Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Орман шаруашылығын оңалту қажет

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Қазақстандағы орман шаруашылығы саласында жоғары білім берудің 70 жылдығына орай «Орман кешенін тұрақты дамытудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынды Қазақ ұлттық аграр­лық университетінің бірінші про­ректоры, академик Қанат Тіреуов ашып, оқу орнының ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Исабайұлы Есполовтың Қазақстанның орман шаруашылығы мамандарына көп қолдау көрсетіп отырғандығын атап өтті. Ректордың мерейтойға жолдаған құттықтау хатында: «Елімізде кәсіби орман білімінің деңгейі 1948 жылы, Қазақ ауыл шаруашылығы институты құра­мында Орман шаруашылығы факультеті ашылғаннан кейін басталды. Биыл университетіміздегі «Орман, жер ресурстары және фитосанитария» факультетіне 70 жыл толып отыр. 90 жылдық терең тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы мен өзімнің атымнан орман шаруашылығы білімі мен ғылымында жемісті еңбек етіп жүрген барша әріптестерімізді мерейлі белестерімен шынайы ниетпен құттықтаймын!» – делін­ген.
Конференцияның мақсаты отандық орман шаруашылығын жаңа инновациялық бағыттар бойынша дамыту, ғылыми жаңа­лықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және салаға білікті мамандар даярлау мәселелерін талқы­лауға бағытталды. Ғылыми бас­қосуға Қазақстан Республи­касы Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Орман және аңшылық шаруашылығы коми­теті төрағасының орынбасары Марлен Айнабеков, ҚР Ұлт­тық ғылым академиясының академигі, ҚазҰАУ профессоры Сәбит Байзақов, Хельсинки университетінің (Финляндия) профессоры Juokslahti Tapio, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының академигі Нуридин Жүнісов сынды орман шаруашылығы саласының мамандары, факультет түлектері, білікті ғалымдар, ҚазҰАУ оқыту­шы-профессорлары, білім алушы жастар қатысты.
Шара аясында орманды тиімді пайдалану және қал­пына келтіру, Орманшылық, ор­ман орналастыру және орман селекциясы, Көгалдандыру және ландшафттық дизайн, Орман биоалуантүрлілігін сақтау, Қор­ғаныштық ормандарды көбей­ту секциялары бойынша мәселе­лер талқыланды.
Жиын барысында отандық орман саласы білімі мен ғылы­мы­ның өркендеуіне, орман шаруа­шылығының дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар білікті мамандар арнайы төсбелгілермен марапатталды.
Іргетасы өткен ғасырдың 30 жыл­дарында қаланған Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті еліміз­дің аграрлық кешеніне нарық та­ла­бына сай бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауда. «Орман, жер ресурстары және фитосанитария» факультетінің деканы, э.ғ.д., профессор Құрманкүл Абаева басшылық жасайтын факультет ұжымында бүгінде 73 жоғары білікті оқытушы маман, олардың ішінде 1 ҚР ҰҒА академигі, 17 ғылым докторы мен профессор, 5 қауымдастырылған профессор, 17 ғылым кандидаты, доценттер және 16 аға оқытушы, 7 магистр ака­демиялық дәрежесі бар ассистент және 10 көмекші оқу қыз­мет­кер оқу-тәрбие жұмыс­тарын жүргізуде.
Қазіргі таңда факультеттің үш кафедрасы 5 мамандық бойынша бакалавр – магистр – PhD док­тор деңгейінде дүниежүзілік сапа стан­дарттарына сай кадрлар дайындауда.
Жетпіс жылдық тарихы бар факультеттің түлектері еліміздің ғылым-білім саласында, орман шаруашылығында, агроөнеркәсіп кешенінде абыроймен қызмет атқарып келеді. Факультет мерейтойы – қол жеткізген жетістіктерді бір ой елегінен өткізіп, алға қойған мақсаттар жолына бар әлеуетті жұмылдыруға ықпал ететін бір белес десек, әлемдік деңгейдегі ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануды мақсат еткен біздің оқу ордамыздың алға қойған міндеттерін іске асыруда факультет ұжымының болашаққа сенімі нық, бағдары айқын.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру