Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Бедеулік белең алып барады

Алматыдағы «Риксос» қонақүйінде «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. ҚРТ: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты Х халықаралық конференциясы өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, Қазақстанның репродуктивті медицина ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен конгреске Ресей, Украина, Израиль, Франция, Германия, Дания, Бельгия, Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстаннан келген репродуктивті технологиялар саласындағы жетекші мамандар қатысты.

Елімізде экстра-корпоральды ұрықтандыруға 2010 жылдан бері квота беріліп келеді. Алғашқы жылдары 100, соңғы жылдары 900 отбасыға дейін жасанды жолмен бала сүюге мүмкіндік алуда. Жылына 9 мың адам ЭКО жасататынын, ал, 15 мыңға жуық адамның кезекте тұрғанын ескерсек, бұл сандар көңіл көншітпейді, дейді мамандар.
«Қазіргі кезде біз мәселе кө­теріп жатырмыз. Кем дегенде, 17-20 мың квота болуы керек. Бірақ мемлекет оның бәрін алып жүре алмауы мүмкін. Өйткені, бұған қаражат көп кетеді, бұл жоғары технологиялар. Сол се­бепті, әлеуметтік медициналық сақтандыру енгеннен кейін ғана барып, осы қызмет әрбір әйелге қолжетімді болады деген ойдамыз», – деді Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры Салтанат Байқошқарова.
Халықаралық форум аясында бедеулікке шалдыққан отба­сының медико-әлеуметтік проблемалары мен бала туа алмайтын пациенттердің өмір сапасын арттыру жолдары сөз болды. Қазір әлемде бедеуліктің жиілігі орта есеппен, 15%-ды құрайды. Дәрігерлер белсіздіктің де белең алып келе жатқанын айтады. Бүгінде бедеулік жағ­дайының 50%-дан астамы ер­лердің репродуктивті жүйесінің патологиясымен байланысты екен. Мамандар бала сүйе алмай жүрген отбасылардың көбіне дәрігерлердің көмегіне кеш жүгінетінін айтып қынжылады.
«Егер әйел бір жыл көлемінде бала көтере алмаса, тез арада көмек көрсете алатын дәрігерге жүгінуі керек. Өкінішке қарай, көптеген отбасылар 5-10 жылдан соң келіп жатады. Әр әйел шамамен, 4 жылға дейін кезекте тұрады. Жасы 30-дан асып 40-қа таяған әйелдердің кезегі жеткенше аналық ұрығының сапасы да, көлемі де азаяды. Ер адамдардың да белсіздігін өз елімізде емдеуге толық мүмкіндік бар», – деді Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, Репродуктивті денсаулық инсти­тутының ректоры Вячеслав Локшин.
Форум тақырыбының өзек­тілігі бедеулікке шалдыққан отбасының медициналық-әлеуметтік проблемалары елі­міздегі демографиялық жағ­дайды жақсарту үшін, сонымен қатар, балалы бола алмайтын пациенттердің өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін шешуде маңыздылығымен айқындалды. Диагностикалаудың заманауи тәсілдерін дамыту бедеуліктің нақты себебін анықтауға және оны емдеу тәсілдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Бедеулік жағдайының 50%-дан астамы ерлердің репродуктивті жүйесінің патологиясымен байланысты, 25%-ы құрама бедеуліктің енші­сінде.
Кейінгі жылдары әлемде бе­деуліктің түрлерін емдеудің мол тәжірибесі жинақталды. Бар тә­сілдердің көбі Қазақстанда да сәтті енгізілді. Эндовидеохирургия, диагностикалау мен емдеудің гормональдық тәсілдері, андрология, медициналық генетика, эмбриология дамуда, жаңа қауіпсіз және тиімді дәрілік препараттар тіркелуде. Осының бәрі қосымша репродуктивтік технологияларды құруға (бұдан әрі – ҚРТ) және оларды практикаға белсенді енгізуге әкелді.
Біздің елімізде ҚРТ 1995 жыл­дан Адам репродукциясы қа­лалық орталығында (бұдан әрі – АРҚО) елімізде алғаш рет экс­тра­корпоральді ұрықтандыру зертханасы ашылғаннан бастап енгізіле бастады. Бір жылдан соң «шыны түтіктен» тұңғыш бала туылды. Бүгінде Қазақстанда 22 ЭКҰ орталық жұмыс істейді, оның ішінде 17-і жеке меншік.
ҚРТ әдістерімен елімізде 50 мыңнан астам ерлі-зайыптылар емделді. Емделу тиімділігі 15%-дан 43%-ға дейін өсті. Бала туылуы дерегімен расталатын емделу тиімділігінің көрсеткіші 29%-ды құрайды, бұл орташа еуропалық көрсеткішке сай. Бедеулікке шалдыққан отбасыларда 12 мың­нан астам бала дүниеге келді.
2010 жылға дейін қымбат тұратын емделу пациенттердің есебінен жүзеге асатын. Бедеулікке шалдыққан пациенттерді ҚРТ тәсілдерімен емдеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуы – қазақстандық денсаулық сақтау саласының маңызды же­тістіктерінің бірі болды. Ден­саулық сақтау министрлігі экстракор­поральді ұрықтандыруды қажет ететін ерлі-зайыпты адамдарға қаражат бөледі.
2010 жылдан бастап тегін ме­дициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ҚРТ-ның 3 мыңға жуық бағдарламасына қаражат бөлінді. 2016 жылы мемлекет 820 бағдарламаға қаражат бөл­ді. Пациенттер емді өз қалаула­ры бойынша мемлекеттік немесе жеке меншік орталықтарында алады. Бағдарлама тиімділігі жөнінен үздік нәтижелі және тәжірибесі мол 2 мемлекеттік, 3 жекеменшік клиникаларда өткізілуде. Қазақстанда 2010-2016 жылдар аралығында бюджеттік бағдарламалар нәтижесінде 1200-ге жуық бала дүниеге келді.
Шара барысында ҚРТ-дағы эмбриологияның өзек­ті мәселелері бойынша Ұлыбри­тания, Үндістан, Израиль, Жапония, Ресей, Украина және Қазақстан мамандарының қа­тысуымен шеберлік сыныптары өтті. Конгресс аясында Ресей, Украина, Беларусь және Қазақстанның ҚРТ-ны дамыту бойынша дәстүрлі отырысы өтті. Биылғы жылы пікірлесу алаңына Израиль мен Франциядан келген әріптестер де қатысты. Сонымен қатар, шара барысында медициналық техника мен дәрілік заттар жетекші шығарушыларының қатысуымен репродуктивті медицинаға арнал­ған көрме ұйымдастырылды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру