Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Ұлы дала рухы

Түркияның Бурса қаласында Көш тарихи музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Ұлы дала рухы» көрмесі ашылды. Ол ХХ ғасырдың аяғы – ХХI ғасырдың басындағы қазақстандық суретшілердің 32 кескіндемелік және графикалық жұмыстарын ұсынады. Көрме ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен және Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейімен ұйымдастырылған. Мұның алдында көрме Түркияның астанасы Анкарада сәтті өтті.

Бурса – Түркиядағы көлемі жағынан Стамбул, Анкара, Измирден кейінгі Мәрмәр теңізінің жағалауына жақын Улудаг тауының (2500 метр) етегінде орналасқан төртінші қала. Бурса қаласы б.з.д. 2 ғасырда Вифиния облысында құрылды және өркендеуші мегаполиске айналды. Мұндай өркендеуге атақты Ұлы Жібек жолының өтуі үлкен ықпал етті. 14 ғасырға шейін мұнда византиялықтар билік жүргізді, кейін оларды селжұқтар ығыстырып Бурсаны Осман империясының алғашқы астанасына айналдырды. Бурса өзінің мешіттерімен, Осман империясының ерте кездегі монументтерімен, көптеген сая­бақтары мен әдемі тау бөк­те­рін­дегі ормандарымен танымал. XIV ғасырдағы Ұлы-Жәми мешіті (Үлкен мешіт) селжұқ стиліндегі 20 күмбезі мен қақпасымен өзіне назар аудартады.
Түркі мәдениетінің халық­аралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) түркі елдерінің әдебиеті мен өнері саласында түркі мұрасын сақтау мен түркі халықтарының нығаюына бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. 2008 жылдан бастап бүгінге дейін Түркі мәдениеті­нің халықаралық ұйымының (ТҮРК­СОЙ) бас хатшысы, қазақ музыканты, профессор, дипломат әрі қоғам қайраткері Дүйсен Қорабайұлы Қасеинов болып табылады.
Ә.Қастеев атындағы ҚР Мем­лекеттік өнер музейі – қа­зақ бейнелеу өнерінің әлем­дегі ең ауқымды коллекция­сына ие Қазақ­стандағы ірі көркем­суретті музей. «Ұлы дала рухы» көрмесі көшпенділер мәде­ние­тінің, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ат-спорттық ойын­дары, дәстүрлері мен әдет-ғұрып­тарының бірегей ерекше­лігін көрсетеді. Ол қазіргі заман­ғы түркітілдес елдердің бейнелеу өнері, өткенге, тарихқа, оның аумағында болған ежелгі өркениеттерге, қазіргі заманғы адамзат проблемаларына және рухани ізденістерге деген үлкен қызығушылығының айқын үлгісі болып табылады.
32 кескіндеме және графика туындылары түрік көрермендері мен Бурсаның қонақтарын қазақстандық Евгений Сидоркин, Әбдірашит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бахыт Бапишев сынды өнер шеберлерінің, сондай-ақ Марат Бекеев, Шамиль Гулиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңлібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазығұлов және Вячеслав Люй-Ко сияқты қызық­ты заманауи суретшілердің шығар­машылығымен таныстырды.
Ал Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған «Қазақстан кескіндемесі» ғылыми каталогы­ның ІІ томының салтанатты тұсаукесері өтеді. Қазақстан тарихында алғаш рет кескіндеме каталогының толық көрнекі ғылыми басылымы шығарыла бастады.
Ә.Қастеев атындағы Қазақ­стан Республикасының Мемле­кеттік өнер музейі 1935 жылы құрылған, коллекцияның негізгі бөлімі Қазақстан бейнелеу өнері болып табылады. Қазақ кескіндемесі пайда болған кезеңнен бері әлемдік көркемдік құбылыстар қатарында шын мәніндегі маңызды құбылысқа айналды.
«Музейлік жинақ кәсіби мектептің қалыптасуы мен дамуы­­ның барлық кезең­дерін көрсетеді, сондай-ақ қазақ­стандық жетекші өнер шеберлерінің түпнұс­қалық жау­һарларын қамти­ды. Қазақ­стандағы же­тек­ші көр­кемсурет музейін­дегі кес­кіндеме коллекциясын толығы­мен тиянақтау Қазақстан кескінде­месінің басты каталогын шығару­дың басты мақсаты болып табылады, қазіргі уақытта сіздер ІІ томын қолдарыңызда ұстап тұрсыздар. Басты каталогпен жұмыс − ғылыми-зерттеу жұ­мы­сы мен сақтау мен есепке алу сияқты маңызды міндеттерді біріктіретін музей қызметінің негізгі бағытының бірі. Каталог –ауқымды коллекцияны қалып­тастыру мен зерттеуге бағыт­талған көпжылдық күш-жігердің нәтижесі. Ол негізгі кезеңдерді, оның қалыптасуы мен толықтырылуының серпіні мен географиясын көрнекі бақылауға мүмкіндік береді», – дейді музей директоры, профессор Гүлмира Шалабаева.
Бұл ұзақ мерзімді және ма­ңызды жоба Қазақстан мен Орталық Азиядағы KPMG халық­аралық компаниясы арқа­сында жүзеге асырылуда, музейдің оған деген алғысы шексіз.
Каталогтың екінші томы Леонид Леонтьев, Сабыр Мәмбеев, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Сахи Романов, Алексей Степанов, КСРО Халық суретшісі Қанафия Телжанов сияқты Қазақстан кескіндемесінің көр­некті шеберлері, ҚР Халық суретшілерінің шығар­ма­ларын қамтиды. Олар­дың әр­қайсысының шығармашы­лығы – Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейімен мұқият сақталған, Қазақстан өнерінің Алтын қорын құрайтын Қазақстан кескіндемесі тарихы­ның маңызды парағы.
Музейдің құрылуынан бас­тап бүгінгі күнге дейінгі әр түрлі бөлімшелер қызметкерлерінің қызметі қазақстандық шеберлер­дің шығармашылық мұрала­рын жүйелі, жоспарлы түрде кеңей­туге, сақтауға және зерттеуге бағыт­талған. Коллекцияны кеңей­ту стратегиясы музей басшы­лы­ғына қазірде негіз болады, ол жаңа экспонаттардың келуіне ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осыған орай, ауқымды ұлттық және рес­публикалық көрме-конкурстар ұйымдастырылды, қорытындысы бойынша жеңім­паз­дар туындылары музей қоры­на тапсырылды. Олардың қатарында: 2012 жылғы «Қазақ халқы­ның эпостық жырлары, тарихы мен дәстүрлері», 2016 жылғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Бабалар аңсаған Тәуелсiздiк» көрмелері бар.

Айжан ЖАСБАТЫР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру