Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

50 мың теңгеге жұмыс істеуге мәжбүр

Қазақстанда 440 мың жұмыссыз адам тек күнкөріс үшін ғана жұмыс істеуге даяр. Еңбекпен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың 75%-ы 50 мыңнан төмен еңбекақыға келісім беріпті. Жұмысқа орналасқандардың тек 2%-ы ғана айына 100 мың теңгеден көбірек алады екен.

Әйтсе де, қазақстандықтар ха­лықты еңбекпен қамту орталық­тарына жиірек баратын болыпты. Осы жылдың өткен тоғыз айында 543,6 мың адам – бұл 2017 жылдың осындай кезеңіне қарағанда 6,5% артық – көмекке жүгінген. Олардың жартысына жуығы – әйелдер (48,8%).
Сондай-ақ 29 жасқа дейінгі жастар (орталықтарға жүгінгендердің жалпы санының 38%-ы) және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (17,7%) да аз емес. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жүргізген мониторингтің мәліметтері осыны көрсетіп отыр.
Осы деректерге сәйкес, тиісті орындарға жүгінген 5 адамның үшеуі – 294,5 мың адам жұмыс тапқан, бұл 2017 жылғыдан 38,4%-ға артық.
Осы келтірілген сандық көрсеткіш­тер жұмыспен қамту орталықтары жұмысының айтарлықтай жоғары тиімділігін айғақтайды. Алайда, бұл бір қарағанда ғана.
Еңбек нарығының қазіргі ахуалына тереңірек үңіліп көрсек…

Айлығы төмен жұмыстар

Жоғарыда айтқанымыздай, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметтері бойынша, жұмыс іздеушілердің 75%-ы еңбекақысы айына 50 мың теңгеден төмен айлық төленетін бос орындарға орналасқан. Яғни 220-ға жуық азамат іс жүзінде кез-келген жұмысқа кіруге әзір екен.
Сонымен қатар ұсынылған еңбек­ақылар жай ғана кішкентай (респуб­лика бойынша орташадан ең аз дегенде 3 есе кем) емес, тіпті рұқсат етілгендей ең төменгі деңгейде екен. «Жұмыс берушілер ұсынған бос орындардың 2%-ында еңбекақының көлемі көрсе­тілмепті де, ал көп жағдайда олар еңбек­ке төленетін ақыны ең төменгі деңгейде көрсетеді. Жұмыс берушімен бетпе-бет тілдесу барысында жұмыс іздеуші үшін еңбекақының жоғарырақ деңгейі бекітілуі мүмкін», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сайтындағы хабарламада.
Еңбекпен қамту орталықтары арқылы жұмыс таба алатындардың 100 мың теңгеден аса ақылылары бар-жоғы 2-ақ пайыз құраған. Бұл – 5,9 мыңға жуық адам, яғни жалпы еңбекпен қамту орындарына жүгінген жарты миллионмен салыстырғанда түкке тұрмас көрсеткіш.

Әрі дәрігер, әрі жүк түсіруші

Бір жағынан алғанда, еңбек­пен қамту орталығындағы бос орын­дар­дың басым көпшілігі жұмыс іздеушінің жоғары кәсіби деңгейі болуын талап етпейді де. Мәселен, жұмыс іздеп жүгінгендер үшін ең тартымды кәсіптер негізінен қарауыл, тәрбиеші және сатушы-кеңесші екен. Бұл тізімде қосалқы жұмысшылар, мұғалімдер, сыпырушылар, жүргі­зушілер, медбикелер, қарауылдар мен санитарлар бар.
Жұмыс берушілерге қажетті кәсіп­тер қатарына қара жұмысшылар, слесарьлар, әлеуметтік қызметкерлер жатады. Осыған қарағанда, ұлты­мыздың бүгіні мен болашағы тікелей байланысты кәсіптер, олардың мәртебесі және еңбекақысы қосалқы жұмысшылар деңгейіне дейін тұқыр­тылған.
Аталмыш есептеменің мәлімет­теріне сүйенер болсақ, Қазақстанда медбикелердің ашық бос орындары жүк түсірушілердің қажетті бос орындарымен салыстырғанда екі еседен артық екен. Бұл қазіргі кезде медицинаға баруға көбісі онша құ­лықты емес екенін аңғартса керек (1-инфографика).

Жұмыскерлерге сұраныс бар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электрондық еңбек биржасы – түйіндемелер мен бос орындардың бірыңғай республика­лық базасы бойынша да мәліметтер ұсын­ды. Онда 17 қазандағы жағдай бойынша 51,2 мың бос орын және 85,6 мың түйіндеме орналастырылған. «Өнеркәсіптік сала кәсіпорындары еңбек биржасында мамандарды белсенді іздестіруді жүзеге асырған. Мысалы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС – 1255, «Востокцветмет» ЖШС – 812, KSP Steel ЖШС – 6972, «БИПЭК АВТО» компаниялар тобы – 126 бос орын ұсынған. «Теңізшевройл» ЖШС-нің 37 мердігер-компаниялары 11,9 мың бос орын орналастырыпты», делінген ведомство хабарламасында.
Портал арқылы қаржы мекемелері мен мемлекеттік сыңайлы компания­лар жұмыскерлерді белсенді іздесті­ретіні бөлек белгіленген. Тек «Қазақ­стан темір жолының» бір өзі ғана 1000-нан аса бос орын ұсынған.
Сондай-ақ жұмыскерлердің кө­­бінесе экономиканың басқа да сек­торларында талап етілетіні ай­тылады. «Бос орындардың саны ауыл шаруашылығында – 36,3% және әлеуметтік салада – 12,8% (7,7% – білім беру, 5,1% – денсаулық сақтауда) неғұрлым көбірек. Одан әрі сауда саласында (9,5%), құрылыста (9,2%), өнеркәсіпте (6,2%), мемлекеттік басқаруда (6%) және басқа да қызмет көрсету салаларында (6,9%)», делінген хабарламада.
Бұл порталдан жоғары ақы тө­ленетін топ-менеджерлер іздес­тіріл­мейді, «мұнда – негізінен кәсіби және еңбекақысы төмен деңгейдегі бос орындар». Жалпы алғанда, Статистика жөніндегі комитеттің мәліметтеріне сәйкес, биыл қазан айындағы қоры­тынды бойынша Қазақстанда­ғы жұмыс­сыздардың саны 442 мың адам­ды құраған, жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Еңбекпен қамту органдарында 142,3 мың адам ресми тіркелген – бұл жұмыс күші санының 1,6%-ы. Біздегі статистиканың қаншалықты толымды екенін айтпағанның өзінде, көше кезіп, Алматыда С. Сейфуллин даңғылын бойлаған, елордадағы қаланың ескі орталығындағы «Астаналық» базарын жағалаған жұмыссыздарды ескерсеңіз, анық жұмыссыздықтың хал-ахуалын бағамдай аласыз.
«Әрине, бұл басқа «ертегінің» әл­қиссасы, билікке салса, осы біз сияқ­ты жұмыссыздардың бары не, жоғы не – бәрібір», – дейді сол көше кез­ген­дердің өздері. Сенбесеңіз солар­дан сұраңыз…

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру