Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Тариф тұрмыстық деңгейге сай болуы керек

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы Президенттің жуырда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысын талқылаудан басталды. Электр энергиясы мен көмір тарифтерін төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде энергетика министрі Қ.Бозымбаев айтып берді.

Энергетика министрлігі электр энергиясына арналған шекті тариф­тердің объективті деңгейін белгілеу бойынша жұмыстарды аяқтауда. Бұл шаралардың алдын ала нәтижелері Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура, мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысқан Жұмыс тобының қарауына ұсынылған. Министр екі компоненттің қосындысы бойынша электр энергиясының құнын төмендетудің орташа өлшемді деңгейі шекті тарифтердің қолданыстағы деңгейінің 25%-ін құрайтынын айтып өтті. Сонымен қатар екі аспектінің: электр станциялары үшін ағымдағы көмір бағасын сақтау және делдалдық құрылымдарды алып тастап, көмірді тасымалдау құнын төмендетудің, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарда тарифтерді ағымдағы шаманың деңгейінен төмендетудің маңыздылығы айтылды. Тауарлық газ бойынша, Энергетика министрлігі тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын төмендету көзделген бұйрық жобасын әзірледі. ЭМ бағалауынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шекті көтерме сауда бағасын төмендету – тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін 12-22%-ке төмен­детуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта министрлік тұрғындар үшін жылу және электр энергиясын өндіретін отын-энергетикалық кешендерге тауарлық газдың бөлшек сауда бағаларын есептеу арқылы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінен шекті көтерме баға деңгейін растауын күтіп отыр. Энергетика министрлігінің шекті көтерме газ бағасын төмендетуіне байланысты Табиғи монополия­ларды реттеу комитеті электр стан­цияларына газдың бөлшектік баға­сын төмендету жөніндегі тиісті бұйрықтар қабылдайтын болады. Электр энергиясының және тауарлық газ бағасын төмендету шаралары Энергетика министрлігінің тиісті бұйрықтарын бекіту түрінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енеді.
Жиында ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов ТКШ саласындағы монополистердің қызметтеріне, жарыққа, көмірге, жылумен, сумен, газбен жабдықтауға, кәріз жүйесіне, телефон байланысына, интернетке, лифттерге қызмет көрсетуге, қоқыс шығаруға тарифтерді төмендету мақсатында министрлік қабылдаған бірқатар шараларға тоқталды. «Қазіргі сәтте жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңгеге, оның ішінде соңғы екі аптада 6 субъекті бойынша 1,9 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабылданды. Монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында 33 жоспардан тыс тексеру ашылды, 24 жоспардан тыс тексеру ашылу алдында», деді ҰЭМ басшысы.
Премьер-министр алдағы жыл­дың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясының, газ, жылу мен су­дың, көмірдің, ұялы байланыс пен интернеттің бағасы төмендейтінін айтты. Осы ретте облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қала­ларының әкімдіктеріне тұр­ғын­­дар үшін көмірдің қолайлы ба­ғасын қамтамасыз етуге өңірлік операторлардың үздіксіз және сапалы жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар Б.Сағынтаев өңірлер әкімдеріне облыс­тың коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеуді және оларды төмендету бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Келесі кезекте отырыста әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнім­дерінің баға тұрақтылығын қам­та­масыз ету жөніндегі шаралар қа­ралды. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне ЕАЭО нарығындағы бағаның өсуі мен өзіндік құн құрылымында шығындардың артуы басты себеп болып отырғандығын мәлімдеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұ­рақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында өңір әкімдіктері мен республикалық маңызы бар қалалар азық-түлік тұрақтандыру қорларын құруда. Жалпы алғанда, жыл басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары біршама өскен. Сонымен бірге кейбір тауар түрлерінің бағасы төмендеген. Мысалы, қарақұмық жармасы – 27,6%-ке, картоп – 28,5%-ке, пияз – 25,4%-ке және сәбіз бағасы 18,2%-ке арзандаған. Тұрақтандыру қорының жұмысы мен қазіргі жағдайы туралы есеп берген ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев көкөніс өнімдері бағасының ауытқуына өндіріс маусымдылығы әсер етіп отырғандығын айтты. Бұған қоса, теңгенің құнсыздануы да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне себеп болуда.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне нарықтардың азық-түлік өнімдерімен толығуы, сауда инфрақұрылымын дамыту және делалдарды болдырмау бойынша шараларды іске асыруды бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар Б.Сағынтаев жиналған өнім мен екінші деңгейлі банктердегі депозиттерде қаражаттың болуына қарамастан, тұрақтандыру қорлары тиісті дәрежеде толықтырылмай отырғанын айтты. Баға өсуде, ал кейбір өңірлерде депозиттер еш қозғаусыз жатыр, тұрақтандыру қорлары өз жұмыстарын толық атқарып отырған жоқ. Осы ретте Ұлттық экономика және Ауыл шар­уашылығы министрліктеріне баға динамикасына, тұрақты қорлардың қалыптасуына ұдайы мониторинг пен үйлестіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру