Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Атқару тәртібінен – табыс мәдениетіне

Қазақтелеком Credo жобасының нәтижесін саралады

«Қазақтелеком» АҚ топ-менеджменті және ұжымы корпоративтік құндылықтарды нығайту мен ілгерілетуге бағытталған пилоттық жобаның алғашқы нәтижелерін шығарды. «Credo: табыс мәдениетіне жол» жобасы аясында ұлттық компания жүйесіне заманауи талаптарға жауап беретін озық шешімдер енгізілді.

Жетекші инфокоммуникациялық оператор ағымдағы жылдың сәуірінен бастап жүзеге асырған корпоративтік құндылықтардың жаңа үлгісі – Credo акрониміне: клиентке бағдарлану, нәтиже үшін жауапкершілік, кәсіпкерлік рухы, яғни, бизнесті дамыту үшін жаңа идеялар мен мүмкіндіктерді іздеп, ұсыну қабілеті, цифрлық мәдениет, көрнекті шешімдерді іске асыру секілді бес құндылық біріктірілді.

Жоба алаңы ретінде ТЖББО – Телекоммуникация желілерін басқару орталығының таңдалып алынуы кездейсоқ емес. Бас орталық – Қазақтелекомның негізгі техникалық бөлімшесі, мұндағы жоғары дәрежелі білікті мамандар бүкіл желінің жұмысына жауап беріп, болып жатқан барлық жағдайларды бақылап отырады. Жұмыс топтарына тартылған 100-ге жуық қызметкер Credo үлгісі құндылықтарының бір немесе бірнешеуін қолдайтын 30 жобамен жарты жыл жұмыс істеген. Нәтижесінде іске қосылған бастама қызметкерлердің жаңартылған құндылықтарды енгізу құралдарын өз бетінше жасауына, компанияны дамытудың жаңа мүмкіндіктерін, тиімді идеяларды ойлап, табуына мүмкіндік туғызды.
– «Қазақтелеком» АҚ стратегиясы Қазақстанның телекоммуникация саласында көшбасшылық ұстанымын сақтауға бағытталған. Бұрын біз айқын әрі тұрақты нарықта жұмыс істесек, қазір жағдай өзгеріске толы – күннен-күнге бәсекелестік өсіп, технологиялар мен үдерістер жаңартылуда. Нарықтың түрлі сегменттерінде көшбасшылық ұстанымды сақтап қалу үшін және акционерлердің, серіктестер мен клиенттердің сенімін ақтау үшін трансформация әбден қажет, – дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры – Қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры Берік Битабаров.
Қазіргі өзгермелі уақытта тек өнім­ді еңбек қағидаларын басшылыққа алған кәсіпорындар ғана алға озбақ. Сондықтан әлемдік үдерістерге сай көптеген ірі компаниялар секілді атқарушылық жүйеден – жетістіктер мен тиімді ойлау мәдениетіне қарай ойысу қажет. Осы есептен ұлттық компанияда трансформация үш негізгі бағытты: үдерістерді, технологияларды және ең бастысы, адами капиталды қамтиды. Қызметкерлермен жұмыс істеуге қатысты амал-тәсілдерді өзгерту корпоративтік мәдениетті өзгертуді көздейді. Осылайша, «Credo: табыс мәдениетіне бастар жол» жобасы команда мен компания құндылықтарын интеграциялауға бағытталады.
«Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры – ТЖББО бас директоры Асқар Есіркегенов атап өткен­дей, корпоративтік мәдениеттің қыз­меткерлер арасында кеңінен таралып, қолдау табуы компанияның нарықтағы орнын нығайта түспек. Бұл ретте жоба жаңаша пайымдайтын, өзгерістер жаршысы бола білетін көшбасшы қызметкерлерді тәрбиелеуге, оларды жігерлендіріп, әлеует синергиясын қолдауға оңтайлы жағдай жасап отыр.
– Бірлесіп атқарған жұмыс түрлі бөлімше жұмыскерлерін бір ко­мандаға біріктіруге ықпал етті. Мысалы, жоба желісімен өздеріне үйреншікті емес іс-әрекетті орындау есебінен қызметкерлеріміз қалыптасып қалған стереотиптер шеңберінен шығады. Жобаны іске асыру барысында қазіргі кезде бизнеске қатысты мақсаттар мен бағыттарды қабылдаудың жаңа сапалық деңгейіне өтуге және осы арқылы компанияны жетістіктерге жетелеуге дайын агенттердің бар екендігіне көз жеткіздік, – дейді ол.
Қазіргі таңда байланыс секторында жұмыс істейтін маманнан тек тәртіп пен жауапкершілік қана емес, сондай-ақ бастамашылдық, белсенділік талап етіледі. Әлбетте, міндеті ұзақ уақыт бойы берілген тапсырманы орындаумен ғана шектелген адамның бойында бұл қасиеттерді тәрбиелеп шығу оңай емес. Ал жоба барысында өз кәсібінің сөзсіз шебері болғанымен, бұрын белсенділігімен онша таныла қоймаған мамандар өзгерістерге дайын екендіктерін, тұлғалық тұрғыда жетілуге ұмтылатындықтарын бай­қат­қан.
Клиентке бағдарлану – компания­ның корпоративтік құндылықта­рын­дағы басым позиция болып табылады. Бұл клиентке ең үздік те сапалы қызмет көрсету үшін барлық күш-жігер бағытталады деген сөз. Компания басшылығы атап өткендей, жаңа әзірлемелер қандай мазмұнда болмасын, олардың барлығы тікелей не жанама түрде клиенттер мүддесін қамтамасыз етеді. Технологиялық инновациялар, бизнес-үдерістерді оңтайландыру саласындағы 30 әзір­леме өзінің өзектілігін дәлелдеп қана қоймай, сонымен бірге елеулі экономикалық әсерін де көрсетуде. Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа корпоративтік стратегия аясында әзірленіп, енгізілген жобалардан күтілетін бағалау әсері 400 миллион теңгені құрайды. Осы ретте қол жеткен нәтижелерді ескере отырып, жобаны келер жылы компанияның басқа да филиалдарында жүзеге асыру көзделуде.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру