Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Мұнай-газ кешені – Қазақстан экономикасының негізгі өзегі

Мұнай өнеркәсібі – отандық экономикадағы нақты сектордың жетекші саласы. Республикамыз мемлекеттік тәуелсіздікке ие болғаннан бері өткен ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізде «қара алтын» өндіру көлемі үш еседен астам артты. Қазір Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарында он алтыншы орынға табан тіреген. Ал осы шикізатты ең көп көлемде экспорттайтын елдердің тізімінде ол он бірінші орынды иеленеді.

Бүгiнгi таңда Каспий тенiзi ай­мағында тәулiк сайын өндiрiлетiн 2,5 миллион баррель мұнайдың шамамен алғанда үштен екiсi Қазақстанның үлесi болып табылады. Оның үстiне бiздiң елiмiздiң экономикасы – бүкiл Орталық Азиядағы ең iрi экономика.
Өткен 2017 жыл барысында оның ЖIӨ (жалпы iшкi өнiмi) номиналды тұрғыдан алғанда 4 пайызға өсiп, 159,41 миллиард доллар деңгейiне жеткен. Адам басына шаққанда, бұл 8841 долларды құрайды.
Басқаша айтқанда, Қазақстан­ның бүгiнгi экономикасы 1990 жылғымен салыстырғанда әлде­қайда мықтырақ. Онын үстiне осы 2018 жылға нақты (реалды) түрде тағы да 3,5 пайыз өсiм жоспарланып отыр. Нәтижесiнде ЖIӨ көлемi шамамен 170 миллиард долларға дейiн ұлғаймақ. Бұл – ғаламат көрсеткiш. Өткен жылы 50 миллионға жуық халқы бар Украинада ЖIӨ 98 миллиард доллар деңгейiне әрең жетiп тұрған. Қазақстанды қазiр соншалықты асқақтата көтерiп отырған басты күш – сол «қара алтын».
Бұрынғы КСРО, кейiнгi ТМД ауқымында негiзiнен мұнай және газ өндiрумен шұғылданатын 4 ел бар. Олар – Ресей, Қазақстан, Әзербайжан және Түрiкпенстан. Бұлардың iшiнде Қазақстаннан басқа үшеуi мұнай не газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсеткiштерiне қайтып көтерiле алмай отыр.
Бұлардың қатарына Өзбекстанды да қосуға болар едi. Бiрақ бұл елдiң экспорттық мүмкiндiктерi де, өндi­рiстiк мүмкiндiктерi де тым шек­теулi. Оның мұнайы бұрын өзiне де жетпейтiн. Тәуелсiздiк алғаннан бергi уақыт iшiнде Өзбекстан өзiн-өзi осы шикiзатпен қамтамасыз ету биiгiнен көрiнуге қол жеткiздi. Ал газ жағынан алғандағы Өзбекстанның жағдайы, әрине, бiршама артық. Ол оны да алыс шетелге сата алмағанмен, айналасындағы Түрiкпенстаннан басқа 3 елдi – Қырғызстанды, Қа­зақ­станды және Тәжiкстанды – әзiрше өзiне тәуелдi етiп ұстап отыр. Осының арқасында ол газ қорының үлкендiгi жағынан Ресей түгiлi Тү­рiкпенстанмен де бәсекелесе алмайтын болғанына қарамастан, оны өндiру жағынан ТМД-да кейде екiншi орынды иемденiп жүрді.
Ал әлемде Өзбекстан осы көрсет­кiш бойынша алғашқы он бес мем­лекеттiң қатарынан табылады. Бұл ел өз газын 52 кенiштен өндiрiп алып отыр. Оның iшiндегi Шуртан, Газли, Памук және Хаузак сияқты ең iрi 12-сі бүкіл өнімнің 95 процентiн бередi.
Ал Қазақстанның жағдайы басқаша. Ол өзiнiң газға қатысты Өзбекстанға тәуелдi болуынан арыла алмай отыр. Қарашығанақ сияқты ғаламат газ кенiшi бар ел үшiн бұл келiссiз жайт болып табылады. Бұндай жағдай Қазақстанның газ өндiрудi кеңес заманындағымен салыс­тыр­ғанда бiршама арттырғанына қара­мастан орын алып отыр. Мәселен, 1985 жылы республикамыз 5,5 млрд. текшеметр газ өндірген болатын. Ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 18,5 млрд. текшеметрге жетті.
Мұнайдың жағдайы болса бiзде басқаша қалыптасты. 1992 жылдан былай қарай бұрынғы кеңес республикаларының, кейiнгi ТМД елдерiнiң барлығында да экономи­калық көрсеткiштердiң құлдырай бастағаны белгiлi. Бұл үрдiстiң мұнай-газ өндiру саласына да тiкелей әсерi болды. Мәселен, Ресейде мұнай шикi­затын өндiру көрсеткiшi 2 есеге жуық қысқарды. Сөйтiп, ол «әлемдегi нөмiрi 1 өндiрушi» атағынан айрылды. Бiрақ бұл жерде бiр нәрсенi атап айтып кеткен жөн.
Өндiру көрсеткiшiнiң тұтыну көрсеткiшiне тiкелей байланысты болатыны белгiлi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ресейдегi мұнай өнiдiрiсi көлемiнiң азаюы негiзiнен iшкi нарықтың (рыноктың) есебiнен болып отырғанын аңғарамыз. Ал сыртқы нарыққа келетiн болсақ, онда барынша көп мұнай шығаруға Ресей мұнай компаниялары тырысып бағып жатыр.
Ал, кеңес заманында жылына 80 млрд. текшеметр газ өндiрiп отырған Түрiкпенстанның кейiнгi көрсеткiшi 20 миллиардқа да жетпей қалыпты. Түрiкпен елiндегi осындай риясыз жағдай Ресейдiң өз газ нарығына (рыногына) ортаазиялық шикiзаттың келуiне бiрталай шектеулер қоюына байланысты қалыптасқан. Ал «Рейтер» агенттiгiнiң мәлiметi бойынша, Түрiкпенстандағы газ өндiру көрсеткiшi 90-ыншы жылдардың басынан 2000 жылдардың басына дейiн 7 есе қысқарған. Яғни шамамен 90 миллиардтай текшеметрден тура 13 миллиард текшеметрге дейiн кемiген. Бірақ кейінгі онжылдық барысында Түрікпенстандағы өнім көрсеткіші қайтадан өсіп, 50-60 миллиард текшеметр деңгейіне дейін жетті.
Қалай дегенде де Түрiкпенстан­ның газ өнеркәсiбiнiң қазiргi таңда бұрынғы күйіне жете алмай отырғаны хақ. Ал бұл елдiң экономикалық даму тұрғысынан алғанда осы саладан басқа артар үмiтi жоқ екенi ешбiр құпия емес. Дегенмен, әу баста мемлекет тарапынан халыққа берiлген уәде осы уақытқа дейiн күшiн жойған жоқ. Елдегi әрбiр отбасына шектеулi бiр мөлшерде газ бен электр жарығы тегiннен-тегiн берiледi. Басқаша айтқанда, өндiрiлiп шығарылған түрiкпен газы сыртқа шығар үлкен жол таба алмаған соң, негiзiнен iшкi қажетке жарап жатты.
Сонымен, энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi өндiрiстiк көрсеткiштерi ең керi кеткен ел – Түрiкпенстан.
Каспийдiң тура арғы бетiнде орна­ласқан Әзербайжанның жағдайы оныкiне қарағанда әлдеқайда жақсы. Бұл негiзiнен мұнайлы ел екенi белгiлi. Бiрақ бұл да салыстырмалы түрдегi ғана жетiстiк. Мәселен, 2003 пен 2004 жылдардағы жылдық көрсеткiш 15-16 млн. тонна төңiрегiнде болды. Немесе тәуліктік көрсеткішпен есептегенде 310-330 мың баррель аралығында болды. Бірақ 2005 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры салынып бітіп, 2006 жылдан бастап ол шикізат тасымалдауға кіріскен соң, Әзербайжанда мұнай өндірудің көлемі күрт ұлғая бастады.
2012 жылғы көрсеткіш 46,395 млн. тонна болды. Әрине, бұл 1985 жылғы көрсеткiшпен – 13,142 млн. тонна – салыстырғанда әлдеқайда көп.
Ендi Қазақстанға келейiк. Бiздiң ел 1997 жылдың өзiнде-ақ өзiнiң мұнай өндiру тарихындағы ең үздiк көрсеткiштерiне жақын барды. Бұл әлгi энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi ең үздiк көрсеткiш. Қалған үш елдiң – Ресейдiң, Әзербайжанның, Түрiкпенстанның – ауылы бұндай жетiстiктен ол кезде алыста болған. Қазақстанның көрсеткiшi айналасы үш жылдың iшiнде, яғни 1994 жылдан 1997 жылға дейiн 20,2 млн. тоннадан 25,7 млн. тоннаға дейiн өстi. Таза өсiм – 5 млн. тонна. Келесi 1998 жылы мұнайдың әлемдiк бағасының күрт түсiп кетуiне байланысты осы шикiзатты өндiру көрсеткiшiн әрi қарай өсiрудiң қисыны болмады. Ал 1999 жылдың көктемiнен бастап әлгi баға бiрнеше жыл құлдыраудан кейiн қайта өсе бастады. Демек, мұнайды халықаралық пиясаға шығару жолдары тарапынан жаңа кесел пайда болмаса, Қазақстанның жуық арада мұнай өндiру жағынан жыл сайын бiр рекордтан екiншi рекордқа қол жеткiзе беруi мүмкiн. Бiрiншi рекорд сол 1999 жыл болды. Онда Қазақстанның өнiмi бұрын-соңды болып көрмеген 30 млн. тоннаға дейiн жеттi. 2000 жылғы көрсеткiш 35 млн. болса, 2001 жылы – 40 млн. тоннаға, 2002 жылы – 47 млн. тоннаға, 2003 жылы – 54 млн. тоннаға, 2004 жылы 60 млн. тоннаға жеттi. 2010-2013 жылдар барысында орташа көрсеткiш 75 млн. тоннадан асып отырды.
Бiрақ бiзде де мұнайды ел iшiнде өңдеу, яғни өз еңбегiмiзбен одан дайын өнiмдер шығару барған сайын азайып бара жатыр. Мәселен, Қазақстанның зауыттары 1990 жылы – 17,8 млн., 1991 жылы – 18,0 млн. тонна мұнай шикiзатын өңдеп, одан дайын тауар шығарды. Бұл көрсеткiш 1994 жылы – 11,7 млн., 1997 жылы – 9,2 млн. тоннаға дейiн түсiп кеттi. 1998-2005 ж.ж. аралығында тұтыну осы деңгейде қалды. 2013 жылғы ішкі мұнай әңдеу көлемі 14,3 млн. тоннаны құрады.
Осы жерде бір айта кететін нәрсе мынау. Қазақстанда тұтынылатын көлемнің жартысына жуығы өзiмiзде өндiрiлетiн мұнайдың есебiнен. Қалғаны Ресей сияқты көршi елдерден әкелiнетiн мұнай өнiмдерiнiң есебiнен. Басқаша айтқанда, өзiмiз мұнайды көп қылып өндiргенмен, оның қызығын да, жақсылығын да былай қойғанда, сол шикiзаттың өзiне зар болып отырмыз. Қазіргі уақытта бензиннің бір литрі бағасының 128 теңгеге жеткені соның дәлелі болса керек. Бір қызығы, сол қымбатшылық ең алдымен сол мұнай өңдейтін зауыттары бар жерде байқалады.
Мәселен, сол Атырау – Қазақстан мұнайының астанасы. Атырау облысын жеке алып қарайтын болсақ, оны энергия шикiзатына байлығы жағынан iшкi нарығы ағыл-тегiл мұнайы ауыз суынан арзан Парсы шығанағы елдерiмен салыстыруға болады. Бiр айырмашылығы – атыраулықтар үшiн ауыз суы да, мұнай да тапшы. Жарайды, қазақ деген төзiмдi, көнбiс халық қой. Бұған да төзер, көнер. Әйтеуiр, жалпы жағдай сол мұнайдың үйде қалмай, сыртқа кеткенiнен түзелсе бопты.
Сонымен, елдегi әлеуметтiк-эко­номикалық жағдайдың бұрындары бiршама қиындап кетуiне орай аталатын негiзгi себептiң – мұнай бағасының арзандауының – күшi 1999 жылы-ақ қайтты. Сонда ендi елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайы аз да болса жақсара ма деп күтуге бола ма? Мен бұл жерде қағаз жүзiндегi емес, ел iшiнде күтулi игi өзгерiстердi айтамын.
Мұнай қымбаттай бастағаннан бергi он бес жылдай уақыт iшiнде мұнайдың әлемдiк бағасы да, Қазақ­станның оны халықаралық нарыққа шығаруы көрсеткiшi де бiраз өстi. Өткен жылы елімізден экспортқа 80 млн. тоннаға жуық шикізат шы­ғарылыпты. Биылғы көрсеткіш те аз болмайтын болса керек. Бірақ кейінгі кезде мұнай бағасы қайтадан түсіп, 70 доллардан астам болып тұр.
Бірақ елдегі әлеуметтік-эконо­микалық жағдай әлі де болса біршама күрделі болып тұр. Қымбатшылық белең алып барады. Ал жұрттың табы­сының соншалықты тез өсуі бай­қалмайды. Алайда, Қазақстанның мұнай саласы елдегі әлеуметтік-эко­номикалық жағдайдың дұрыстап оңалуына септігін тигізе алады деген үміт жоқ болмаса керек.

Марал САЛЫҚЖАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру