Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Техника тұралап қалмайды

Жаңа кешен жағдайды өзгертеді

Қазірде кез-келген заманауи кәсіпорын өндіріске озық технологияларды енгізіп, сервистік инфрақұрылымды дамытуға ұмтылады. Осы секілді, тау-кен металлургиясы секторындағы көшбасшылардың бірі – ERG де әлемдегі ірі компаниялар деңгейіне жету үшін кәсіпорындарда тиімді өндіріс орнатуға зор мән беруде.

Соңғы жылдары Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінде тау-кен техникасына қызмет көрсету мен жөндеу мәселелері оң шешімін табуда. Осылардың қатарында жуырда Еуразиялық топ құрамындағы ССКӨБ Қашар өндірістік ала­ңында ауыр жүктасығыш самосвалдар мен жол-құрылыс техникаларын жөндеуге арналған бокс ашылғандығын атап өтуге болады. Бұл кәсіпорынның осы бөлімшесіндегі сервистік инфрақұрылымды жақсарту жобасының аясында жүзеге асқан. Енді «ССКӨБ» АҚ Қашар кен басқармасында Caterpillar маркалы ауыр жүктасығыш самосвалдар мен жол-құрылыс техникаларына техникалық қызмет көрсету мен қысқамерзімді жөндеу жұмыстары қайта жаңғыртылған бокста өткізілетін болады. Тех­нологиялық жабдықтарды жөндеу басқармасы жүргізген жұмыстардың нәтижесінде қоймаға арналған ескі орын бір айдың ішінде маман үшін қолайлы жұмыс жағдайлары қарастырылған жөндеу базасына айналды. Бұл өз кезегінде техниканың тұрып қалу уақытын қысқартып, авто­парктің техникалық даярлығы коэффицентін арттыруға ықпал етеді. Кәсіпорын мамандарының айтуынша, бұрын Қашар ала­ңында негізгі жөндеу корпусы болғанымен, оған жүк машиналары мен жол-құрылыс техникасы сыймай, кейбір жұмыстарды далада жүргізуге тура келген.
Бұрын қойманың қызметін атқарып, енді қалпына келтірілген бокста ССКӨБ-тің тұрақты се­ріктесі саналатын Borusan Makina фирмасының механиктері өз міндеттеріне кірісіп кетті. Енді екі әкімшілік бөлме мен техникалық қызмет көрсету және жабдықтарды қысқамерзімді жөндеуге арналған орын – механиктер құзырында. Қазіргі сәтте сервистік инженерлер бірлестіктің 73 бірлік тау-кен көлігі техникасына қызмет көрсетеді. Арнайы бөлінген орында майды үлестіру үшін контейнерлер орнатылған. Машинаның майын ауыстыру кезінде көп уақытты үнемдейтін осы контейнерлердің жөндеушілер үшін жөні бөлек. Мысалы, бір автосамосвалға немесе жол-құрылыс техникасына техникалық қызмет көрсетуге майды үлестіргіш контейнерсіз орташа есеппен 8 сағат жұмсалса, енді бұл көрсеткіш 5 сағатқа дейін қысқарды. Бұл ретте май тазалау сүзгілеу жүйесі арқылы өтеді. Жөндеу боксы еңбекті қорғаудың барлық нормалары сақталған жаңа технологиялар бойынша құрылды. Жаңа жабдық қауіпсіз еңбек жағдайына кепілдік беріп, денеге түсетін ауырлықты айтарлықтай азайтады.
Қазіргі уақытта Қашар өн­дірістік алаңында кеніштегі негізгі шаруашылық жұмыстарын атқару үшін Caterpillar маркалы 90 тонналық 4 самосвал мен 24 бірлік жол-құрылысы техникасы пайдаланылуда. Осы машиналардың уақытылы жөндеуден өтуі, оларға дер кезінде техникалық қызмет көрсету жұмыстың тоқтаусыз жүруіне, еңбек өнімділігін арттыруға тікелей әсер етеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру