Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Болашақ зейнетақыңызды бүгіннен жоспарлаңыз

Жалпы әлем елдерінде жылдан жылға өмір сүру сапасы жақсарып, адамның орта жас мөлшері ұзара түсуде. Сәйкесінше адамдар қарттық кезеңде лайықты өмір сапасын қамтамасыз етуге қажетті зейнетақыға қол жеткізуді еңбектен қол үзбеген бүгінгі күннен жоспарлайды.

Дегенмен жасы келіп, құр­­метті еңбек демалысына шығатын уақыт жақындаған­да зейнеткерлікке алдын ала дайын­далмағанына өкінетіндер аз емес. Кезінде «маған мұның қажеті не, зейнет жасына дейін әлі талай жыл еңбек етуім керек» деген ойда болғандардың уақыттың қалай зыр етіп өте шыққанын байқамай, мардымсыз зейнетақыны қанағат етуіне тура келеді. Осындай күйге түспеуді ойластыру ешкімге ерте және еш­қа­шан кеш болмайды. Ол үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірге болашақ зейнетақыңыздың болжалды мөлшерін қазірден бастап есептеуіңіз қажет.
Елімізде 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Оған сәйкес болашақ зейнетақының мөлшері жеке зейнетақы шо­тындағы жинақтардың сомасына тікелей байланысты. Яғни еңбекпен өткен жылдар барысында болашағыңыз үшін неғұрлым көп қаражат жинасаңыз, зейнеткерлік ке­зеңдегі өміріңіз де соғұрлым жайлы, таршылық атаулыдан алыс болмақ. Осы ретте соңғы жылдары БЖЗҚ тарапынан түсіндіру-насихат жұмыстары мен шаралары кеңінен, жан-жақты жүргізіліп отырғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі мақа­ламызда солардың біріне тоқ­талып өтпекпіз. Атап айтар болсақ, бұл – Қор сайтында зейнетақы калькуляторының орналастырылуы. Мақсат – еңбекке қабілетті жастағы әрбір азаматтың болашақта өзінің зейнетақысы қаншалық болмағына көз жүгірту мүм­кіндігі арқылы тұрғындар арасында жеке зейнетақы жоспарларын құру мәдениетін қалыптастыру. Енді әрбір азамат аталған калькулятордың көмегімен болашақ зейнет­ақысының мөлшерін есептеп, өзінің алдағы өмірін жоспарлай алады.
Қор мамандарының түсін­діруіне қарағанда, калькуляторды пайдалану өте оңай. Бұл үшін www.enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөліміне кіріп, «Зейнетақы калькуляторы» нысанын басуыңыз керек. Онда «Болжамды зейнетақы калькуляторы» (болашақ зейнеткерлерге арналған) және «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы» (зейнеткерлерге арналған) орналасқан.

Болашақ зейнетақы мөлшерін жоспарлағыңыз келсе, болжамды зейнетақы калькуляторын таңдай отырып, тиісті жолақтарға туған күнді, еңбек өтілін, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін, зейнетақы жинақтарының қазіргі сомасын және соңғы кездегі орташа жалақы мөлшерін енгізіп, сондай-ақ жынысты белгілеп, «Есептеу» түймесін басуыңыз қажет. Егер зейнетақы калькуля­торына Жеке кабинет арқылы кіретін болсаңыз, ондағы жолақтар автоматты түрде толтырылады.
Калькулятор зейнетақыны үш: пессимистік, реалистік және оптимистік тұрғыда лезде есептеп береді. Қорытынды сома ортақ зейнетақы, базалық зейнетақы, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы және (егер бар болса) ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы секілді бір­неше құрамдас бөліктен тұрады. Сонымен қатар калькулятор жи­нақ сомаңыздың қанша жылға жететіндігін, зейнеткерлікке шығар сәттегі болжамды жалақыңызды және ауыстыру коэффициентін (зейнетақының соңғы жалақымен салыстырғандағы пайыздық үлесі) де есептеп береді.
Халықаралық еңбек ұйымының талаптарына сәйкес, ауыстыру коэффициенті соңғы жалақының кем дегенде 40 пайызын құрауы тиіс. Әрине, қай қайсымызды алсақ та зейнеткерлік шақтағы өмір сапасының белсенді еңбек жылдарындағы өмір сүру деңгейінен төмен болмағанын қалайтынымыз анық. Ол біздің қорға зейнетақы жарналарын уақытылы және толық көлемде аударып отыруымызға байланысты. Сонымен қатар, қор ма­ман­дарының ескертуінше, жеке зейнетақы шотының жай-күйін, жарналардың тұрақты аударылуын үнемі қадағалап отырған абзал. Ең бастысы – еңбек қатынасын заңдастырып, жалақыны көлеңкелі әдіспен емес, ресми түрде алуға күш салу керек. Мүмкіндігінше ерікті зейнетақы жарналарын аударып тұру да болашақ зейнетақы мөлшеріне өз үлесін қосады. Яғни зейнеткерлікке шыққан кезде тарықпай өмір сүрудің негізі бүгінгі белсенді еңбек жылдарында жасалады екен.
(Беттегі материалдар «БЖЗҚ» АҚ-ның Алматы қаласындағы филиалы ұсынған ақпараттар негізінде дайындалды).

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру