Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Алғашқы жетістіктер сараланды

Еліміздің жаңа даму дәуірінде экономиканың маңызды саласының бірі – ауыл шаруашылығының зор әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында аграрлық білім мен ғылымды реформалау міндеті алға қойылды.

Осы бағытта атқарылар жұмыс пен алдағы міндеттер аграр­лық сала ғалымдары мен мамандары бас қосқан «Ғылымға негіздел­ген агроөнеркәсіп кешенін құру» («BuildingKnowledge-basedAgriculture») атты республи­калық форум аясында талқыланды. Жиын­ға қатысқан үкімет басшы­сының орын­басары – ауыл шаруа­шылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өз сөзінде атап өткендей, бізде ғылым бар, ол тәжірибелік нәтижеге жұмыс істей алады. Бірақ біз бүгін оның тиімділігін арттыра алмай отырмыз. «Қазіргі кезде ғылым бизнес талаптарына сай емес. Бүгінгі күні ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің тек 8 пайызы ғана өндіріске енгізіліп отыр. Кадр проблемалары бар: ғылым ескіріп, әлемдік ғылыми қауымдастық пен ғылыми технологиялардан алшақтап кетті. Жергілікті атқару органдарының мәліметінше АӨК субъектілерінің 80 пайызы маман тапшылығын сезініп отыр», – деді сала басшысы.
Министрлік жағдайды оңтайлы өзгерту үшін бизнес өкілдерімен, білікті ғалымдармен біріге отырып, аграрлық жоғары оқу орындарын әлемдік деңгейдегі замануи университеттерге трансформациялауды көздейтін жаңа бағдарламаны жасап, енгізуде. Бұл бағытта Назарбаев университеті үлгісінде әлемнің жетекші университеттерінің оқыту бағдарламалары мен стандарттары енгізілетін болады. Қазақстандық ғалымдарды PhD дәрежесін алу үшін және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу үшін шетелдің жетекші ғылыми орталықтарына оқуға және тәжірибе алмасуға жіберу іске асырылуда.
Министрлік қазіргі таңда рес­публикамыздың әр аймағында фермерлерге аграрлық қызмет көрсететін, жаңа технологиялар трансфертін іске асыратын, озық технологиялармен таныстырып, ауыл шаруашылығы құрылымдары мамандарын қайта оқытып, даярлықтан өткізетін агропарктер мен аймақтық орталықтар, жаңа технологияларды ұсынатын көрсетілім алаңдарын ашуды жолға қойды. Білімді таратудың бұл жаңа жүйесі АҚШ тәжірибесі көрсеткендей, аймақтағы орталықтар базасында қажетті технологиялық шешімдерді қабылдауға әрі нақты білімді жеткізу үшін отандық ҒЗИ және ЖОО-лар ғылыми әлеуеті қолданылатын болады. «Бұл мақсаттарға жету үшін заманауи технологияларды меңгерген, инновацияға бейім, өндірістің жаңа бағыттарын игерген, ғылыми же­тістіктерді өндіріске енгізіп, жаңаша ой­лай алатын кәсіби мамандар қажет. Аталған бағыттарды жандандыру мақсатында саланы басқарудың тың әдістерін қолданып, ауыл шаруа­шылығы бойынша шетелдің білікті мамандарынан тәжірибе алып, озық технологияларын тарту керек», – деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.
Осы ретте жиын аясында отан­дық аграрлық ғылымның алғаш­қы жетістіктері сараланды. Атап айтқанда, биыл қаңтар айынан жұмысын бастаған Алматы облысындағы «Қаскелең» агропаркі жоғары өнімді сорттарды жинау науқанын тиімді іске асырып, жалпы сомасы 48 000 000 теңге көлемінде таза пайда көрді. Бұл қаржы аталған агропарктің тәжірибе алаңында жаңа білімді өндірісте тәжірибеден өткізген, қатардағы ізденімпаз мамандарға үлестірілді.
Ғылымға негізделген агроөнер­кәсіп кешенін құру мақсатындағы іс-шаралар талқыланған жиынды қорытындылай келіп, ведомство басшысы Өмірзақ Шөкеев «Қаскелең тәжірибелік шаруа­шылығы» ЖШС бас агрономы Жасұлан Қабденовке, «Ауыл шаруашылығын электрлендіру және механизациялау» ҒЗИ инновациялық қызмет бөлімінің меңгерушісі Асқар Рзалиевке, «Егін шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы» ҒЗИ егін шаруашылығы бөлімінің ғылыми қызметкері Алтай Қыдыровқа, «То­пы­рақтану және агрохимия» ҒЗИ жаңа технологиялар құру бөлімінің меңгерушісі Айгүл Өстеміроваға, Ж.Жиембаев атын­дағы өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ майлы және бұршақты дәнді дақылдарды қорғау бөлімінің бас маманы Қуаныш Түсіпбаевқа арнайы қаржылай сертификаттар табыс етті.

Ернар ОРМАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру