Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Шаралардың нақты нәтижесі болуы тиіс

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Сондай-ақ жиында энергия үнемділігі мен тиімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Инвестициялар және даму ми­нистрі Ж.Қасымбек келтірген ақпа­раттар бойынша, бөлінген қаражат есебінен республикалық маңызы бар 2,4 мың шақырым автожол салынып, қайта жаңғыртылса, 7,5 мың шақырым жол жөнделген. Барлық нысанда 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жол құрылысына 95% отандық өндірушілердің материалдары пайдаланылды. Жалпы, бастау алған барлық жобалар алдағы екі жылдың көлемінде толығымен аяқталмақ. Ақылы автожолдарды дамыту бойынша Ішкі істер министрлігінің жүйелерімен интеграцияланған Алматы – Қапша­ғай, Алматы – Қорғас және Астана – Теміртау учаскелерінде ақы алу жүйелері тестік пайдалануға енгізілген. Бұдан бөлек, 5,9 мың шақырымдық жолға ақы алу жүйесін енгізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі де бар. Жалпы, 2020-жылға қарай ұзақтығы шамамен 6,6 мың шақырым жолға төлем алу жүйесі қосылады. Үш жылдық кезеңде жыл сайынғы қаржыландыру көлемі жылына 5 мың шақырым жол жөндеуге мүмкіндік беретін 150 млрд теңгеден кем болмайды. Бұл шаралар қосымша 10 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы қарқын келесі жылы да сақталады. Бұл 2020 жылға дейін шамамен 30 мың шақырым жолды жөндеуге және жергілікті маңыздағы желілердің 85%-ін жақсартуға ықпал етеді. Су көлігі саласында Құрық портын дамыту іс-шаралары жүзеге асырылды. Қуаттылығы 4 млн тонна болатын те­мір жол терминалы және қуаты 2 млн тонна болатын автомобиль байланысы іске қосылды. Нәтижесінде, Ақтау мен Құрық порттарының өткізу қабілеттілігі 19,5 млн тоннадан 25,5 млн тоннаға дейін артты. Бағдарлама аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде Қазақстан арқылы жалпы транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемі тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Биылғы 10 айда Қазақстан арқылы өткен контейнерлік тасымалдар көлемі 411,5 мың жиырма футтық эквивалент контейнерді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 49%-ке артық. Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша бұл көрсеткіш 10 айда 235,5 мың жиырма футтық контейнер болды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 54%-ке жоғары. Азаматтық авиация саласында биыл өсімнің оң қарқыны сақталуда. Қаңтар-қазан айларында әуе көлігімен 6,7 млн жолаушы тасымалданды. 10 айда еліміздің әуежайлары 12,7 млн адамға қызмет көрсетті. Қаңтар-қазанда транзиттік авиажолаушылар саны 764 442 адамға жетті. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылардың қатысуымен 13 жаңа бағыт ашылды.
Үкімет басшысы министрлер мен өңірлердің әкімдерінің назарын тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту мәсе­лесіне аударды. Бұған қатысты тапсырманы Мемлекет басшысы биыл 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген болатын. Қазіргі кезде желілердің тозуы 60%-тен 57%-ке дейін төмендетілді. Дегенмен, ТКШ нысандарын жаңғыртуға бөлінген қаражат мақсатты пайдаланылып, барлық мемлекеттік органдар аталған мәселені қатаң бақылауға алуы керек.
Отырыста энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек және энергетика министрі Қ. Бозымбаев баяндады.
ИДМ басшысының айтуынша, бүгінгі таңда энергия үнемдеу жүйесінің басты элементі – Мем­лекеттік энер­гетикалық реестр құрылып, оған 5 мыңнан астам ұйым кірген. Энергия сервистік жобаларды іске асыруды қолдау үшін министрлік БҰҰ Даму бағдарламасымен және Даму қорымен бірлесіп, жобаларға субсидиялау және кепілдендіру түрінде қаржылық қолдау көрсетуді бастады. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, $21,7 млн құрайтын жоба іске асырылып жатыр. Жоба аясында 85 мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар нысандар іріктеліп алынды. Жобаның нәтижесінде 50 мыңнан астам адамның жұмыс және оқыту жағдайлары жақ­сартылады. Ал мемлекет жыл сайын отын-энергетикалық ресурстар мен бюджетті үнемдейтін болады. Сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасымен жалпы сомасы $10 млн құрайтын 2 жоба іске асырылуда.
Отын-энергетика секторында энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туалы есеп берген Қ.Бозымбаев биыл Энергетика министрлігі 35 энергия өндіретін және 19 энергия жет­кізетін ұйымның энергоаудитінің нәтижелерін қарастырғанын мәлім­деді. Бұл ұйымдар үшін қандай да бір шығындарды орта есеппен 30%-ке дейін төмендету бойынша шаралар айқындалып, бекітілді. Электр желілерінде шығындарды азайту бойынша энергия тиімділігін арттырудың пәрменді шараларының бірі – электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесімен толық қамту болып табылады. Қ. Бозымбаевтың айтуынша, инвестициялық бағдарламалар арқылы электр энергиясын түпкі тұтынушыға дейін жеткізудің бар­лық деңгейлерінде жүйені орнату қамтамасыз етілген.
Үкімет басшысы әрбір өнім бір­лігіне энергия тұтынуды төмендету алгоритмдерін әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік энергетика тізілімінде 5198 субъектіден тек 710-ы заңды тұлға, ал қалғандары квазимемлекеттік сектор, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ қорындағы компаниялар екенін ескере отырып, олар энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды жолға қоюы тиіс. Б.Сағынтаев өңірлердің әкімдеріне инвесторлармен және энергия сыйымдылықты кәсіпорындармен жұмысты жандандыруды тапсырды, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары мен энергия үнемдеуді насихаттау назардан тыс қалмауы керек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру