Валюта бағамы: $ 382.38 428.3 5.97 ¥ 55.39

Жаңғыртудың жағымды жаңалығы

Еліміздің бірнеше аймақтарында мемлекеттік жаңғырту жұмыстарының арқасында істен шыққан ғимараттар қайтадан бой көтеріп, күрделі жөндеуден өтуде. Кеңестік дәуірде дүрілдеп тұрған өндіріс ошақтары мен мәдениет үйлерінің құлаған қабырғалары аудан-ауылдардың сәнін кетіретін. Бүгінде бұл олқылықты болдырмау мақсатында жұмыстары тұралап қалған кәсіпорындар қайта жандана бастады.

Алматы облысында орналасқан Ақсу қант зауыты былтырғы жылы өзінің алғашқы өнімін шығарған болатын. Кәсіпорынға қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде он жыл бойы жұ­мысы тоқтап тұрған зауыт іске қосылған еді. Бұл бастама Мемлекет басшысының еліміздегі қант өндірісін дамыту туралы тапсырмасы бойынша жүзеге асты. Жүктелген міндетті «Энергомост» консорциумы мақұлдап, жөндеу жұмыстарына 15 млрд теңге қарастырылып, оның 3 млрд теңгесі негізгі құрал-жабдықтарды жаңғырту үшін «Жетісу» ӘКК тарапынан бөлінген болатын. Өз кезегінде бұл жаңалық ауыл тұрғындарын бір қуантып тастағаны анық. 2017 жылы қайтадан іске қосылған зауыт күніне 2 мың тонна өнім өндіріп қана қоймай, облыстағы Сарқан, Алакөл аудандарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ете бастады. Жақында Ақсу қант зауытында жаңғыртудың алғашқы кезеңі жүргізілді. Нәтижесінде мұндағы өнім өндіретін құрал-жабдықтардың 80 пайызы жаңадан ауыстырылып, өндіріс қуаты еселене түсті. Қазіргі таңда сапалы қант шығару көрсеткіші 11,5 пайызға жетіп отыр. Негізінен, Ақсу қант зауытындағы алғашқы жаңғырту кезеңі барысында шырын алу және оны тазалау, азық-түліктік, жом сығымдау сынды жекелеген бөлімдердің жабдықтары жаңартылған-ды. Автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейтін зауыттағы қант қызылшасын өндіру процесі орталық оператордың көмегімен бақыланып отырады. Осы орайда, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қызметі қайта жанданған зауытқа арнайы атбасын бұрып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Өңдеу жұмысын бастаған алғашқы екі күннің ішінде зауытта 5 мың тоннадан астам қант өндірілген.
Жаңаша бейнеге енген зауыттың бүгінгі бастамасы жаман емес. Мәселен, осында орнатылған жаңа ылғалсыздандыру стансасының көмегімен энергия шығыны 30 пайызға азайды. Сондай-ақ, зауытта сүзгілеудің жаңа технологиясы қолданылатын теңдессіз камералық пресс-фильтр да жұмыс істеп тұр. Дайын өнімді орау цехы да толығымен автоматтандырылған. Айта кететін болсақ, кәсіпорынға «Жетісу» ӘКК арқылы отандық құрал-жабдықтармен қатар, Ресей, Беларусь, Германия мен Франция елдерінің өндірісінен барлығы 119 техникалық саймандар сатып алынған. Яғни, сырттан жеткізілген бұл тауарлар «Аksu Kant» ЖШС-не қаржылық лизингіге берілген. Аталмыш серіктестіктің бас директоры Самат Нәдірбаевтың мәлімдеуінше, бүгінде зауыт тәулігіне 2,5-3 мың тонна қызылша өңдейтін қуаттылыққа қол жеткізіп отыр. Қант шығымы 11,5 пайызды құрап, биылғы жылы кәсіпорынға жеткізілген қызылшаның жалпы көлемі 150-160 тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл игі бастаманың барлығы аймақ басшылығының қолдауымен жүзеге асып жат­қан­дығы айтпаса да түсінікті. «Бүгінгі таңда зауыттың қызылша төгу алаңында 80 мың тонна тәтті түбір жинақталған. Жалпы облыс бойынша жиын-терін науқаны әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан мұнда тағы 70 мың тонна қант қызылшасы әкелінеді деп күтілуде. Жекелеген шаруа қожалықтары, соның ішінде Ескелді ауданының шаруалары бір гектардан 500 центнер өнім алуда. Біз биылғы жылы расымен қант қызылшасында рекордтық өнім жинағалы отырмыз», – деді зауыт басшыларымен кездесу барысында облыс әкімі А.Баталов.
Зауыт жұмысының қайта жанданып, өнім бере бастауы аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайына оң өзгерістер әкеле бастады. Ақсу ауданындағы жұмыс­сыздық деңгейі 5,7 пайыздан 4,7 пайызға төмендеді. Кәсіпорынға қосымша мамандар алу мақсатында «Аksu Kant» серіктестігі политехникалық колледж басшылығымен келісімшартқа отырды. Осы ынтымақтастық аясында алдағы жылы зауытқа аталмыш оқу орнынан 50 маман жұмысқа тартылатын болады. Бүгінгі таңда 550 азаматты тұрақты еңбекпен қамтамасыз етіп отырған зауыттағы орташа жалақы -75 мың теңге.

Мақпал САҒЫНДЫҚ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру