Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Пайдалы қазбалар қоры көбейді

Минералды шикізат базасын кеңейту жолында

Экономика дамуына қомақты үлес қосып, инвестициялар ағынын қамтамасыз ететін салалардың бірі – геология және жер қойнауын пайдалану. ИДМ-нің аталған сала жөніндегі комитеті мен Қазгеология ұлттық геологиялық барлау компаниясының өткен 10 ай бойынша есебінен соңғы кездері елімізде пайдалы қазба кен қорларының арта түскендігін байқауға болады.

Әлемдегі дағдарыс салдарынан инвесторлар тартуға байланысты бәсекелестік қарқындап, бұл өз кезегінде салада бірқатар реформалардың туындауына әкелгені белгілі. Бүгінде еліміз жинақталған тәжірибе мен әдістемені пайдалана отырып шикізаттың дәстүрлі түрлері бойынша жұмыс істеп келеді.

Алайда, заманауи үрдіс, күн санап дамыған технология жаңа міндеттерді талап етуде. Мысалы, кәдімгі электромобильдердің қоз­ғалтқыштары, сондай-ақ адамдар­дың күнделікті өмірінің ажырамас құралына айналған смартфон бөлшектеріндегі сирек кездесетін металдарға сұраныс күрт күшейген. Мұндай үдерістер аясында бағаның шикізаттық конъюнктурасы да өзгеретіні сөзсіз. Қазіргі тұста кобальт, литий, палладий бағасы екі есе өссе, сарапшылар алдағы уақытта галлий, скандий, индий және басқа да сирек кездесетін металл бағаларының өсімін болжауда. Осы ретте Инвестициялар және даму министрлігі алға тартып отырғандай, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге қосымша қаражат, сирек кездесетін элементтерді іздеуге инвестиция тарту үшін ынталандыру тетіктері қажет. Мысалы, қазіргі кезде Қазақстанда геологиялық зерттеу жүргізуге рұқсат берілген 1,2 млн шаршы метр аумақтың 21%-і ғана талап етілген деңгейде зерттелген. Еліміз геологиялық барлауға инвестициялар тартуға мүдделі болғандықтан 15 қыркүйектен бастап «кім бірінші келсе, сол иеленеді» деген қағидамен 85 мың блокты барлауға лицензия алу үшін өтініштер қабылдана бастаған, олардың кейбіріне жүзге жуық өтініш түскен. Бұл ретте қазір елде қорларды халықаралық CRIRSCO стандарттарына сәйкес растай алатын 53 білікті тұлға бар. Инвесторлар алдын-ала зерттелген нысандарға қызығушылық танытуда. Егер мемлекет жыл сайын геологиялық барлау жұмыстары­ның бастапқы сатыларын 15-20 млрд теңгеге қаржыландырса, бұл өз кезегінде учаскелердің инвестициялық әлеуетін және оның құнын арттыруға мүмкіндік береді, деп есептейді министрліктегілер.
Биыл қабылданған кодекс жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысында кездесетін кедергілерді жойып, саланың құқықтық базасын жетілдіруге, халықаралық стандарттарға өтуге, инвестициялық климатты жақсартып, тікелей инвестицияларды тартуға бағытталғаны мәлім. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексте көмірсутек шикізаты және қатты пайдалы қазбалар қорлары бойынша CRIRSCO халықаралық жүйелі стандарттар есебін енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану саласы­ның айқындығы мен болжамдығын жоғарылату көзделген. Сөйтіп, үз­дік тәжірибені пайдалана отырып, барлық пайдалы қазбалар үшін келі­сім­шарттарды оңтайландырылған тәсілмен жасау қарастырылды. Кодекс аясында жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімдері қысқартылып, «бірінші келген – бірінші алады» қағидасына екпін берілді. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы қабыл­данып, геологиялық ақпаратқа еркін қолжетімділік қамтамасыз етілді. Сонымен қатар CRIRSCO халықаралық жүйесіне сай келетін KAZRC қорларын есептеу кодексі қабылданды. ИДМ ақпараты бойынша, осы реформалардың нәтижесінде еліміз Геология және жер қойнауын пайдалану саласы бойынша инвес­тициялық тартымдылықты бағалай­тын негізгі әлемдік рейтингте 49 позиция­ға көтеріліп, 104 елдің ішінен 24-орынға шықты. Ендігі жерде пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың орнына шикізатты сатудан роялтиді енгізу бойынша әлемдік тәжірибені қабылдау қажет. Тау-кен өнеркәсібіндегі жетістіктерге жеткен елдер осы тетікті пайдаланады. Сонымен қатар салада кадр тапшылығы әлі де сезілуде. Мәселен, тәжірибелі геологтардың орташа жа­сы зей­неткерлікке жақындаса, жас мамандар оқуларын енді ғана аяқ­тауда. Сондықтан ИДМ геологиялық мамандықтар бойынша дайындау және қайта даярлауға арналған гранттар бөлуді ұлғайтып, Білім және ғылым министрлігімен бірге оқу бағдарламаларын жаңартуды ұсынып отыр.
Қазірде геологиялық деректер базасының және инфрақұрылымның сапасын жақсарту үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі ақпараттық жүйесі құрылуда. Мұндай базалар тау-кен металлургия кешені нарығының барлық көшбасшы мемлекеттерінде бар. Барлық тарихи геологиялық деректерді біріктіретін және оларды маңызды форматта көрсететін жүйе мемлекеттік органдардың және жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінің ашықтығын, ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жүйе жұмысы инвестор­лардың жер қойнауын пайдалануын жеңілдетуге, сол арқылы инвестиция ағынын арттыруға бағытталған. Ал алдағы уақытта құру жоспарланып отырған коммерциялық геохимиялық лаборатория барлау және қорларды барлаудың KAZRC халықаралық есеп стандарттарына көшуде міндетті талап болып белгіленген. Қазірдің өзінде озық технологиялар мен зерттеу әдістеріне ие техникалық қызмет көрсету саласындағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірі – австралиялық ALS Limited компаниясымен бірлескен «ALS Қaзгеохимия» ЖШС кәсіпорны құрылған.


Қазақстанда жер қойнауын гео­логиялық зерттеу алдын ала талдау және Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданын кешенді дамыту жоспарын іске асыру мен 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің деректері бойынша, биыл респуб­ликалық бюджет қаражаты есебінен жер қойнауын мемлекеттік геоло­гиялық зерттеу 78 учаскеде жүргізілу үстінде. Бұл бағытта іздеу-барлау-бағалау жұмыстарының нәтижесінде жаңа кен орындарын анықтап, болжамды минералды ресурстарды алу көзделген. Қазіргі таңда әлемдік нарықтағы заманауи тенденцияларды, сондай-ақ сирек кездесетін металдарға деген сұраныстың артуын ескере отырып, биыл Қазақстанның оңтүстігінде сирек кездесетін металдар кенін анықтау перспективаларын бағалау аяқталуда. 10 айда бұған дейін зерттелген учаскелердегі 3 көмірсутек шикізаты кеніші – 1 темір рудасы, 1 нефритоид және 1 көмір кен орны алғаш рет мемлекет балансына берілді. Жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялары есебінен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдалы қазбалар қоры көбейіп, темір рудалары – 12 млн тоннаға, мыс – 58 мың тоннаға, уран – 92 мың тоннаға, күміс – 270 тоннаға, мұнай – 17 млн тоннаға, минералды сулар – тәулігіне 35 мың шаршы метрге жетті.
Геологиялық барлауға инвестициялар мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік жобалары аясында Қазгеология ұлттық компаниясы арқылы тартылады. Бұл елімізге Рио Тинто, Иллюка, Илдырым, Улмус сынды геологиялық барлаудағы әлемдік көшбасшыларды тартуға мүмкіндік берді. Бұл компаниялар тек ел аумағын зерттеп қана қоймай, озық технологияларын да әкеледі. Қазіргі уақытта Қазгеологияның инвестициялық портфелінде геологиялық барлауға инвестициялар көлемі 52,5 млрд теңге болатын жер қойнауын пайдаланудың 52-ден астам бірлескен жобасы бар. Ұлттық геологиялық барлау компаниясының ақпараты бойынша, елдің минералды-шикізат базасын кеңейту мақсатында Қазақмыс корпорациясымен Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш моноқалалары аудандарында, Казцинк компаниясымен Риддер және Зырянь моноқалаларында алтын, мыс, полиметалдарды бірлесе барлау жұмыстары басталды. Сондай-ақ Қазгеология Қазақстанның сирек кездесетін металдар кен орындарын анықтау перспективаларын бағалау бойынша ірі жобаны аяқтайды. Республика аумағындағы жоба Қазақстанның 8 облысында орналасқан 18 ірі сирек кездесетін кен орындарын анықтады. Биыл Оңтүстік Қазақстанда сирек металдар кен орнын анықтау әлеуетін бағалаудың нәтижесінде келешекте сирек элементтердің өндірістік нысандарын анықтауға бірқатар минерагениялық кешен таңдалған. Шығыс Қазақстан облысындағы Жоғарғы Еспе учаскесінде іздеу-бағалау жұмыстары аяқталды. Қор­ларды есептеу жұмыс нәтижесінен белгілі болғандай, Жоғарғы Еспе сирек жер металдары кенінің қоры бар ірі кен орны болып табылды. Батыс Қазақстанда Каспий маңы ойпатының тұзды бағанында асыл металдар мен литийдің байытылған аймақтарын анықтау бойынша геологиялық барлау жұмыстары басталды. Геологиялық мекеме Қазақстанның негізгі кенді аймақтарында сирек жер металдарын анықтау келешегін бағалау жөніндегі құны 517 млн теңгені құрайтын ауқымды жобаны аяқтауға жақын. Атқарылған геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі еліміздегі сирек жер металдары саласы бағдарламасын әзірлеуге негіз болуы тиіс.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру