салаға қатысты басқа да ғалымдарға, осы іске жауапты тұлғаларға тарихтың белгісіз қырларын мұқият жан-жақты зерделеп, ғылыми тұрғыдан тұ­жы­рымдауды ұсынады.
Бүгінгі күнге облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша екі жүзден астам жоба іске асырылуда.
Енді алдымызда осы жоба­ларға қоса, тарихты терең жан-жақты зерттеу жүрізу, археологиялық қазба жұмыс­тарын жалғастыру, өңірдегі тарихи, мәдени ескерткіштердің құпия сырларын ашып, ортақ игілікке айналдыру үшін қайта жаңғыртып қалпына келтіру, тарихи тұжырымдарды жаңаша көзқараста қалыптастыру, еліміздегі және шет елдердегі архив қорларында сақталып қалған әр дәуірдегі қазақ халқына қатысты, оның ішінде Маңғыстау өңіріне қатысты архив материалдарын, құнды құжаттарын іздеп табу және осыларды халқымыздың ортақ игілігіне айналдыру міндеттері қойылып отыр.
Елбасының «Рухани жаң­ғыру» саласында ұлттық тарих, ұлттық мүдделер (оның ішінде қазақ тілін латын қарпіне көшіру) тұрғысынан алдымызға қойып отырған қосымша ауқымды міндеттерді өңірдің бүгінгі ардагер азаматтары мен электрониканың құдіретін меңгерген кәсіби жоғары білікті де жігерлі мамандары осы саланы да цифрландыру жолымен абыроймен іске асыратындығына кәміл сенемін.

Бектұр Төлеуғалиев,
Маңғыстау облыстық
«Қазақ тілі» қоғамдық
бірлестігінің
басқарма төрағасы,
Маңғыстау облысының
құрметті азаматы,
Ақтау қаласы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру