Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Қаражанбас қаһарманы

(Соңы. Басы өткен санда)

Баяғы жіберген әрбір сызбаңды сы­ғалап қарап, көңіліне жақпаса турап-турап өзіңе қайтаратын жо­ғарыдағылар енді маңдайымыздан сипап, түшкіре қалсақ «жәрәкімал­лаға» салатын бол­ды. Әрине, мұндай дәрежеге жетудің оңайға түспегені, ол тек қана геолог-барлаушылардың тынымсыз, қажымас еңбегінің арқасы екендігі көпке аян.Жоғарыдағылар шынында Бозашыда рұқсатсыз ұлан-ғайыр жұмыстың жүріп жатқанынан хабарсыз еді, – деп еске алады Әділ Нұрманов. – Қаражанбас алаңында алғашқы мұнай бұрқағы атқанннан кейін алаңның геологиялық құрылысын одан әрі зерттеу қажет болды. Құрылымның аумағын анықтау және ондағы мұнай-газ қорлары іркілген қабаттарды белгілеу мақсатында тек Қаражанбас алаңының өзінде аумағы 21×5 шақырым болатын 32 құрылым ұңғы жобаланып қазылды. Сөйтіп, геологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізудің кейбір негізсіз талаптарын бұзып, бекітілген актісі мен жобасы жоқ бұрғылау жұмыстарын жүргізген мені тағдырдың тәлкегінен Қаражанбас мұнайы құтқарды. Егер сол уақытта алғашқы К-12 ұңғысы құрылымның шеткері жағынан қазылып, одан су шығып кеткен жағдайда қазіргі кезді көз алдымызға елестету де қиын болар еді. Онда тек Қаражанбаста ғана емес, қазіргі Маңғыстау облысы бойынша өндірілетін мұнайдың тең жартысын беріп тұрған Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас, Арман, Жалғызтөбе сияқты кен орындарының ашылмайтыны, өмірге келмейтіні айдан анық болатын».
Осынау алғашқы мұнай бұрқа­ғы­ның арқасында Әділ Нұрманов енді тек осы Қаражанбас алаңында жүргізіле­тін жұмыстардың жобасы ғана емес, үлкен аумақты жерді алып жатқан Солтүстік Бозашы төбелі дөңінде ат­қа­рылатын геологиялық іздестіру жұ­мыс­тарына шектеусіз жоба жасауға кіріседі.«Қаражанбастағы бұрғылау жұмыстарын әзірше жобасыз жалғастыра беруге тура келді. Алғашқы мұнай фонтанының көрсеткіштері мен химиялық құрамын анықтау мақсатында К-12 ұңғысы қасынан №101 барлау ұңғысын белгіледік. Оны бұрғышы шебер А.И.Волочаев өзінің МАЗ автомашинасының үстіне орнатылған БА-15Н қондырғысымен бір ай ішінде 465 метр тереңдікке қазып бітірді, – деп жалғастырды әңгімесін Әділ аға. – Оған толықтай геофизикалық зерттеу жүргізіліп, мұнайлы қабаттардың физикалық көрсеткіштері мен химиялық құрамы анықталды. А.И.Волочаевтың бұрғылау қондырғысынан тәулігіне 156 текше метр таза мұнай неоком қабатынан алынды. Бұл арқылы алғашқы К-12 ұңғысынан алынған мұнай фонтанының өнімі толықтай өзгеріссіз дәлелденді.Біз көп ұзамай Солтүстік Бозашы дөңі бойынша құрылымдық іздестіру жұмыс­тары­ның жобасын бітіріп, оны бекі­туге министрлікке жібердік. Ендігі міндет бұл аймақтарға жүргізілетін барлау-бұрғылау жұмыстарына жоба жасау еді. Көп ұзамай оны да бітіріп, министрлікке ұсындық. Жіберілген жобалар ешқандай өзгеріссіз, бір жұманың ішінде бекітіліп келді. Енді ұзындығы 60, ені 25-30 шақырым болатын аумақты бұрғылау қажет болды. Ол үшін техника жетпей, көрші Ембі геологиялық іздестіру партиясынан екі бұрғылау қондырғысы бригадасымен алдырылды. 1976 жылы Жалғызтөбе алаңынан 356-386 метр тереңдіктен тәулігіне 50 текше метр беретін бұрғышы Еркінше Төрехановтың №142 ұңғысынан төменгі бор қабатынан мұнай кен орны ашылды. Алқаптардағы бұрғылау жұ­мыстарының нәтижесі Қаражанбас, Солтүстік Бозашы алаңдарында юра шөгінділерінде бір­неше мұнай қабаттарының барлығын анық­тады».
Геологиялық барлау-зерттеу жұ­мыс­тарының нәтижелері бойын­ша 1977 жы­лы КСРО пайдалы қазба­лар жөніндегі мемлекеттік комитеті Қаражанбаста мұнай мен газ кен орнының қорын бекітті. Онда есеп­телген мұнайдың баланстық қоры 238 535 мың тонна, игеруге болатыны 96 983 мың тонна құрайды.
Мұнай министрлігінде Қаражан­бас кен орнынан өндірілетін мұнайдың жоғары тұтқырлығы еске­ріліп, Бүкілодақтық мұнай ғылы­ми-зерттеу институтының арнайы бөлімшесі ашылып, Краснодар қала­сына орналасады. Кейін Қазақ­стан үкіметінің араласуымен мұнай өндірісінің тиімділік жақтары ескері­ліп, КСРО Мұнай өнеркәсібі министр­лігінің 1982 жылғы 12 тамыз­да­ғы №426 бұйрығына сәйкес Қаражанбаста мұнай қабаттары өнімділігін арттыру және ұңғыларды күрделі жөндеу басқармалары құрылды. Басқарма басшылығына жергілікті мамандар тартылды.
Қаражанбас жоғары тұтқыр мұ­найын өндіру жұмыстарын жүргізу ісіне одақтың әртүрлі кен орындары­нан білікті мамандар шақырылды. Жоғары тұтқырлығы бар мұнайды жер астында ерітіп, ұңғыма арқылы жер бетіне шығару үшін кен орнының шартты түрде екі алаңға бөлініп, қабатаралық ылғалды өртеу және ыстық су буының сығу әдісімен сұйылту арқылы өндіру жүзеге асырылды. Осы әдіспен жылына 1-1,5 млн тонна мұнай өндіру жоспарланды. Жоғары тұтқыр мұнайды өндірудің осы аталған әдісіне кезінде өзге елдердің мұнай өндіруші компаниялары да елең еткен болатын.
Қаражанбас, Солтүстік Бозашы­дағы мұнайдың жақын қабаттардан шығатыны ескеріліп, бұрын үш кезеңнен тұратын: геологиялық іздестіру, барлау, өндірістік баға беру жұмыстары біріктіріліп, аз уақыт ішінде тайызда жатқан кен орындарына өндірістік баға беріледі.
Осылайша өте қысқа мерзім ішін­де Қаражанбаспен қатар Солтүс­тік Бозашы, Қаламқас мұнайлы аудан­дарына өндірістік баға беріліп, Қалам­қас кен орнынан мұнай өндіріле бас­тады. Қаламқас мұнайы алғаш рет 1980 жылдың 4 қаңтарында танкермен Баку қаласына жөнелтілді.
Бозашы мұнайының ерекшелігі – құрамында аса бағалы ванадий сияқты ауыр металдардың кездесуі.Қаражанбас кенішінде алғашқы мұнай 10 ұңғымадан өндіріліп, 1980 жылдың 3 қыркүйегіне тарту етілген болатын. Осылайша батпақты сор астынан Бозашы мұнайы өндіріліп, ел игілігіне айналды. Биыл сәуір айында Қаражанбас кенорнынан 1980 жылдан бері 50 миллион тонна мұнай өндірілгені мерекелік жағдайда аталып өтті.
КСРО Мұнай министрлігінің 1986 жылғы 25 маусымдағы №420 бұйрығына сәйкес «Союзтерм­нефть» мекемесінен дербес «Қаражан­бастерм­нефть» мұнай-газ өндіру бас­қар­масы құрылды. Боза­шы мұнайы Маңғыстаудың екін­ші тынысы бола­тындығы іс жүзінде дәлелденді.
Қаражанбас кен орны төріндегі бірінші мұнай бұрқағы алынған К-12 құрылымдық ұңғысы орнында биік тұғыр үстіне үлкен ескерткіш тақта орнатылып, онда мұнай бұрқағын ашқан,«Қаражанбас қаһарманы» атанған геолог Әділ Нұрманов пен бұрғышы Санақ Таяновтың аты-жөндері алтын әріппен айшықталып жазылған. Бұл ұзақ жылдар Маңғыс­таудың жазғы аптабы мен сорлы батпағында жолқоржынын арқалап, талмай зерттеу жұмыстарын жүргізген геолог Әділ Нұрмановқа берілген әділ баға, туған елінің құрметі болатын.
Кезегі келгенде Әділ аға: «Боза­шы­ның мол мұнайын барлап, оны игеруде экспедицияға қарасты геологиялық-іздестіру партиясы мамандарының да үлестері ерекше екенін атап көрсеткен жөн. Бұл бағытта экспедицияның геологиялық бөліміндегі геологтар: Виктор Нечаев, Жаңбырбай Қартбаев, Болатбай Матаев, Нина Токарева, Ізберген Кебекбаев, Шамғон Жар­ылғаповтар ашылып жатқан мұнайлы алаңдарды жан-жақты зерттеп, оларға өндірістік баға беруде асқан жа­уап­кершілік танытты», – деп өзінің ең­бектес жолдастарының есімдерін ерекше ілтипатпен атап өтті.
Адам баласының өмірінде әділдік пен қиянаттың қатар жүретіні белгілі. Мысалға, 1981 жылы бір топ геолог-барлаушылар КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған.Бұлардың қатарында Әділ Нұрманов та болған.Орталықтың тоталитарлық тәртібі өз дегенін істеді. Осы бағытта жұмыс жасаған «Мемлекеттік сыйлықтарды беру туралы» комитет бірқатарын өткізбеді. Соның ішінде В.Токарев, Х.Өзбекқалиев және Ә.Нұрманов сызылып тасталған.Мемлекеттік сыйлық алғандар қатарын­дағы Қазақстан ғылыми-зерттеу геоло­гия­лық барлау институтының қызмет­керлері: С.Шақабаев, Э.Воца­лев­ский, А.И.Шаховойлар Қаражанбас мұнайы ашылғанға дейін Солтүстік Бозашы дөңінің болашағы жоқ деген ғылыми мақалаларын орталық басылымдарда жариялап, барлау жұмыстарына кезінде әділ баға бермеген ғалымдар болатын. Қаражанбас кен орнында полимерлік ерітінділер айдау жұмыстары басталып, ұзындығы 30 шақырым Каспий теңізінің тол­қынды суларынан қорғаныс бөгет­тері салынды.Қазақстанда газды қоспа­ғанның өзінде, жылына 80 млн тонна мұнай өндіріледі. Маңғыстау мұнайды 17 млн тоннаның үстінде тапсырады.
Қаражанбас кен орнында мұнай өн­дірісі жоспар бойынша өндіріліп келеді. Биыл бұл өндірістегі толағай табыс туралы өндіріс басшылары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығына төмендегідей рапорт берген еді: «Қара­жанбас кен орнында 2018 жыл­дың 1 мамырында 50 миллио­нын­шы тонна мұнай өндірілді. Көптен ұжым күткен меже орындалды!
50 миллион тоннамұнай– «КБМ» компаниялар тобының және оның іскер әріптестерінің 1980 жылдан бастап кен орнында мұнай өндіру жұмыстарының нәтижесі».
«Қаражанбас қаһарманы» атан­ған мұнай-газ саласының май­тал­ман маманы, адал еңбегімен ел мақ­танышына айналған Әділ Молдашұлы 1934 жылы Маңғыс­таудың Шайыр ауылында дүниеге келген. 1952 жылы Шахта орта мектебін бітірген­нен кейін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің геология-барлау бөліміне түсіп, оқуын тәмамдаған 1957 жылы Маң­­ғыстау геологиялық іздестіру пар­тиясының Түбіжіктегі бөлім­шесінде коллектор техник-геолог болып еңбек жолын бастайды. 1959-1985 жылдар аралығындағы кезеңде «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресіне қарасты тақырыптық партияның бас­тығы, Маңғыстау геологиялық іздес­тіру экспедициясында аға геолог, бас геолог қызметтерін атқарып, Оңтүстік Маңғыстау өңіріндегі Жетібай, Өзен, Қарамандыбас, Шығыс Жетібай мұнай-газ барлау жұмыстары мен өндіріске тапсыру жұмыстарына белсене араласты.1986 жылы Геология министрлігінің ұсынысы­мен жаңадан ашылған «Маңғыстау­геофизи­ка» экспедициясында бас геолог, 1992 жылы сол мекеменің басшы­сы болып тағайындалды. Кейін мекеме акцио­нерлік қоғамға айналып, со­ның прези­денті қызметін 1997 жылға дейін атқарып зейнеткерлікке шығады. Ә.Нұрманов – 1957-1997 жылдары 70-тен аса құрылымдардың геологиялық іздестіру картасын жасап, 40 жыл өмірін Маңғыстауда мұнай-газ іздестіру-бар­лау жұмыстарына арнаған, мұнай-газ іздес­тіру бағытындағы жұмыстардың барлы­ғында да қолтаңбасы бар аза­мат. Міндетті жұмыстарымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді қаты­сып, Шевченко қалалық кеңесінің депутаты болып сай­лан­ды (1962 ж.).
Кен орындарын іздестіруде жаңа тиімді әдістерді ойлап тауып, геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіргені, өлкемізде орналасқан кен орындарының ашылуына және игерілуіне тікелей елеулі үлес қосқаны үшін Әділ Нұрманов бірнеше мәрте жоғары үкімет наградаларымен марапатталды. Ол – «Еңбек Қызыл Ту» (1980), «Құрмет белгісі»(1987) ордендері мен «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай еңбектегі ерлігі үшін» (1970), «Ерен еңбегі үшін» медалдарының және «Бозашы мұнайын алғаш ашушы» (1985), «Еңбек сіңірген кен барлаушы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Теңіз кенішіне 30 жыл», «ҚР Құрметті кен барлаушысы», «Маңғыстаумұнайгазбарлау тресіне50 жыл», «Қаражанбас кен орнына 30 жыл» секілді көптеген төсбелгілердің иегері. ҚазКСР Геология министрлігінің Мақтау грамоталарымен бірнеше рет наградталып, есімі ҚР Геология минис­трлігінің «Еңбек Даңқы» кітабына жазылды. 1970-1986 жылдары Мәскеуде Ломоносов университеті жанындағы гео­лог­тардың білім көтеру факультетін, Алматы қаласындағы политехникалық институт базасында өз мамандығы бойын­ша білім көтеру курстарын тамамда­ған Әділ аға үнемі өз білімін көтерумен шұ­ғыл­данады.
Әділ аға жұбайы Әминамен екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Гүлбаршын журналист мамандығын алды, ал әке жолын қуған Дина, Сәкен, Шоқандар– мұнай-газ саласының мамандары.
Ә.Нұрмановтың өмірден көрген-білгені мен қызметтік бай тәжірибесін түйін­деген елуден астам ғылыми мақала­лары одақтық, республикалық ғылыми басылымдарда жарық көрді. Әйгілі геологтың бұл ғылыми мақалалары мен әртүрлі дәйектемелері мұнай-газ саласы мамандары үшін құнды еңбек болып саналады. 2004 жылы Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан «Бозашы – Маңғыстаудың екінші тынысы» атты ес­телік кітабы жарық көрді. Геолог Ә.Нұр­манов Маңғыстау мұнайының игерілу тарихын өз өмірбаянымен сабақ­тас­тыра баяндап, сол кезеңнің келбеті, замандастар тұлғасы туралы жазыл­ған осы еңбегінің соңғы жолдарын: «Еске аламын да, қашан да туған жерінің пұш­пақ­тай жерін жан-жағынан анталаған жауына бермей арпалысып өткен, кейінгі ұрпақтарына аманат еткен бабалар рухына басымды иіп, сол жерде өз қолтаңбамның қалғанына риза боламын. Бекер ғұмыр сүрмегеніме, артымда жалғасын тауып келе жатқан соқпағымның барлығына мақтаныш сезімінің болатыны да рас», – деп қорытындылаған. Бұл ардагер ағаның туған жерге, еліне деген ас­қан сүйіспеншілігі, рухани жаңғыру аясында жастарға үміт артуымен қатар оларға деген сенімі деп білеміз.
Сөз соңында Әділ ағадан қазір не­мен айналысатындығын сұрағанымызда: «Мен Маңғыстаудағы «Бузачи Опе­рей­­тинг», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қара­жан­басмұнай» сияқты мұнай ком­па­ния­ларының әртүр­лі мерекелік жиын­дарына шақыру­мен қатысамын. Реті келгенде ғылыми-прак­тикалық конференцияларда пікір айтуға ша­қырады. Әртүрлі тақы­рып­тық тың­дау­лардан да тыс қалмай­мын. Біздің кезі­міздегі жұмыстағы қиын­дықтарға қазіргі жас мамандар таңдана қарайды. Ол өте орынды. Қазір мұнай өндірісіне жаңа технология, жаңа өндіріс­тік құрылғылар енді» – деп жауап берді.
Иә, қазір жаңа технологиямен жаб­дық­талған шетелдік компаниялардың мұнай өнімдерін өндіру көлемін жыл сайын көтере түскені қуантады. Әділ аға көрнекті мұнай маманы ретінде шетелдіктердің мұнай өндіру саясатын өз еліміздің саясатымен салыстыруға мүлдем болмайтындығын ескертті. Шетелдіктердің мақсаты – қысқа мерзім ішінде мол өнім өндіріп, келесі жаңа кен орындарын игеру, яғни кеніштерді өнімі мол кезінде ғана пайдаланып қалу. Жалпы мұнайлы алаңдарды қалыптасқан ғылыми тә­жірибелерге сүйеніп өндіру қажет. Мұнай өнімін есептен тыс орынсыз көбейту кенді қабаттардың алғашқы табиғи өнімдерін мезгілсіз кемітіп, қысқа мерзімде өнімділігін шектен тыс азайтады. Сондықтан олар кен орындарын алғашқы өнімді кезінен кейін басқа бір компанияға сатып кету фактілері кездеседі. Ал оларды қалпына келтіру оңайға соқпайды. Оған тиісінше қосымша шығын кетеді. Мұнай өндіруде өндіріс ережелері қатаң сақталуы тиіс. Ол үшін мұнай өндіруші компаниялардың өндіру технологияла­рын қадағалаумен қатар, қоршаған ортаға кел­тіретін зиянын да қадағалау керек. Туған жер, оның табиғи байлығы – бола­шақ ұрпақтың несібесі деп асқан жауап­кершілікпен қарауымыз керек.

Марал ҚАРАЖАНОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің доценті


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру