Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Инновациялық дамуға бөлінетін қаражат тиімді пайдаланылуы тиіс

Қазіргі заманда мемлекет дамуында инновациялар мен ғылыми әзірлемелердің алатын орны ерекше Кез келген елдің экономикасы озық идеяларға негізделген жаңалықтар мен үздік технологияларды қажет етеді. Сондықтан да Қазақстанның даму жоспарларында инновацияларды дамытуға қаражат бөлу мәселесі арнайы қарастырылған. Ал осы мақсат-мүдделердің жүзеге асуы бюджеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына тікелей байланыс­ты.

Қаржы министрлігіне қа­расты Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Алматы қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Инвестициялар және даму министрлігінің бірқатар ұйымдарында мем­лекеттің бюджеттік қаражат активтерін тиімді пайдалану мәселесі жөнінде аудиторлық іс-шаралар жүргізген болатын. Соның ішінде «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорында бюджет қаражатын пайдалануда айтарлықтай кемшіліктер орын алғаны анықталды. Атап айтқанда, ИДМ-нің стратегиялық жоспарында аталған технопаркте кемінде 5 млрд теңгеге жеке инвестициялар тарту, 450-ден астам жоғары білікті жұмыс орындарын құру қарастырылған. Бағдарлама Трансұлттық компаниялармен (ТҰК) бірлесіп, 2016 жылы үш тау­кен-металлургия компаниясында кемінде 50 маманды оқыту үшін бір технологиялар орталығын құру, жаңа материалдар мен технологиялар жөніндегі орталық құру үшін зерттеулер жүргізу, жаңа материалдар мен технологиялар саласында бір пилоттық жобаны іске қосу, 50 стартапты (оның ішінде халықаралық та бар) қаржыландыру үшін 1-2 шетелдік инвестициялық қорларға үлестік қатысу, стартаптармен бірлесіп жұмыс істеу үшін кем дегенде 2 трансұлттық компанияны тартуды көздейді.
Мұндағы жеке инвестиция­лар­дың үлесі (ТҰК және вен­чурлық қорлар) жобаларды жалпы қаржыландырудың 50%, технологияларды дамыту орталығы бойынша 2017 жылы – 50% және стартап-компаниялар бойынша 2017 жылы – 40% қарастырылған.
Аталған бюджеттік бағдар­ламаның шығындары бойынша 2020 жылға дейін 5 технологияларды дамыту орталығын құру қажет. Оның ішінде стартаптарды қаржыландыру жолымен (шетелдік венчурлық қорлардың қосарлы инвестициясымен) жоғары технологиялы және экспортқа бағдарланған 50 компания құру көзделген.
Бірақ «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорында жоғарыда аталған іс-шаралар орындалмаған. Ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан 2017 жылдың 1 қазанына дейінгі кезеңде Инвестициялар және даму министрлігінен алынған 4 992,0 млн теңге көлеміндегі қаражат пайдаланылмаған және Қордың есепшотында тұрып қалған. Аудит қорытындысы бойынша аудит нысанына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде арнайы нұсқаулық жолданды.
Осылайша, «Инновациялық техно­логиялар паркі» автономды кластерлік қоры ел экономика­сының инновациялық дамуы үшін бөлінетін бюджеттік қара­жатты тиімді пайдаланбай отыр. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдер сапынан көрінуге ұмтылысына айтарлықтай кедер­гі екені белгілі. Сондықтан мем­лекеттік бағдарламаларды іс жү­зіне асыру құзырлы мекемелер тарапынан жеткілікті көңіл бөлуді талап ететінін баса айтқымыз келеді.

Ерік ҚАЖЕНОВ,
Алматы қаласы бойынша
Ішкі мемлекеттік
аудит департаментінің
бөлім басшысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру