Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Трансазиялық газ құбыры қалыптасты

Үш бірдей компрессорлық станция іске қосылды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында елімізде жоғары технологиялық компессорлық станциялар іске қосылды. Оңтүстік өңірлерді газбен толық қамтуға және отандық газ экспортын ұлғайтуға жол салатын айтулы өндіріс нысандарының жұмысы онлайн режимінде ҚазТрансГаздың бас диспетчерлік орталығынан салтанатты түрде бастау алды.

ҚазМұнайГаз және ҚазТрансГаз компаниялары Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральді газ құбырында Арал компрессорлық станция­сын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай магистральді газ құбырының С желісінде №5 және №7 компрессорлық станцияларды іске қосты.

Жаңа индустриялық нысандар жұмысының басталу сәтінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл газ құбыры былтырдан бері экспорттың жаңа бағытына – Қытайдың жылдам дамитын нарығына жол ашқандығын атап өтті. №5 және 7 компрессорлық станциялардың жұмысы С желісінің өткізу қабілетін жылына 20-дан 25 млрд текше метр газға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен барлық үш А, В және С же­лілерінің жиынтық қуаты 55 млрд текше метр газды құрайды. Осылайша еліміз транзиттік әлеуетін ұтымды пайдалана алды. №5 және №7 компрессорлық станция­лар­ды пайдалануға енгізумен, төрт мемлекетті – Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қытайды біріктіріп тұрған Орталық Азия-Қытай трансазиялық газ құбырын қалыптастыру жөніндегі ауқымды жұмыстар аяқталады. Сондықтан бұл оқиға Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ өңірдегі барлық мемлекеттер үшін де маңызды. Бұл ретте отандық газ-көлік жүйесі жаңарып, Еуразиялық өңірде ең мықты инновациялық жүйе болып отыр. Қазақстан-Қытай магистральді газ құбыры – отандық газ саласының ең ірі халықаралық газ тасымалдау жобасы болып табылады. Әрбір А, В және С желілерінің ұзындығы 1310 километрді құрайды. Магистральдар жұмысы басталысымен 2008 жылы 16 индустриялық жоғары технологиялық объектілер, олардың ішінде 13 компрессорлық станция бой көтерді. Бүгінгі таңда газ құбыры бойынша 250 млрд текше метрден астам газ тасымалданды.
Мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөлге ие іргелі жоба – Бей­неу-Бозой-Шымкент газ құбыры. Тә­уелсіз Қазақстан тарихындағы ірі құбырлық желіні орнату арқылы еліміздің бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құру, оңтүстік өңірге тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз ету және қазақстандық газды сыртқы нарыққа экспорттауды ұлғайту туралы үш маңызды міндет шешіліп отыр. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыс тұрғындарын осы маңызды оқиғамен құттықтап, Арал компрессорлық станциясы ең қысқа мерзімде – бар-жоғы 7 айда салынғандығын, бұл ретте жаңа жұмыс орындары құрылып, алыс шалғайда жатқан аудандар мен ауылдарды газдандыру қарқынды жүріп жатқандығын атап өтті.
– Ұлы даланың қуатын ел игілігіне жұмсау мүмкіндігін тәуелсіз еліміздің қарқынды дамып келе жатқанының бір дәлелі ретінде атауға болады. «КазТрансГаз» АҚ қызметкерлері бөлінген қаржыға рекордтық уақыт ішінде өте маңызды нысанды іске қосып отыр. Сонымен қатар жақын арада Қорқыт ата компрессорлық станциясы іске қосылады. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Қараөзек компрессорлық станциясынан бастап Астанаға қарай Сарыарқа магистральді газ құбырының құры­лысы басталып, Елордамызға көгілдір отын жеткізу жобасының басталуына куә боламыз, – деді аймақ басшысы.
Бүгінгі таңда Қызылорда облы­сының әкімдігі мен «ҚазТранс­Газ Аймақ» АҚ арасындағы мемо­рандумға сәйкес, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарын және Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Биыл Энергетика министрлігінің қолдауымен қалған 3 аудан орталығын – Тереңөзек, Жалағаш және Жосалыны газдандыру жұ­мыстары басталды, 2020 жылы барлық 7 аудан орталығын көгілдір отынға қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда өңірде облыс халқының 63%-і табиғи газбен қамтамасыз етілген, 2020 жылға қарай газдандыруды 95%-ке жеткізу міндеті қойылған.
Газ құбырларының өткізу мүмкін­діктерін арттыру еліміздің ішкі қа­жеттілігін толық қамтамасыз етіп, экспортты ұлғайтуға ықпал етеді. Магистральдар қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін мемлекеттік цифрландыру бағдарламасы шеңберінде газ объектілерінде SCADA жүйесі орнатылған. Аталған бағдарла­ма компрессорлық станциялар функ­цияларының өлшемдерін ба­қы­лаумен қатар бүкіл ақпаратты жинақтап, өңдеп, деректерді онлайн режимінде беріп отырады. Компрессорлық станциялар мен SCADA жүйесі General Electric, Siemens, Cummins, ABB, Huawei және басқы жетекші дүниежүзілік өндірушілерден шығарылған қазіргі заманғы жабдықтармен жарақталған. Инновациялық жабдықтар мен кешенді көмекші жүйелер жұмыстың барлық кезеңінде газды қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан іркіліссіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде еліміздің газ-транспорттық жүйесінің тех­нологиялық әлеуетін кеңейту тасымалдау мөлшерінің өсіміне ай­тарлықтай әсер етіп отыр. Өткен жылдың қазан айынан бері Қытайға экспорттала бастаған газ көлемінің бір жыл ішінде 5 миллиард текше метрге жетуі – осының жарқын мысалы. Алдағы жылдан бастап ҚазТрансГаз компаниясы PetroChina International Company Limited ұйымымен жасасқан бес жылдық шартқа сәйкес, қазақстандық газ экспорты 10 миллиард текше метрге дейін өспек. ҚазТрансГаз ақпараты бойынша, бұл елімізге 2 миллиард доллардан астам валюталық түсім әкеледі.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру