Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Қазақстандағы басты мұнай-газ жобалары

Экономикасының көлемі жағынан алғанда, Қазақстан бұрын Кеңес Одағы құрамында болған республикалардың ішінде Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орынды берік иемденіп отыр. Үшінші және төртінші орындарда – бұрындары біздің республиканың алдында болатын Украина мен Белоруссия. Қазір осы екі елдің жалпы ішкі өнімдерінің қосындысы бір ғана Қазақстанның жалпы ішкі өніміне пара-пар. Кеңес заманында Украина мен Белоруссия өнеркәсібі қатты дамыған республикалар ретінде танымал болатын. Ол кезде Қазақстан негізінен шикізат өндіретін республика болып есептелетін. Қазір басқаша жағдай қалыптасқан. Кейінгі онжылдықтар барысында Қазақстан сол Украина мен Белоруссиядан өзінің көмірсутекті шикізат саласы арқасында басып озды.

Еліміздің мұнай саласында өткен 2017 жылы орта есеппен алғандағы тәулiктiк өнiм 1,595 миллион баррельдi кұраған. Оның 80 пайыздан астамы – шикi мұнай да, қалғаны газ конденсаты. Сол орта есеппен алғандағы iшкi тәулiктiк тұтыныс 303 мың баррель деңгейiнде болған. Демек, 2017 жыл барысында тәулiгiне 1,292 миллион баррель мұнай экспортқа шығарылып отырған. Басқаша айтқанда, былтыр Қазақстаннан сыртқа 60 миллион тоннадай мұнай кеткен. Үкiметiмiздiн есебi бойынша, алдағы 10 жылдық барысында тәулiктiк өнiм көрсеткiшi 3,5 миллион баррель деңгейiне жетпек. Жылдық есепке шаққанда, бұл – 175 миллион тонна.
Беделді зерттеуші орталық­тар жариялаған мәліметтерге қарағанда, еліміздегі басты мұнай кеніштері мен оларды игеруге арналған жобаларға қатысты бүкіл шикізат қоры аз дегенде (минимум) 59 млрд. 549,8 млн. баррельді, көп дегенде (максимум) 72 млрд. 749,8 млн. баррельді құрайды екен. Басқаша айтқанда, бұл – 8 млрд. 823,1 млн. тоннадан 9 млрд. 951,7 тоннаға дейін жететін мұнай қоры.
Осыншама көп көмірсутекті шикізаты бар мемлекеттер әлемде тіпті де көп емес. Қазақстан – Каспий аймағындағы ең ірі мұнай қоры шоғырланған мемлекет. Сонымен қатар, еліміз бүгінгі күннің өзінде осы аймақта күні­не 2,855 млн. баррель көлемінде өндірілетін бүкіл мұнайдың үштен екісіне жуығын (1,701 млн. баррель) беріп жатыр. Қалғаны – Әзербайжанның (848 мың баррель), Түрікпенстанның (239 мың баррель) және Өз­бекстанның (67 мың баррель) үлесінде.
Американың Энергетика ми­нистрлігінің ресми ақпараттық бөлімшесі болып табылатын Energy Information Administration мұнай өнеркәсібінің біздің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін былайша сурет­тейді: «Қазақстанның мұнай экспорты ел экономикасының фундаменті болып табылады және де ол нақты ішкі өнім көрсеткішінің соңғы жылдары жоғары деңгейде қала беруін қамтамасыз етті». Осы бір сенуге тұратын ақпарат көзінің айтуына қарағанда, Қазақстанның өскелең мұнай өнеркәсібінің үлесі елдегі жалпы ішкі өнім көрсеткішінің шамамен 30 процентін, экс­порттан түсетін табыстың жар­тысынан астамын құрайды екен.
Қазіргі уақытта Қазақстан бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімінің (күніне 94 млн. бар­рельден астам) 1,8 процентін (күніне 1,70 млн. баррель) беріп жатыр. Дүние жүзіндегі ең ірі өндірушілер қатарында еліміз 2014 жылдың аяғында 17-ыншы орында болған.

Бір қарағанда, бұл онша биік жетістік емес сияқты. Бірақ содан ертерек уақыттарда еліміздің бұл тізімде кем дегенде 10 саты төмен тұрғанын ескерсек, осы нәтижені басқаша бағалауға тиіс екенімізді түсінеміз. Иә, шынында да санаулы жылдар бұрын мұнай өндіру көрсеткіштері бойынша Қазақстанның алдында бүгінгіге қосымша тағы да бір он шақты ел бар болатын. Мәселен: Оман (1997 ж. – 904 мың б/к немесе баррель күніне, 1998 ж. – 900 мың б/к), Египет (1997 ж. – 856 мың б/к, 1998 ж. – 834 мың б/к), Аргентина (1997 ж. – 834 мың б/к, 1998 ж. – 847 мың б/к), Малайзия (1997 ж. – 700 мың б/к, 1998 ж. – 720 мың б/к), Үндістан (1997 ж. – 675 мың б/к, 1998 ж. – 661 мың б/к), Колумбия (1997 ж. – 652 мың б/к, 1998 ж. – 733 мың б/к), Австралия (1997 ж. – 588 мың б/к, 1998 ж. – 544 мың б/к) және Сирия (1997 ж. – 561 мың б/к, 1998 ж. – 553 мың б/к). Содан бері өткен уақыт ішінде еліміз бұлардың бәрінен басып озды. Бұл Қазақстандағы мұнай өнімінің осы кезең барысында 2 еседен астам ұлғаюы арқасында мүмкін болды.
Бұл саладағы өндірістік көрсет­кіштер алдағы уақытта да өсе бермек. Өйткені елімізде ашылып, иге­ріліп не игерілгелі жатқан мұнай қорының көлемі – ғаламат. Оны игеруге жұмсалып жатқан инвестиция көлемі де өте үлкен. «Қазмұнайгаздың» бұрындары жарияланған мәлімет­теріне қарағанда, тек Каспий қай­раңындағы жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 2003-2005 жылдардағы 3,8 млрд. доллар деңгейінен 2011-2015 жылдар барысында 16,8 млрд. доллар деңгейіне дейін өседі деп жобаланған көрінеді.
Инвестициялық шығынның мақсаты ашылған не ашылатын кеніштерді игеріп, пайда табу болып табылады. Осы табыстың қаншалықты үлкен болуы мүмкін екенін түсіну үшін еліміздегі мұнай қорынының көлемін ақша есебімен бағалап көрейік. Сонда мынадай нәтиже шығады.
Бүгінгі халықаралық шикізат биржаларында бір баррельге тиісті түрде қалыптасып жатқан орташа бағаның 50 доллар деңгейінде екеніне сүйене отырып есептегенде, біздегі мұнай қорының жалпы құны аз дегенде 2 триллион 977 млрд. 90 млн. долларға, көп дегенде 3триллион 637 млрд. 49 млн. долларға шығады екен.
Осы ең ірі деген кеніштердің қазіргі иесі кім? Немесе, басқаша айтқанда, олардың игеруге арналған жобалардағы негізгі үлестерді қазір кімдер иеленіп отыр? Бірден айтарымыз мынау: осы ондаған миллиард доллар баррельмен есептелетін Қазақстан мұнай қорының басым бөлігі шет­елдік жекеменшік компаниялар мен мемлекеттік корпорациялардың ба­қылауында.


Мәселен, ең ірі деген үш кеніші­мізді – Теңіз (9 млрд. баррель), Қара­шығанақ (2,3-6 млрд. баррель) пен Қашағанды (9-13 млрд. баррель) – алайық. Бұлардың жалпы қоры 20,3 млрд. баррельден 24 млрд. баррельге дейін барады екен. Басқаша айтқанда, аталған 26 кеніштің жалпы қорының шамамен үштен бірі осы үшеуінің еншісінде екен.
Олар Қазақстан мұнай өнер­кәсі­бінің ғана емес, жалпы ел эко­номикасының басты байлығы болып табылады. Өйткені бұл кеніштерде ғаламат көп шикізат қоры ашылған және дәлелденген.
Алғашқы екеуі – Теңіз бен Қара­шы­ғанақ – 1980-нші жылдардан бері игеріліп жатыр. Бірақ олардан ең көп пайда түсер кез әлі де болса алда. Өткен 2014 жыл барысында Теңіз 26,7 млн. тонна өнім не шамамен алғанда бүкіл Қазақстанда өндіріліп жатқан мұнай мен газ конденсатының 28 процентін беріп отырған. «Шеврон/Тексако» компаниясы өкілдерінің айтуына қарағанда, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны үстіміздегі онжылдықтың аяғына таман күндік есеппен алғандағы өнім көрсеткішін 36 млн. тоннаға дейін жеткізуге бар көрінеді. Қарашығанақта кейінгі жыл барысында 11-11,5 млн. тонна мұнай және газ конденсаты өндіріліп тұрған. Бұл – бүкіл Қазақстан өнімінің шамамен алғанда 15 проценті. Басқаша айтқанда, осы екі кеніш бүгіннің өзінде еліміздегі жалпы өнімдік көрсеткіштің 43 процентін қамтамасыз етеді екен.
Ал жоғарыда аталған 3 кеніштің соңғысы және ең ірісі – Қашаған – енді-енді игеріліп жатыр. Оның өнім беруі 2016 жылы басталды. Ол жоспарлы күшіне енген соң, аталған үш кеніштің үлесі Қазақстан мұнай өндірісінің негізін құрамақ. Сол кезде түсетін табыс, ең алдымен, соларды игеруге арналған жобаларда меншіктік еншілері бар құрылымдарға бұйырмақ.
«Теңізшевройл» бірлескен кәсіп­орнындағы Қазақстанның үлесі – 20 процент. Қашағанды игеріп жатқан құрылымдағы еліміздің еншісі – 16,877 процент. Бұның өзі кейінгі жылдары ғана сатып алынды. Бұрындары онда Қазақстанның үлесі жоқ болатын.
Ал Қарашығанақты игеріп жатқан құрылымның акционерлік капиталында біздің еліміздің үлесі 10 пайызды құрайды.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру