Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Қазақстан Норвегиядан оза ала ма?

Мұнай бағасының түскені жалғыз ОПЕК құрамына кіретін елдердің ғана емес, осы ұйымға кірмейтін ірі мұнай өндіруші мемлекеттердің де табысын қысқартып жатыр. Мәселен, өзімізге жақсы таныс Ресейді алайық. Бұл елдің мұнай экспортынан түсетін табысының көрсеткіші 1998 жылы өте төмен деңгейге түсіп кеткен болатын.

Сонда Ресейдің таза мұнай экспорты табысы 2004 жылғы нәтижемен салыстырғанда 44 пайызға ұлғайып, 122 миллиард долларға жеткен екен. Бұл – ғаламат көрсеткіш. Ол ОПЕК құрамына кіретін 11 елдің сол жылы жалпы мұнай экспортынан тапқан таза табысы қосындысының (473,1 миллиард доллар) төртен бірінен астам екен. Осы жағынан алып қарағанда 2005 жылғы нәтиже бойынша Ресейден озған жеке бір-ақ ел болды. Ол – сол жылы мұнай экспортынан 150,2 миллиард доллар таза пайда тапқан Сауд Арабиясы. Жалпы ОПЕК құрамына кіретін елдердің осыдан түскен табысы 2005 жылы оның алдындағы 2004 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 43 процентке өсіп, 473 миллиард доллар деңгейіне жеткен екен. Ресейдегі өсім (44%) бұлардыкінен (43%) 1 пайызға болса да жоғары болды. Ондай да кезең болған.
Ал қазір болса, яғни тағы да он жылдан астам уақыт өткен соң, сол 1998 жылғы жағдай Ресей мен Қазақстан үшін ғана емес, басқа да мұнай экспорттаушы елдер үшін қайталануға жақын. 2017 жылғы қаңтар мен қараша айларының аралығында, яғни он ай ішінде Ресейдің мұнай экспортынан түскен таза табысы 2016 жылғы сондай кезеңде қол жеткен көрсеткішке қарағанда 29 пайызға артып, 85,7 миллиард долларға дейін көтерілген. Бұл, салыстырмалы түрде алып қарағанда, 2005 жылғы нәтижеден біраз төмендеу көрінеді.
Қазақстанның жағдайы да осымен шамалас болар. Еліміздің 2012 және 2013 жылдар бойынша берген EITI есептеріне қарағанда, мемлекеттің шикізат өндіру саласынан түскен табысы, жылдық есепке шаққанда, 30 миллиард доллардан сәл астам болған. Бұның ішінде мұнай мен газдың үлесі 93 пайызды құраған немесе шамамен 28 млрд. доллар болған. 2014 жылы 98 долларды құраған «қара алтын» бағасы 2015 жылы 53 долларға дейін, 2016 жылы 44 долларға дейін төмендеген. Өткен 2017 жылы мұнайдың орташа бағасы 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштен төмен деңгейде қалыптасты. Ал үстіміздегі 2018 жылдың орта шеніне таман сол баға 79,23 долларға дейін көтерілгенімен, қазіргі уақытта 59,04 долларға дейін құлдырап түсті. Яғни биылғы мұнай табысы көлемінің 25 миллиард доллардан да төмен болып шығуы ғажап емес болар. Бұл – бір жағынан алып қарағандағы көрініс.
Ал екінші жағынан алып қарағанда, мұнай-газ секторы мемлкетіміздің фискалдық табысының шамамен 50 пайызын беретін көрінеді. Қазақстан экспортындағы мұнай мен газ конден­сатының үлесі соңғы кезеңде 59 пайыздан 62 пайызға дейін өскен.
Ал енді біздегі жағдайды Батыс Еуропаның ең мұнайлы елі болып табылатын Норвегиядағы жағдаймен салыстырып көрейік. Ондағы мұнай-газ өнеркәсібі елдің ЖІӨ (жалпы ішкі өнімі) көлемінің 17 пайыздайын (бұрындары бұл көрсеткіш 20 пайыздан асатын, алайда кейінгі жылдар барысында көмірсутекті шикізат баға­сының құлдырауына байланысты ол да біраз төмендеген) береді екен. Норвегияның 2017 жылы көлемі 102 мил­лиард доллар болған жалпы экспорты құрамындағы осы саланың үлесі 50 пайыздан асады деп есептеледі. Оның ішіндегі шикі мұнайдың үлесі – 26,5 миллиард доллар, табиғи газдың үлесі – 25,9 миллиард доллар, мұнай өнім­дерінің үлесі – 5,2 миллиард доллар.
2017 жылы Қазақстаннан сыртқа сатылған мұнайдың көлемі (күніне 1,595 миллион баррель) осы елдікінен (күніне 1,647 миллион баррель) сәл ғана кем болды. Ал ақшамен есептегендегі олардың арасындағы (Қазақстандыкі – $26,6 миллиард доллар, ал Норвегияныкі – 26,5 миллиард доллар) айырмашылық – 0,1 миллиард доллар.
Яғни өткен жыл барысында Қа­зақстан мұнайының экспортынан түскен табыс Норвегия мұнайының экспортынан түскен табыстан аз да болса асып түскен.
Ал енді Норвегиядағы мұнай-газ саласының бюджетке қосатын үлесіне келейік. Бұл жердегі айта кететін нәрсе мынау. Норвегия – ЖІӨ құрамындағы бюджетке тиесілі үлестің үлкендігі жағынан әлемде алғашқы орындардың бірін иемденетін ел.
Бұл аз десеңіз, Норвегияның бюд­жеттен тыс мұнай-газ саласынан түсетін қосалқы табысты жинақ­тайтын Арнайы қоры бар екенін де айтайық. 2018 жылдың басында он­дағы жиналған ақшаның көлемі 1 триллион долларды құраған. Тек қана бір өткен жыл барысында Норвегия мұнай қоры 131 миллиард доллар кө­лемінде таза табыс түсірген. Сөйтіп, онда қыруар қаражат жинақталған екен.
Ал біздегі сол сияқты құрылым болып табылатын Ұлттық қорда үс­тіміздегі жылдың қараша айының басында 56,499 миллиард доллар ақша жинақталыпты.
Сонымен, Норвегия үкіметінің есебіне көмісутекті шикізат саласынан жыл сайын ондаған миллиард доллар таза кіріс кіреді екен. Сондағы оның өндіретін мұнайы да, сол мұнайдың экспорты да қазір Қазақстандыкінен сәл ғана артық.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру