Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Сыбайлас жемқорлықпен күрес әрбір салада жүргізілуге тиіс

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шiлдедегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы осы уақытқа дейінгі кезеңде жинақталған тәжірибелердің нәтижесінде күшін жоя отырып, жаңа тұрпатта бекітілгені белгілі. Бұл ретте басты міндет мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда басқару функцияларына қатысы бар азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа жол беруінің алдын алу, осыған қатысты құқықбұзушылықпен күресу мақсатында жауаптылықты арттыру болып табылады.

Архив саласына келетін болсақ, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңына байланысты еліміздегі барлық мекемелер мен ұйымдардың дәрежелік ретіне сай құжаттарының реттілігін, сақталуы мен жинақталуын, олардың жариялануын қадағалау мұрағаттың негізгі міндетіне жатады.
Аталмыш заңда архив ісі саласында заңбұзушылық орын алған жағдайда кінәлі жеке және заңды тұлғалардың жауапқа тартылатындығы және Ұлттық архив қорына келтірілген шығын Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес өтелетіндігі жайлы баяндалған. Атап айтатын болсақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңда «…Осы заң сол сияқты демократиялық негiздердi, мемлекеттi басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге, халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенiмін нығайтуға, бiлiктi мамандарды мемлекеттiк қызметке кiруге ынталандыруға, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшiн жағдайлар жасауға да бағытталған» деп көр­сетілген. Архив саласындағы қыз­меткерлер мемлекеттік және азамат­тық қызмет­керлер болып бөлінеді, яғни заң алдындағы жауапкер­шіліктері де әртүрлі деңгейде болуы мүмкін.
Заңда көрсетілгендей, мемлекет­тік қызметтi жүзеге асыратын заң­ды және жеке тұлғаларға кәсiпкер­лiк қызметтi қоса атқаруға жол берілмейді, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалау орын алуы тиіс. Сонымен қатар мекемелер мен ұйымдарда құқыққа қайшы тапқан ақша қаражаты мен өзге мүлiктi заңдастыруға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының заңын­да белгiленген тәртiппен қара­жат­қа қатысы бар жеке және заңды тұл­ғаларға арнайы қаржылық бақы­лау шаралары қолданылуы тиіс. Оның негізінде заңда мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестiрiлген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттік кіріс органына: салық салу объектiсi болып табылатын, оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс­қары жерлердегі табыстары мен мүлкі туралы, көрсетілген мүлiктiң орналасқан жерiн көрсете отырып, декларация мен мәліметтерді ұсынуы қажет, ал нақты мәліметтер берілмеген жағдайда тәртіптік жа­уап­тылыққа тартылуы мүмкіндігі қарастырылған.
Заңның 10-шы бабына сәйкес Мемлекеттік функцияларды орын­­дауға уәкілетті лауазымды және өзге де адамдарға және оларға теңестірілген адамдарға осы Заңның 3-бабы 3-тар­мағының 2) тармақшасында және осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген адамдарды қоспағанда) педагогтік, ғылыми және өзге де шы­ғармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге қызметпен айна­лысуға тыйым салынады.
Сонымен қатар Заңның 11-бабында мемлекеттiк мiндеттердi атқа­руға уәкiлеттiк берiлген лауазымды және өзге де адамдар мен соларға те­ңестiрiлген адамдардың өздерiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алынған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметтерге тiкелей ба­ғы­нысты лауазымдарды, заңдарда көз­делген жағдайларды қоспағанда, атқаруына болмайтындығы, ал осы баптың 1-тармағының талаптарын бұзған адамдар, егер олар аталған жолсыздық анықталған кезден бастап үш айдың iшiнде оны өз еркiмен жоймаса, мұндай бағыныстылықта болуына жол бермейтiн қызметке ауыстырылуға тиiс, ал бұлайша ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда бұл қызметшiлердiң бiреуi қызметiнен босатылуға немесе аталған мiндеттер­ден өзгедей түрде босатылуға тиiстігі атап көрсетілген.
Аталмыш заңның 12-ші бабының 5-12, 14-ші баптарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылықтар және олар үшiн жауапкершiлiкте мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк бе­рiл­ген адамдардың немесе соларға теңес­тiрiлген адамдардың: кiмге болса да табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк және өзге де қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделме­ген кез келген жәрдем көрсету; мем­лекеттiк мiндеттерiн атқару ке­зiнде алынған ақпаратты, егер ол ресми жариялауға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдделерге пайдалану; берiлуi заңдарда көз­делген ақпаратты жеке және заң­ды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тарту, оны кешiктiру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру; жеке немесе заңды тұлғалардың табыс етуi заңдарда көзделмеген ақпаратты бұл тұлғалардан талап ету; мемлекеттiк қаржы ресурстары мен материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорына беру; жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтiнiштерiн қараудың және өз құзыретiне кiретiн өзге де мәселелердi шешудiң заңда белгiленген тәртiбiн әлденеше рет бұзу; жоғары тұрған ресми адамдардың лауазымдық өкілет­тіктерін пайдалана отырып мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсету; жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасау; қызметi немесе жұмысы жөнiнен жоғары немесе төмен тұрған не өзде­рiмен өзге де түрде тәуелдi лауазымды адамдармен ақша немесе өзге де мүлiк салынатын сипаттағы құмар ойындар ойнауға қатысу әрекеттерi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар болып табылатындығы таңба басқандай көрсетілген.
Сондай-ақ мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың осы баптың 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12), 12-1) және 14) тармақша­ла­­­рында көрсетілген қандай да бір құқықбұзушылықтарды жасауы, егер онда қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң белгiлерi болмаса, қызметiнен төмендетуге, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда – заңда белгiленген тәртiппен қыз­метіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрiнде тәртiптiк жаза қолдануға әкеп соғатындығы және алғашқы құқық бұзушылық үшiн тәртiптiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жылдың iшiнде аталған құқық бұзушылықтардың кез келгенiн қайталап жасау заңда белгiленген тәртiппен қызметiнен босатуға немесе мемлекеттiк мiндеттердi атқа­рудан өзгедей түрде босатуға әкеп соға­тындығы айтылған.
Заңның 13-бабы бойынша жоғары тұрған лауазымды адамның не орган­­ның келiсiмiмен, ұйымдардың қара­жаты есебiнен ғылыми, спорт­тық, шығармашылық, кәсiби, гума­ни­тар­лық шараларға қатысу үшiн жүзеге асырылатын, оның iшiнде осындай қоғамдық бiрлестiктердiң (қорлардың) жарғылық қызметi шең­берiнде жүзеге асырылатын сапарларды қоспағанда, шетел, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен мемлекетішiлiк және шет­ел­дiк турис­тiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабыл­дау сы­байлас жемқорлықпен құқық­бұ­зу­шылықтар болып табылады.
Архив саласында сыбайлас жем­қорлыққа жол бермеу және алдын ала күрес жүргізуге себеп болу мақсатында аталмыш заңның кейбір баптарына ерекше тоқталдық. Өйткені сыбайлас жемқорлық кез келген қоғамның іргесін іштей ірітетін қатерлі дерттің бірі. Сондықтан, әрбір салада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Данияр Мұқатаев,
Қазақстан Республикасы
Орталық мемлекеттік
архивінің директоры


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру