Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Технология трансферті және инновациялық серіктестік

Оралда кәсіптік білім беру саласында ВІМ білім технологияларына оқыту модульдерін енгізу, 3Д цифрлық жобалау саласындағы мамандар даярлау бойынша Финляндияның тәжірибесін қолдану жобасы бастау алды.

Облыстық білім беру басқарма­сының басшысы Шолпан Қады­рованың айтуынша, ВІМ білім технологиясын енгізу жобасы республика бойынша өңірімізде, соның ішінде Орал газ, мұнай және сала­лық технологиялар колледжінің базасында қолға алынған. «Цифр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы шеңберінде іске асатын жобаға қатысты жұмыстар өткен жылы басталған. Жобаны жандандыруға облыстық бюджеттен колледжге 133 миллион теңге бөлініп, аталмыш оқу орнының ағылшын тілін жетік білетін 12 оқытушысы іріктеліп алынған.
– Колледждің 12 оқытушысын ВІМ технологияларына оқыту жұмыстары басталды. Үш айлық жоба шеңберінде бір апта аталмыш колледжде семинар, одан кейін бір ай Қазақстан мен Финляндия арасында онлайн тренинг өтеді. Содан соң олар Финляндияға екі аптаға тәжірибе алмасуға барады. Одан әрі осы оқытушылар жаңа технологиялар бойынша мұнай-газ, құрылыс салаларына оқитын студенттерді оқытады. Біздің оқу орнынан шыққан мамандар келешекте еуропалық стандарттармен жұмыс істейтін болады, – деді аталмыш колледж директоры Серік Мұхаметалиев.
Финляндияның ВІМ-технология­ларды пайдалануға көшу кезеңі 30 жылға созылса, Қазақстан 2020 жылы осы технологияны қолдануды бастайды. Финдік «Collaprime» компаниясы – интеллектуалдық 3D үлгілерін пайдалануға негізделген BIM-технологиялары бойынша ғи­мараттарды ақпараттық модель­деу жөніндегі Финляндиядағы ха­лық­аралық марапаттардың иегері. Дәл осы технологиялардың арқа­сында құрылысты және инфра­құ­ры­лымды, инженерлік жүйелерді тиімді жобалайды, салады, пайдаланады. «Collaprime» компаниясының бас директоры Тони Линквистің айтуынша, жаңа технологияларды пайдалану жобалаудың ерте кезеңінде негізделмеген және дұрыс қабылданбаған техникалық шешімдердің орын алуына жол бермейді. «Финдік ноу-хау мен Қа­зақстанның тәжірибесін біріктіре отырып, көптеген инновациялық шешімдер табуға және оларды табысты іске асыруға болады. Бұл технология трансферті ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді инновациялық серіктестіктің негізі, қазіргі жоба­лар­дың сапасын жақсартуға көмек­теседі», – деді ол.
«Финдік бизнес хаб» компания­сының директоры Мұхтар Манкеевтің сөзіне қарғанда, 2020 жылдан бастап еліміз еуропалық құрылыс нормаларына негізделген жаңа құрылыс нормаларына толығымен өтеді. Содан бастап еліміздегі маңызды жобалардың барлығы осы ВІМ-тех­нологияларымен дайындалмақ. Сондықтан оған қажетті адами ресурсты, адами капиталды даярлау маңызға ие. «Қазір қолға алынған жобаның арқасында колледжде жаңа технологиялармен жұмыс іс­тей білетін оқытушылар даярланады. Сол оқытушылар академиялық модуль ретінде студенттерге жаңа мамандық – ВІМ-ді (ақпараттық модельдеу технологиясын) енгізіп, оқытады. Түсінікті тілмен айтсам, бүгінде жобалар қағазға сызылып дайындалады. Енді ақпараттық модельдеу бойынша салынып жат­қан ғимарат қаншалықты энергия үнемдейді, оның сметалық бюд­жеті, осы ғимараттың 20-30 жыл­дағы «ғұмырына» қанша қаржы жұм­салады, амортизациясы қандай болады, ғимаратты қалай дұрыс пайдаланамыз, міне, соның барлығын көрсетіп, айқындап береді», – деді Мұхтар Манкеев.
Колледжге финдік өндірісші «Collaprime» компаниясынан ВІМ-технологиясымен жұмыс істейтін құрал-жабдық орнату жоспарланған. Бұл 1:1 масштаб бойынша 3Д кө­зілдірігін киіп, әлі салынбаған мектеп немесе емхананың іші қандай болатынын визуалды көруге мүмкіндік бермек.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру