Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Қаражат отандық өндіріске қызмет етеді

Ұзақмерзімді шарттар жасалды

Осы жылдың маусымында шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау мақсатында Самұрық-Қазына қоры мен Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе іс-қимыл атқаруға келісім жасаған болатын. Бұл ретте отандық өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аударылып отыр.

Келісімге сәйкес Атамекен ҰКП бағдарламаға қатысуға қызы­ғушылық танытатын отандық компанияларды табады, ал Қор оларды кепілдендірілген тапсырыстармен қамтамасыз етеді. Самұрық-Қазына бастамасы жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға жәрдемдесу және жаңа өндірістерді құру бағдарламасы аясында отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, импортты алмастыру мақсатында жүзеге асырылуда. Бұл жолы KEGOC ұлттық электр торабы операторы жаңадан іске қосылатын Asia Trafo компаниясымен бірінші ұзақмерзімді оффтейк-шарттарға қол қойды. Орталық Азиядағы баламасыз зауыт жоғары вольтті трансформаторлар шығаратын болады. Самұрық-Қазына қоры тарапынан 2 млрд теңгеге жуық көлемде кепілдендірілген ұзақмерзімді тапсырыспен қамтамасыз ету арқасында «Азия Asia Trafo» ЖШС импортты алмастыратын жоғары вольтті құрал-жабдықтарды шығару өндірісін оң жолға қойды. Жаңа жұмыс орындары құрылып, таяу және алыс шетелге экспортқа бағытталған өндірісті дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасы түзілді. Бекітілген келісім аясында KEGOC шунттаушы реакторлар паркін жаңартатын болады. «Самұрық-Қазына» АҚ операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметовтің атап өтуінше, бұл бастамалар жаңа өндірістерді құру, жұмыс орындарының санын ұлғайту, бюджетке түсетін салық түсімдері бағытында бизнестің инвестициялық белсенділігін ынталандырады.
Сондай-ақ ҚазМұнайГаз тобы компанияларымен жасалған кепіл­дендірілген оффтейк-шарттың ар­қасында жаңа KMG Automation кәсіпорны кемінде 250 млн теңгеге қысым датчиктерін құрастыруға тапсырыс алады. Бірлескен кәсіпорын қысым датчиктерін Қазақстанда және таяу шет елдерде баламасы жоқ озық технологиялардың негізінде шығарады.
Қол қойылған шарттар ішкі және сыртқы нарықта жаңа құзыреттерді, бәсекеге қабілеттілікті дамытуды қамтамасыз ететін ғылыми және инжинирингтік орталықтарды құру мен ұйымдастыруды қарастырады. Ұзақмерзімді оффтейк шарттар – бұл тапсырыс берушілердің үлкен көлемде импортталатын тауарларды сатып алу бойынша кейінгі­ге қалдырылған міндеттемелері. Бұл тауарлардың арасынан жаңа трансферттік технологияларды тартумен Қазақстанда игеруге болатын түрлері анықталады. «Бүгінге дейін бұл тауарлар сырт елдерден сатылып алынып, ішкі нарықтың дамуын тежеді. Яғни, қордың, бюджеттің қаражаты шетелге кетіп жатты. Сондықтан да біз Ұлттық палатамен бірлесе осы мәселені шешудеміз. Енді бұл қаражат отандық өңдеуші өнеркәсіптің дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, салық базасын толықтыруға жұмыс істейтін болады. Бұл ретте отандық тауар өндіруші өзі шығаратын өнімнің өзіндік құнын кезең-кезеңмен төмендетуге міндеттеме алады», – деді Ә.Пірметов.
Атамекен ұлттық палатасы бас­қарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов Ұлттық палата мен Қордың отандық өңдеу өнеркәсібінің мүддесі үшін өзара әріптестікті ырғақты дамытып келе жатқандығын атап өтті. Мысалы, отандық өндіруші үшін сатып алудың түбегейлі мәселесі бойынша өзара түсіністікке қол жетті. Енді тапсырушы бұрынғыдай тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді кімнен сатып алуды өз қалауымен ғана шешпей, отандық тауар өндірушіге басымдық береді. Қа­зірде кабельдік-сым өнімдерінің, арнайы аяқ киімдердің сатып алынатын категориялық стратегиялары бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Өнім­дердің көлемі, техникалық сипаттамалары, тапсырушылар мен отандық өндірушілер анықталды. Енді өз кәсіпорындарымызда ке­пілдендірілген тапсырыстар орналастырылады. Сонымен қатар Қор­дың еншілес компанияларымен ұзақмерзімді оффтейк-шарттар жасасу мүмкіндігімен бизнестің жаңа өнімдер өндірісін игеру бойынша өтінімдері де қаралуда. Келешекте темір жол саласында машина жасау өндірісінің тауарларын, химиялық өнімдерді, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіптің басқа да секторларының өнімдерін игеруге оффтейк-шарттарды бекіту көзделген.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру