Валюта бағамы: $ 378.17 429.11 5.88 ¥ 56.48

Депутаттық сауал: Ұлттық банк жауап береді

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық банк қараша айында депутаттық сауалдарға жауап беруді жариялау тәжірибесін енгізген болатын. Бұл – Ұлттық банк қызметінің ашықтығын және айқындылығын арттыруға, сондай-ақ жұртшылықпен және қаржы нарығы қатысушыларымен байланысты жақсартуға бағытталған шара. Осыған орай Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтың зейнетақы активтеріне сыртқы басқарушыны таңдау тетігі қағидаттарына қатысты депутаттық сауалға берілген жауабын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Ұлттық банк Парламент Мәжі­лісінің депутаттарына жинақ­таушы зейнетақы жүйесінің мәселелеріне назар аударған­дары үшін алғыс білдіреді.
Зейнетақы жинақтарының сақ­талуы және зейнетақы активтерін барынша тиімді басқарушыларды таңдау бойынша сіздер көтеріп отырған мәселелер Ұлттық банк қызметіндегі ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Шын мәнінде, Ұлттық банк 2014 жылғы қазанда БЖЗҚ зейнетақы активтерін 250 млн доллар сомасында Әзірбайжан Халықаралық банкінің облигацияларына өз бетінше, яғни сыртқы басқарушыны тартпастан инвестициялаған болатын. Шығарылым офшорлық компания (Emerald Capital Limited) арқылы бір инвестор үшін ғана жабық тәсілмен ұйымдастырылды, сондықтан аталған құралдың нарықтық белгіленген бағасы мен әділ нарықтық құны жоқ болатын. 2016 жылдан бастап Ұлттық банк зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдерін түбегейлі қайта қарады. Зейнетақы активтері тек нарықтық жағдайларда ғана инвестицияланады, бұл салымшылар жинақтарының жалпы кірістілігінің айқындылығын, сақталуын және ұлғаюын қамтамасыз етеді. 2017 жылғы тамызда зейнетақы активтерін басқару үшін сыртқы басқарушыларды тартуға мүмкіндік берген БЖЗҚ Инвестициялық декларациясы өзгертілді. Тиісінше, сол жылғы қыркүйекте Ұлттық банк басқармасы БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйым­дарды таңдау қағидаларын бекітті.
Сыртқы басқарушыларды таңдау барлық ықтимал қатысушылар үшін барынша айқын болып табылады. БЖЗҚ зейнетақы активтері үшін сыртқы басқарушыларды таңдау бойынша тендер туралы хабарлама Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланады, сондай-ақ нарық қатысушыларына Bloomberg және Financial Times сияқты мамандандырылған жүйелер мен басылымдар арқылы хабарланады. Сондай-ақ тендерге қатысу үшін тізімі Ұлттық банктің және Ұлттық қордың активтері бойынша сыртқы басқарушылармен 18 жылдық жұмыс тәжірибесінде қалыптасқан 300 компанияға шақырту жіберіледі. Тендерге қатысушылардың кемінде 10 жылдық жұмыс тәжірибесі және басқаруында 25 млрд АҚШ долларынан кем емес балама сомада клиенттердің активтері болуы тиіс. Бұл ретте шетелдік басқарушы компаниялар тек индекстік инвестициялауды пайдалана алады, ол тәуекел мен кірістілік өлшемдері бойынша іріктелген қаржы құралдарының жиынын білдіреді. Аталған ин­декстерді дүниежүзінің жетекші қаржы ұйымдары (JP Morgan, Bank of America Merrill Lynch, Bloomberg т.с.с.) әзірледі. Тиісінше, аталған тәсіл инвестицияларды жеке алынған қаржы құралына немесе бір эмитентке шоғырландырудың мүмкін еместігін білдіреді. Қолданылатын тәсіл жалпыға ортақ және сыртқы басқарушыларды таңдаудағы әлемнің үздік практикаларына сәйкес келеді. Сыртқы басқарушыларды таңдаудың осыған ұқсас үдерістерін Норвегия зейнетақы қоры және Сингапурдың Тәуелсіз әл-ауқат қоры сияқты қорлар қолданады.
Әлеуетті сыртқы басқарушы­лардың беделін талдауға қатысты Ұлттық банк заңнамалық және реттеу нормаларының сақталуына талдау жасайды және ол сыртқы басқарушыларды таңдаудың ажырамас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ өткен жылдардағы барлық заңбұзушылық фактілері туралы, сондай-ақ мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу мақсатында қабылданған шаралар туралы ақ­паратты сыртқы басқарушы міндетті түрде Ұлттық банкке тендердің өту кезеңінде жібереді.
«Дамушы нарықтардың жаһандық облигациялары» мандатының аясында әлемдегі жетекші инвестициялық компаниялардың бірі болып табылатын Aviva lnvestors басқарушы компаниясы тартылды. Aviva Investors басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 478 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның Aviva plc бас компаниясының 320 жылдық тарихы бар. Aviva Investors басқаруындағы зейнетақы активтері дамушы елдердің неғұрлым орнықты облигацияларына инвестицияланады. Қазіргі уақытта Aviva Investors компаниясы БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару туралы жасалған шарт шеңберінде өзіне алған міндеттемелерді орындауда.
2013 жылы Aviva Investors компаниясы клиенттер қоржынын басқару кезіндегі мүдделер қақтығысымен байланысты ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесіндегі кемшіліктерді дербес анықтады. Зардап шеккен барлық клиенттерге Aviva Investors өтемақы төледі. Aviva Investors компаниясының реттеу талаптарын бұзу фактісі Ұлттық банкке белгілі болатын және ол БЖЗҚ зейнетақы активтері үшін сыртқы басқарушы ретінде тағайындалғанға дейін біраз уақыт бұрын болған. Ұлыбританияның қаржылық реттеу және қадағалау басқармасының есебінде кемшіліктер анықталған сәттен бері Aviva Investors компаниясы және оның жоғары басшылығы бақылау жүйесінің кемшіліктерін жою үшін айтарлықтай күш салғаны атап өтіледі. Соның нәтижесінде осал тұстарды тексеріп, жою үшін айтарлықтай қаражат та бөлінген, бұл тәуекелдерді басқару сапасының артуын қоса алғанда, едәуір жақсаруына әкелді, сондай-ақ басқару командасы жаңартылды. Сонымен қоса, Ұлттық банк Ұлыбританияның қаржылық реттеу және қадағалау басқармасының атына осы сәтте жойылмаған бұзушылықтардың болу-болмауы және Aviva Investors компаниясында қабылданған шаралардың жеткіліктілігін растау туралы сұрату жіберді.
Шетелде орналастырылған зей­нетақы активтерінің күрт құн­сыздануы үшін жауапкершілікке қатысты Әртараптандыру қағи­даттарына негізделген, зейнетақы активтерін шетелдік қаржы на­рықтарында инвестициялаудың қолданыстағы стратегиясы талаптарында зейнетақы активтерінің күрт әрі толық құнсыздануы мүмкін емес. Мысалы, АҚШ долларымен номинирленген, рейтингтік бағасы «АА+»-тен «ВВ»-ға дейінгі 29 дамушы ел шығарған 233 облигациялар шығарылымынан тұратын индекс Aviva Investors үшін дамушы елдердің облигацияларына инвестициялау бойынша эталондық қоржын болып табылады. Бұл индексті Bank of America Merrill Lynch компаниясы әзірлеген және оны қадағалап отырады. Активтердің тиісінше сенімгер­лік басқарылмағаны үшін жауапкерші­лік сыртқы басқарушыларға жүктеле­ді және тиісті шартта бекітілген. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару үшін тартылған барлық шетелдік басқарушылар активтерді тиісінше басқармағаны және ұқып­сыздықтан, міндеттемелерді қасақана орындамаудан немесе алаяқтық әрекеттерден туындаған зиян үшін жауапты болады.
Қаржы реттеушісінің басшысы активтерді шетелдік басқарушы компанияларға беру дегеніміз қа­ражатты іс жүзінде аудару емес, ол компанияларға активтерді басқару өкілеттіктерін беру деп түсінілетіндігін қосымша атап өтті. Активтердің өзі Ұлттық банктің шоттарында қалады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру