Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Мерзімінен бұрын жеңді

Монакодағы «Казино де Монте-Карло» кешенінде кәсіпқой боксшылар арасында жұдырықтасулар өткізілді. Соның бірінде 2016 жылғы Рио-де-Жанейро олимпиадасының чемпионы, қазақстандық Данияр Елеусінов никарагуалық Маркос Мохикамен шаршы алаңда кездескен болатын.

Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшып, әуесқой бокстағы барлық биікті бағындырған 1991 жылғы Данияр Елеусіновтің (4-0, 2 КО) бұл кәсіпқой рингтегі бесінші кездесуі болса, 33 жасар Маркос Мохиканың (16-2-2, 12 КО) одан әлдеқайда тәжірибелі екені анық болатын. Кәсіпқой рингте жүргеніне сегіз жыл болған Маркос бұған дейін тек өз елінде өткізген 20 жекпе-жектің 16-сында жеңіске жетсе, соның 12-сін нокаутпен аяқтаған-ды. Кәсіпқой бокстағы қадамын биыл ғана бастаған Данияр төрт айқасының екеуінде қарсыласын нокаутпен жеңген.
Сегіз раундтық шайқаста Данияр жекпе-жек тізгінін бірден қолына алып, соққыларын дарыта бастады. Екінші раундта-ақ қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға жіберді. Мохика екінші рет нокдаунға түскен сәтте гонг та соғылды. Үшінші раундта Данияр никарагуалықты тағы бір нокдаунға жіберді. Ақыры Мохика екі ауыр соққы алғаннан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты. Нокаут! Д.Елеусінов кездесуден кейінгі қазақ тілінде берген сұхбатында қазақстандық жанкүйерлерін алдағы уақытта үлкен жеңістермен қуантатынын жеткізді. Д.Елеусінов: «Өте жақсы өнер көрсете алғаныма қуаныштымын. Джон Дэвид Джексонның қоластында шебер­лігім арта түскенін байқап жүрмін. Барша командама және Эдди Хирнге рахмет! Мен дер кезінде соққы жасай алатыныма сенемін. Монте-Карлодағы жекпе-жекті өз басым тамаша өткіздім деп ойлаймын. Бұл үлкен шоу, жаңа деңгей», – деді ол.
Айта кетейік, осы кеште қазақстандық Сұлтан Зауырбек (2-0. 1 КО) никарагуалық Джонсон Теллесті (12-44-5, 6 КО) техникалық нокаутпен жеңді. Еске сала кетейік, Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа түбегейлі наурыз айының басында ауысты. Оған дейін бір рет баруға бел буғанмен, реті келмеген еді. Ұлыбритания­лық промоутер Эдди Хирнмен (Match­room Boxing) үшжылдық келісімшартқа қол қойып, кәсіп­қой бокстағы мансабына жол ашылды. Қазіргі таңда Эдди Хирн басқаратын компания құрамында аса ауыр салмақта WBA Super, IBF және IBO чемпиондық атақтарына ие Энтони Джошуа бар. Сондай-ақ британдық промоутер Райан Барнетт (18-0, 9 КО) (WBA Super және IBF), Джейми Макдоннелл (29-2-1, 13 КО) (WBA), Халид Яфай (23-0, 14 КО) (WBA Super), Келл Брук (37-2, 26 КО), Дэниэл Джейкобс (33-2, 29 КО) сынды боксшылармен жұмыс жасайды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру