1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесін бүкіл елімізбен қатар отырарлықтар да лайықты атап өтті.
Еліміз үшін маңызы ерекше осы күнге орай «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты тақырыпта Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайында дөңгелек үстел өтті. Қонақтар алдымен аудандық музей мен орталық кітапхананың мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Елбасы – ұлт көшбасшысы» атты көрмені тамашалады, деп хабарлады аудан әкімінің баспасөз қызметі. Шара барысында аудан әкімі Ерлан Айтаханов, әдебиетші Сағындық Қыдыр, тарихшы Бекжан Бейсенбай және музей қызметкерлері сөз алып, Елбасының ел бірлігі, ұлтаралық татулық пен келісім жолында сіңірген еңбегі жайында кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ «Ақбол» балабақшасында «Мектепке дейінгі ұйымдағы педагогикалық кадрлардың кәсіби қызметінде технологияларды қолдану тиімділігі» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинар-кеңес өтті. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы маңызды шараға арнайы барып қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысушыларға арнаған сөзінде: «Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президент күнінің ерекшелігі сонда, ол – қазақ елінің мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды. Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып-білу, өнеге тұтып, бойға сіңіру мақсатында жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдыретін қанша айтсақ та, түгел айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай ізгі тәрбиені сіңіру бала кезден, бұла кезіңнен бастау алмаса, кейін қиынға соғатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сондықтан кеңеске қатысушылар маңызды ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, осы бағытта іс-тәжірибе алмасады деген сенімдемін», – деп семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Мерекелік іс-шаралар Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт кешенінде жалғасып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында волейболдан және эстафеталық ойындардан жарыс өтті. «Бүгінде ауданымызда бұқаралық спортты дамытудың іс-шаралар жоспары бекітіліп, ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына бірнеше ашық спорт алаңшалары, Ақтөбе мен Аққұмда жабық спорт кешендері, Маяқұм, Көксарай, Темір ауылдық округтерінде ашық спорт алаңдары пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануларына үлкен септігін тигізеді», – деп атап өтті жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы.
Сонымен қатар мереке аясында Отырарда Медиацияны дамыту орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов бірыңғай қызмет көрсету орталығының ашылуымен жиылған көпшілікті құттықтады. Осы жиында Шымкет қаласындағы медиацияны дамыту орталығының директоры Лаура Ақшегірова, аудандық соттың төрағасы Әкімбек Жанасовтар сөз алып, медиацияны қоғамда қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып өтті. «Азаматтар дау-дамайды оңай шешу жолдарын осы орталықтан таба алады. Ал еңбек, отбасылық, қаржылық дауларға душар болғандарға тәжірбиесі мен біліктілігі ұштасқан мамандар көмек қолын созады. Олардың қатарында заңгер мен психологтар бар. Орталықтың тағы бір тиімді тұсы өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға тегін қызмет көрсетеді», – деп көпшілікті ҚР Тұңғыш Президенті күнімен және орталықтың ашылуымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.
Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде «Мен Президентіммен мақтанамын» тақырыбында өткен еліміздің ынтымағы мен бірлігін берік сақтап, ел тізгінін ұстаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатын кеңінен насихаттау, жас буынға патриоттық тәрбие беру, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет сынды ізгілік, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу мақсатындағы мерекелік шарада білім ордасының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, мерекенің мазмұнын аша түсті. Мектеп фойэсіндегі көрмеде Елбасының кітаптары, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, тұлғаның өміржолынан сыр шертетін, өнегелі өмірі мен жемісті қызметіне арналған жинақтар тамашаланды. Ел Тәуелсіздігіне, Тұңғыш Президентіміздің сол жолдағы еңбегі мен қызметіне арналған арнайы бейнетаспа көпшілік назарына ұсынылған осынау мерекелік шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтады.
Президент күні аясында Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатында өткен «Елбасы – елдің тірегі» атты мерекелік шара барысында халқының қалауымен 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен жалпыхалықтық сайлауда басым дауыспен еліміздің тұңғыш Президенті болып сайланған Елбасының өнегелі өмір жолы оқушылардың арнау өлеңдеріне арқау болып, етжүректі елжіретер патриоттық әндер шырқалды. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов жиынға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынға Мемлекет басшысының ғибратты істерін үлгі-өнеге ете отырып, әсерлі әңгімелеп берді.
Еліміз өміріндегі орны ерекше айтулы мерекеге арналған іс-шаралар Мәдениет сарайында өткен «Кемеңгер Елбасы – ырысы елімнің» атты салтанатты жиынмен қорытындыланды. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ернар ОРМАНОВ