Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Ілгері жылжу ілкімді істерді қажет етеді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары, сондай-ақ геология саласы мен жер қойнауын пайдалануды дамыту барысы қаралды.

Үкімет отырысының жұмысы Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінің жақында өткен отырысында берген тапсырмаларын орындау барысына қатысты мәселені қарастырудан басталды. Бұл ретте энергетика министрі Қ.Бозымбаев келер жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясын өндіру секторы үшін жаңа тарифтік әдіснама қолданылатынын жеткізді. Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына арналған шекті тарифтерінің объективті деңгейі белгіленетін болады. Бұл ұйымдардың электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясына тариф ретінде бөлінеді.
Үкімет басшысы Б.Сағынтаев бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін бірқатар нақты тапсырмалар берді. Энергетика, ұлттық экономика министрліктерінің алдына 1 желтоқсанға қарай 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді төмен­детуге мүмкіндік беретін жүйелі шараларды әзірлеу бойынша міндеттер қойылып, бірқатар маңызды мәселелер аталып өтілді. Бұл тарифтерді қа­лыптастыру үрдісінің ашықтығын қамтамасыз етумен, энергетика қыз­меттері нарығындағы бағаның қа­лыптасуына мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейтумен байланысты. Сондай-ақ Премьер-министр келер жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясы мен жылуға ғана емес, су, газбен жабдықтау, кәріз, телефон байланысы және интернет қызметтеріне тарифтерді төмендету, ПИК тарифтерін қайта қарау керектігін баса айтты.
Жиында биылғы 10 айдағы әлеу­меттік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің айтуынша, қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасы өсудің оң үрдісін сақтауда. ІЖӨ өсімі есепті кезеңде 4,1%-ті құрады. Жоғары инвестициялық белсенділік, инфляцияның бәсеңдеуі, сондай-ақ экономиканың базалық салаларында өндірістің ұлғаюы экономикалық өсудің негізгі факторлары болды. Сонымен қатар инвестициялық сұраныс бірқалыпты қарқынмен өсіп келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 20,8%-ке өсті. Өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өңдеу өнеркәсібінің тау-кен өндірісі өнеркәсібіне қарағанда озық өсу қарқындары есебінен өсім 4,7%-ті құрады. Құрылыс саласының серпіні 4,1% денгейінде тұрақтады. Экономиканың нақты секторының кеңеюмен қатар экономиканың саудалық емес саласының шығары­лымы да ұлғаюда. Көрсетілетін қыз­меттер 4%-ке өсті. Негізгі салым сауда және көлік салаларына тиесілі. Сыртқы сауда айналымы тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. 8 айда өсу 21,6%-ті құрады. Экспорт 28,2%-ке өсті. Бұл мұнайды, АӨК өнімдерін, мұнай газдарын, алюминийді және мыс кендерін жеткізудің артуына байланысты. Еңбек нарығындағы жағдай бұрынғыдай жағымды болып қалуда.
Өз кезегінде қаржы министрі Ә.Смайылов ағымдағы жылдың 10 айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалу қорытындылары туралы баяндады. Есепті кезеңде бюджеттің барлық деңгейлерінде трансферттерсіз кірістердің орындалуы өткен жыл­дың ұқсас кезеңімен салыстырғанда біршама жақсарды. Мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны 117,5%-ті құрады, бұл ретте республикалық – 120,6%, жергілікті бюджеттер – 110,4%.
Үкімет басшысы министрліктер мен өңірлер әкімдерінің назарын халықтың нақты табысының өсіміне талдау жасау қажеттігіне аударды.
Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек және энергетика министрі Қ.Бозымбаев геологиялық барлауды дамытудың болашағы мен қазіргі жағдайы туралы баяндап берді.
ЭЫДҰ жүргізген өнеркәсіптегі ахуалды талдау геологиялық және жер қойнауын пайдаланудағы ең өткір проблемалық аймақтарды анықтады. Олар бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары саланың дамуын тежейтін мәселелер шешіліп, негізгі көрсеткіштер алға жылжыды. Нормативтік-құқықтық базаны өзгерту бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының Ұлт жоспарының 74 және 75-қадамдарында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында халықаралық тәсілдерге сай келетін Жер қойнауы және жер қойнауын пай­далану туралы кодекс қабылданып, күшіне енді. Сондай-ақ CRIRSCO халықаралық жүйесіне сай келетін KAZRC қорларын есептеу кодексі қабылданды. Геология және жер қой­науын пайдалану саласы бойынша инвестициялық тартымдылықты ба­ғалайтын негізгі әлемдік рейтингті Фрейзер институты жасайды. Бұған дейін Қазақстан осы жерде 73-орынды иеленген болатын. Реформа жүзеге асырылғаннан кейін еліміз 49 позицияға көтеріліп, 104 елдің ішінен 24-орынға шықты. Қазір ИДМ жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің орта мерзімді келешегіне арналған кешенді бағдарламасын әзірлеуде.
Энергетика министрлігінің ақпа­ратына сәйкес, Қазақстанның 277 кен орны бойынша алынатын қорлар мемлекеттік мұнай теңгерімінде есепке алынған. Республиканың алынатын теңгерімдік мұнай қоры ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4,6 млрд тоннаны құрады. Қорлардың басым бөлігі Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарына тиесілі. Энергетика министрі Қ.Бозымбаев қазіргі уақытта көптеген барланып жатқан кен орындары игерудің соңғы сатысында екеніне әрі өндіріс көлемінің төмендегеніне назар аударды.
Мәселені қорытындылай келе, Үкімет басшысы жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға еліміздің минералдық-шикізат базасын толықтыру бойынша тиімді жұмыс істеуді тапсырды. Б.Сағынтаев жергілікті атқарушы органдарға экологиялық жағдайды бақылауда ұстап, өңірлердің экожүйесін бұзуға жол бермеуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру