Валюта бағамы: $ 378.17 429.11 5.88 ¥ 56.48

Жылыжай саласының жағдайы қалай?

Алматыда «Қазақстанның жылыжай шаруашылығы-2018» атты халықаралық форум өтті.

Жылыжай өсіруге мол қар­жы керектігі белгілі. Мәсе­лен, Польшада жылыжай шаруа­шылықтарының алқабы 6 000 гектардан асады, Голландияда – 10 000, Түркияда – 41 000, ал Қытайда – шамамен 1,5 миллион гектар жерді алып жатыр. Олардың көлемі үлкен, әрі жаңа технологиямен жабдықталған. Сондықтан едәуір дамып тұр. Жылыжай кешенін салуға керек бір гектар жердің құны 1,5-2 миллион еуроға дейін жетеді екен. Олардың құрылымында қуатты өте көп тұтынатын қосымша жарықтандыру, жылыту секілді ерекше жүйелер бар. Голландияда 10 гектар жерге жылыжай салғыңыз келсе, онда қаржы қорыңызда кем дегенде 10 миллион еуро болу керек. Голландықтар құнарлы, әрі сапалы өнім алған соң ғана жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтайтындықтан тәуекелге барады. Ондай жетістікке жету үшін барлық технологиялық процесті мұқият қадағалап отырады. Жылыжай іргетасының қадасы қағылғаннан бастап, алғашқы өнімді бергенше білікті мамандардың кеңестеріне назар аударады. Біздің елде болса мұндай кешенді салуды жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Әрбір қадамың қымбат тұрғаны былай, өнімді өсірудің өзінің қиындығы өте көп.
Қыс мезгілінде жылыжайда өсірілген қызанақ пен қияр сұранысты өтеуі тиіс. Өкініштісі, еліміздің барлық өңірінде жылыжай шаруашылығы көрке­йіп, елді өніммен қамтып отыр деп айтуға келіңкіремейді. Қазір Қа­зақстанда көкөніс өнімі өн­дірісінің көлемі былай қара­ғанда жеткілікті көрінгенмен, іс жүзінде отандық жеміс-жидекке жарымай отырғанымыз өтірік емес. Иә, бұған бір жағынан біздің климаттық жағдай да әсер етеді. Қазақстандық көкөніс, жеміс-жидек өнімдері сауда сөрелеріне негізінен жаздың ортасынан ауа шыға бастайды. Ал бұған дейінгі уақытта біз Өзбекстан мен Қы­тайдың өніміне тәуелдіміз. Дегенмен де елімізде атқарылып жатқан игі істер көп.
Форумды Қазақстан жылыжайлар қауымдастығының президенті Қанат Қошман ашып, жүргізіп отырды. «Негізі, жылыжайдың мәселесі кеңес дәуірі кезінде басталған. Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстанның әрбір аймағында саусақпен санарлықтай ғана жылыжай болды. Неге десеңіз, оны көбіне шамасы келетіндер өз қаражатымен жасап жатты, Үкімет тарапынан ешқандай қолдау болған жоқ. Шынын айтқанда, ол кездері жылыжайдың бәрі гүл өсіру бағытында жұмыс істеді. Көкөніс шығармады. Себебі, гүл өсіру баға жағынан тиімді болды. Халықтың тұтыну қабілеті жоғары болуына байланысты гүлдің бағасы да қымбат еді. Сондықтан жылыжай ұстаушылар гүл өсіруге аса ықылас танытты», – деп атап өтті Қ.Қошманұлы.
Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтының маманы Серік Жантасов түрлі көкөніс жә­не картоп ауыспалы егістері, тұқым өндірумен айналысатын шаруа­шылықтар үшін екіжылдық көкөніс дақылдарының қайта отырғызуды қажет етпейтін тұқым шаруашылығы технологиясы, суғармалы көкөніс шаруашылығында топырақтың құнарлылығын сақтау және қайта қалпына келтіру тәсілдері, көкөністердің барлық негізгі түрлері бойынша өсіру технологиялары құрастырылғанын және тыңайтқыштар мен зиянды организмдерге қарсы өсімдік қорғау құралдарын пайдалану жүйелері туралы атап өтті. Алматы қаласындағы ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының орынбасары Қарлығаш Абдижаббарова жылыжай мәселесінің шешу жолдарына кеңінен тоқ­талды.
Форум аясында шетелдік ға­лымдар Василь Савченко (Дания), Елена Обухович (Ресей), Тілек Тоқтагазиев (Қырғызстан) Қазақстандағы және әлемдегі жылыжай шаруашылығының басымдылық жағы мен кемші­ліктері жайлы өз ойларын ортаға салды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру