Валюта бағамы: $ 378.17 429.11 5.88 ¥ 56.48

Уақыт талабына сай жедел даму үстінде

Бүгінгі өмірді интернетсіз елестету мүмкін емес. Бар қызмет ақысын үйден шықпай-ақ төлейміз, сауданы да интернет арқылы жасаймыз. Қазір зейнетақы жүйесінің барлық дерлік қызмет түрін де үйіңізде отырып-ақ ала аласыз.

Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қоры да бүгінгі ұшқыр уақыт талабына сай жедел даму үстінде. Қазіргі уақытта БЖЗҚ-ның барлық негізгі қызметтерін үйден шықпай-ақ алуға болады. Зейнетақы қызметтерінің барлық дерлік түрін электрондық форматта алу 2017 жылдың 1 шілдесінен басталды. Атап айтар болсақ, міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу; деректемелерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу; жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу.
Қор мамандары атап өткендей, зейнеткерлік жасқа толған азаматтар және 1-ші, 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беріп, сол өтінішінің орындалу барысын қадағалай алады.
Биылғы жылдың 1 маусымына қарай 5,3 миллионнан астам адам зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдаған екен. Олардың ішінде 837,6 мың адам үзінді-көшірмені электрондық пошта арқылы, ал 4,5 миллион адам сайт немесе ұялы қосымшаны пайдаланады. Қазіргі таңда қор қызметін пайдаланушылар арасында ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдағандар саны күннен күнге артып келеді. Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты интернет байланысы арқылы алу өте ыңғайлы және ол зейнетақы жинақтарын онлайн тәртібінде тәулік бойы қадағалап отыруға мүмкіндік береді.
Үйден шықпастан зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты қалай алуға болады дегенге келсек, бұл ақпарат БЖЗҚ тарапынан тегін ұсынылады. Салымшылар (алымшылар) ақпарат алу тәсілін өздері таңдайды. Ақпарат алудың бірнеше тәсілі бар. Атап айтқанда, кәдімгі пошта арқылы – жылына 1 рет; электрондық пошта арқылы – таңдап алынған төлем кестесіне қарай ай сайын, үш ай сайын немесе жарты жылда бір рет алынады; БЖЗҚ бөлімшелеріне жеке өзі келу арқылы – шектеусіз; смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы арқылы – онлайн тәртібінде шектеусіз (кейбір ұялы байланыс операторларының абоненттері бұл қызметті ұялы телефонындағы қаражаттың тау­сылғанына қарамастан пайдалана алады); enpf.kz сайтының Жеке кабинеті арқылы, бұл ретте жеке сәйкестендіру нөмірі мен құпия сөз немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы беретін электрондық цифрлық қолтаңба қолданылады; egov.kz электронды үкімет порталы арқылы, бұл жағдайда алдымен порталға тіркелу қажет. Кейін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы үзінді-көшірмені алуға болады. Таяуда салымшылар мен алушылар Телеграм-арнасы арқылы зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу мүм­кіндігіне ие болды.
Егер зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі таңдалмаған болса немесе ақпарат алу тәсілін өзгерткіңіз келсе, Қордың кез келген бөлімшесіне жеке куәлігіңізбен барып, хабарлау тәсілін өзгертуге болады. Қордың бөлімшелерінің мекенжайын www.enpf.kz сайтынан немесе 1418 ортақ байланыс орталығына хабарласып біле аласыз.
Көпшілік тарапынан жиі айтылатын деректемелерге өзгерістер енгізу, шарт жасасу, зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру тұрғысындағы мә­селелерге қатысты қор мамандары әрбір азамат электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен БЖЗҚ-ның автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі дерек­темелерінің өзектілігін тексере алатындығын айтты. Сонымен қатар БЖЗҚ-ның веб-сайты арқылы «Электрондық қызмет көрсету» – «Деректемелерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу» бөліміне кіріп, тиісті өзгерістер енгізуге болады.
Міндетті зейнетақы жарна­ларын есепке алу бойынша зейнетақы шотын ашу үшін элек­трондық цифрлық қолтаң­баның көмегімен «Міндетті зей­нетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініш беру» бөліміне кіруіңіз қажет. Бұл жерде әркімнің аты-жөні, ЖСН, туған күні, жеке куәліктің деректері автоматты режімде толтырылатындығын ескерте кеткен жөн. Салымшы тек тұрғылықты мекен-жайдың деректерін, үй, жұмыс телефоны және ұялы телефонының нөмірлерін енгізеді. Үзінді-кө­шірмені электрондық пошта арқылы алу тәсілін таңдаған жағдайда e-mail мекен-жайы мен үзінді-көшірмені алу кезеңділігін көрсету қажет. Кейін өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылады. Содан кейін барып өтінішті немесе жеке зейнетақы шотының бар екендігі туралы анықтаманы қағазға басып шығаруға болады.
Сонымен қатар зейнеткерлік жасқа толған азаматтар және 1-ші, 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, Қордың сайты арқылы зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш бере алады және сол өтінішінің орындалу барысын қадағалай алады. Өтініш беру үшін Жеке кабинет арқылы «Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру» бөліміне кіріп, бос жолақтарды, оның ішінде 20 таңбалы банк шотының нөмірі мен банктің атауын толтыру керек. Осыдан кейін электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен өтінішке қол қойылады. Өтініш мәртебесін қордың сайты арқылы қадағалауға болады.

Ернар ОРМАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру