Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Экономикалық белсенділік өсу үстінде

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Әлемдік шикізат нарығындағы оң өзгерістер ел экономикасына да жағымды ықпал етуде. Соңғы деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың басынан бері мемлекеттік бюджет тарапынан бөлінетін әлеуметтік шығыстар мөлшері және нақты жалақы көлемі өскен, банктер тұтынушылық мақсаттарға несиелерді молынан аудара бастаған, сөйтіп, сұраныс артып, халықтың жан басына шаққандағы кірістері ұлғайған. Мұнай-газ саласындағы, өңдеу өнеркәсібіндегі және құрылыстағы жобаларды іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін негізгі капиталға тиесілі инвестициялар ағымдағы жарты жылда 23 пайызға артқан. Мұның барлығы экономикалық белсенділіктің өсуі аясында жүзеге асып отыр.
Қаржылық реттеуші – Ұлттық банктің баға­лауынша, 2018-2019 жылдары еліміздегі эконо­микалық өсу қарқыны тиісінше 3,5 және 2,6 пайызды құрайды. Осы орайда реттеуші жылына төрт рет болжам жасайтынын, бұлардың барысында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге талдау жасап, ең алдымен орта мерзімді кезеңдегі инфляцияны шолып өтетінін айта кетуіміз керек. Соның негізінде ақша-кредит саясаты, атап айтқанда базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша шешім қабылданады. Бас банк үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанына қатысты кезекті болжамын 1 қыркүйекте аяқтады. Болжамды кезең 2018 жылғы тамыз-қыркүйектен бастап 2020 жылдың бірінші тоқсаны аралығындағы уақытты қамтиды. Базалық сценарий ретінде бір баррель үшін 60 АҚШ доллары деңгейіндегі мұнай бағасы қарастырылды. Болжамға сәйкес жылдық инфляция үстіміздегі жылы 5-7 пайыздық нысаналы дәліз ішінде болады. Ал, келесі жылы ол 4-6 пайыздық жаңа нысаналы дәлізге бір қалыпты кіре бастайды. Ағымдағы ахуалға көз салсақ, ішкі жалпы өнімнің өсуі бойынша алғышарттар биыл елеулі өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Жоғарыда атап өткеніміздей, үстіміздегі жылғы экономикалық белсенділіктің оң серпіні тұтынушылық несиенің ұлғаюы арқылы қамтамасыз етілген ішкі тұтынушылық сұраныстың артуы аясында байқалып отыр. Халықтың нақты ақшалай кірістері оң тұрғыда өсіп келеді. Тау-кен өндірісі саласындағы жобаларды іске асыру және тұрғын үй құрылысына қаражат құю нәтижесінде инвестициялық белсенділік сақталуда. Қашаған кен орнындағы мұнай өңдеу мен экспорттау көлемдерінің ұлғаюы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортының жалпы өсуіне әсер етіп отыр. Жоғарыдағы болжам бойынша келесі, 2019 жылы экономикалық өсу қарқыны баяулауы ықтимал, бұл айырбас бағамының әлсіреуіне, сондай-ақ тұтыну несиелерін берудің шектелуіне орай ішкі сұраныстың кемігеніне байланысты орын алуы мүмкін. Бас банктің жаңартылған пайымына сәйкес экономиканың сыртқы әсерлерге ұшырауы сақталады, ал мұнай бағасы бұрынғысынша экономикалық белсенділік серпінін айқындайтын маңызды фактор күйінде қалады. Бір баррель үшін 40 АҚШ доллары болжамы орын алып жатса, жылдық инфляция 2018-2019 жылдардағы нысаналы дәліздің жоғарғы шегінен асуы әбден мүмкін, ал мұның өзі ақша-кредит саясаты тарапынан тиісті шаралар қолдануды талап етеді.
Дерек пен дәйекке жүгінсек, 2018 жылғы қаңтар-шілдеде қысқа мерзімді экономикалық индикатордың мәні 104,9 пайыз болды. Бұл орайда 5,4 пайызды құраған тау-кен өндірісі және 4,9 мөлшеріндегі өңдеу өнеркәсібі, 4,9 пайыздық көлік және 5,2 пайыздық байланыс, 6,1 пайыз аясындағы сауда салалары өсуге оң үлес қосты. Осыған орай экономиканың одан әрі өрлеу серпініне қатысты пайымдаулар болжамға сәйкес келесі жылы сәл баяулағанымен, біршама жоғары деңгейде сақталуы да ықтимал. Қоңсы қонған елдердегі ахуалға келсек, негізгі сауда әріптестеріміздегі ағымдағы инфляция нысаналы көрсеткіштен төмен болып қалыптасты. Ал, мұның өзі еліміздегі жағдайға ықпал етуі мүмкін. Алдағы 1-2 жылда инфляцияға әсер етуі мүмкін көрсеткіштер серпінін мұқият қадағалап отырған реттеуші орган осы кезеңде түзету шараларын қабылдауды қажет деп санамайды, дегенмен нақты және болжамды инфляциялық қысым күшейген жағдайда ақша-кредит саясатын қатаңдату мүмкіндігін жоққа шығармайды. Биыл жылдық инфляция нысаналы деңгейінде қалыптасып, көрсеткіштер бойынша азық-түлік тауарлары және ақылы қызметтер бағасының өсуі баяуласа да, азық-түлікке жатпайтын құрауыштар инфляцияның жалпы деңгейінің бұдан әрі төмендеуіне кедергі жасауда. Ұсыныс тарапынан болатын факторлар арқылы айқындалатын тұтынушылық инфляцияға көбіне өндірушілердегі, әсіресе өңдеуші өнеркәсіптегі бағаның өсуі, ұсыныстың күтілмеген күйзелістері, сондай-ақ жиынтық, яғни тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың кеңеюі ықпал етуде. Орта мерзімді кезеңде бұлардың инфляцияға ықпалы бірте-бірте азаяды. Алайда, қалпына келе бастаған ішкі сұраныстың, сол сияқты әлемдік экономика көрсеткіштері ықпалының күшеюі ықтимал. Бұл ахуал қазіргі таңда дамушы елдер валюталарының құнсыздануы аясында байқалған ұлттық валюта бағамының әлсіреуіне, сыртқы инфляциялық аяның нашарлауы мен монетарлық жағдайдың қатаңдауына байланысты орын алып отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру