Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Теңгенің құны қанша болады?

Мұнайдың қазіргі бағасы ешқандай сенім туғызып отырған жоқ. Әйтсе де жағдайды реттеуге әлі де кеш емес, дейді сарапшылар. Біз үшін қызықтысы, мұнай зуылдап арзандаса да, теңге тұрақтылығын сақтап тұр. Доллар 400 теңгеге дейін шарықтап кете ме, әлде керісінше, құлай ма – бұл көптеген факторларға тәуелді. Түрлі саладағы мамандар пікірін ескере келе, елеулі дегендеріне талдау жасап көрелік.

Желтоқсаннан үміт күтуде мұнайшылар

Әйгілі Форекс халықаралық қаржылық нарықта қызмет көр­сететін брокер-компанияның бас директоры Екатерина Серединская «теңге іс жүзінде екі ай бойына арзандаудан танбаған мұнай «мінезіне» селт еткен жоқ дейді. Оның пікірінше, бұлай ұзақ жалғасуы мүмкін емес. Біріншіден, біздің бюджетіміздің кірістері көп жағдайда энергия тасымалдаушыларға тәуелді.
Мұнай бағаларының бұдан арғы «мінез-құлқын» Середин­ская ханым, 6-ыншы жел­тоқ­санда өтетін, ОПЕК елдерінің сам­митімен тікелей байланыстырады.
Егер олар мұнай өндіруді қысқарту туралы келісе алмаса, бағалар да құлдырауын жалғастыра береді.
– Мұнан басқа, Э.С.Набиул­линаның (РФ Орталық банкінің төрайымы – ред.) айтуынша, Ресей Орталық банкі 2019 жылдың қаңтарында валютаны сатып алу нарығына қайтып оралады. Бұл рубль бағамына қысым көрсетеді. Ал, өздеріңізге мәлім, теңге ресейлік валютаның серпінін күшті сезінеді, – деп ашығын айтты сарапшы.
Ал, кімде-кім шетелдік валюта сатып алу туралы ойланса, Серединская евроға назар аударуға кеңес береді.
– АҚШ Федрезерв (америка­лық Федералдық резерв банкі – ред.) басшысы өз сөзінде «кө­гершіндей» гуілімен нарықты таңқалдырды. Пауэлл «2019 жылы мөлшерлемелерді біртін­деп арттыру» туралы еске де алмады. Ол мөлшерлемелердің іс жүзінде бейтарап деңгейге жеткенін атап көрсетті. Осы мә­лімдемені негізге алар болсақ, онда желтоқсандағы мөл­шерлемелердің күтіліп отыр­ған кезекті көтерілуінен кейін реттеуші тарапынан ұзаққа созылар кідіріс іске аспақ деп бол­жауға болады, – деп түйін­дей­ді сарапшы.
Мұнан басқа Серединс­кая «орта мерзімді кезеңде Еу­ро­палық Орталық банктің ақша-кредит саясаты біртіндеп қа­лыпқа келетінін» атап айтты. Сөйтіп, оның ойынша, бұл фак­торлар долларға қатысты евроның өсуіне әкеліп соғуы мүмкін.

Теңгеге сауда текетірестері де  әсерін тигізеді

Шындап келгенде, ОПЕК мәжілісін ресейлік сарапшылар да елегзіп күтуде.

Мәскеудегі «Халықаралық қар­жылық орталықтың» сарапшысы Владимир Рожанковский «Российская газета» басылымына берген сұхбатында бұл шараны «осы аптаның маңызды оқиғасы» деп атады.
Ол саудтықтардың мұнай өндіруді тәулігіне 10 миллион баррельден аса, ал АҚШ тіпті 11,5 миллион ға дейін көтеріп жібергенін еске салды. Бұл – рекорд.
Сөйтіп, турасын айтқанда, нарық­ты мұнаймен толтырған, жоғары ұсыныс автоматты түрде бағаларды еркімен қоя береді.
– Егер 6 желтоқсанда ОПЕК өн­дірісті қысқартуға шешім қабыл­даса, бәлкім, мұнай бағасы қайтадан өседі, – дейді ол.
Тағы бір брокерлік те қызмет көрсе­тетін халықаралық инвестициялық Forex Optimum компаниясының жетекші талдаушысы Иван Капустянский мұнай бағаларының бұдан арғы күйіне қатысты түңілген ниетте. Ол бұған дейін ескерілген факторлардан өзге болжамдарға Қытай мен АҚШ-тың одан әрі жалғасып отырған сауда текетірестері әсер етеді деп мәлімдеді.
– Осындай жағдайларда егер ОПЕК жаңа шаралар қабылдамаса, мұнайға бағалардың құлдырауы жалғаса түсуі әбден мүмкін. Амери­калық өндірушілер бұл үрдісті мей­лінше жеделдетеді, – деп ашық айтты ол.
Оның үстіне, АҚШ мұнайшылары мұнай өндіру бойынша рекордтарды бірінен соң бірін жаңартуда.
– Басқа жағынан алғанда, – дейді сарапшы, – картель құрамындағы елдер өндіруге жаңа шектеулер туралы келісімге келіп, осылайша 2019 жылы олар мұнай бағасына қолдау көрсететініне үміт те сақталған болар еді.
– Бұған қоса, мерзімсіз негізде жұмыс істейтін нобайлы шарт та әлі күнге дейін ұсынылмай отыр. Бұл туралы Сауд Арабиясы мен Ресей өкілдері бірнеше рет айтқан болатын. Бәлкім, осы жолы оның жұмыс механизмдері айқындалып та қалар, – дейді ол.
Теңге бағамына қатысты Капустянский биылғы жылдың соңында оның «секірістері» күтілмейтінін айтады.
Әйтсе де, соңғы кездері азғантай мерзімге болса да кейбір толқулар болды.
– Жалпы алғанда валюталық жұп соңғы бірнеше айлардағы орташа мәніне жуық 370-368 деңгейінде қалды. ОПЕК кездесуіне дейін оның баға кесімі тұрақты күйінде қалады. Дұрысы, 2018 жыл осы деңгейлерге жуық күйде жабылатын сияқты, – дейді сарапшы.
Алайда, егер мұнай бағасының төмендеуі жалғаса берсе, 2019 жылы теңгенің әлсіреуінен құтыла алмайтын сыңайлымыз.

Болжамдар –  тек жобалау ғана

Жаһандық қаржылық нарықтарда инвесторлар үшін қызметтердің кең аясын ұсынатын TeleTrade компаниялар тобының валюталық стратегі Александр Егоров «шындығында валюталық бағамдар өте көп фактор­лардың әсеріне тәуелді, ал болжамдар абсолюттік дәлдікпен ешқашанда орындалмайды», деп атап көрсетеді.
– Ағымдағы кезеңде мұнай ба­ғасы барреліне 60 долларға жуық деңгей көлемінде тұрақтанды. Бұл – маңызды психологиялық деңгей, бұдан төмен деңгейде бекуі ОПЕК тарапынан өндірісті қысқартуға дейінгі агрессивтірек қадамдар туындауына әкеліп соғуы мүмкін, – деді ол.
Теңгенің бағамы, деп атап көр­сетеді Егоров, тек Қазақстанның өзінікі ғана емес, жалпы дамушы елдер экономикасы валюталарының да жағ­дайларына тәуелді. Қазіргі жағдай доллардың өсу әлеуеті туралы да айтуға мүмкіндік береді. Оның жобалауынша, теңге бағамы 380-ге өсуі мүмкін. Бірақ та нарыққа қатысушылардың көңіл-күйлері өзгеруі де жоққа шығарылмайды.
Мәселен, мұндай жағдай АҚШ федералдық қоры бойынша мөлшер­лемелердің жоғарылау тізбегі аяқ­талған соң туындауы мүмкін.
– Егер де америкалық валюта әлемдік валюталармен салыстырғанда әлсірей бастаса, теңге серпіні де өзгереді. Бұлай болған жағдайда 2019 жылдың басында теңгенің бір долларға басым ауқымы 350-360 деңгейінде болады, – деп қорытты А.Егоров.
Сарапшылар не десе де, нақты жағдай күнделікті тыныс-тіршілік ағымымен ғана өлшенеді. Әрине, валютамыздың құбылмалылығы, түптеп келгенде, тауарлар мен қызметтер көрсетудің қымбаттауына ұрындыратыны көпшілікті айрықша толғандырады. Сондықтан да қарапайым халық үшін теңгеміздің тұрақты болуы маңызды, бұған Ұлттық банк тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстардың айтарлықтай әсері барын да жоққа шығара алмаймыз. Ал, оның қаншалықты тиімді екенін алдағы күндер еншісіне қалдырамыз, жыл қорытындысы бәрін өз орнына қояды, оған да көп уақыт қалған жоқ.

Исатай ҚАМБАРОВ   


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру