Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

ЭКСПО мұрасы табысты игерілуде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологияларды өмірімізге кеңінен енгізуге, бұл игі іске жастарды жұмылдыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Осының айғағындай, өткен сейсенбіде Президент бірінші болып Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технологиялық паркіне барып, оның ресми ашылғанын жариялады.

– Технопарктің жұмысына қаты­сушылар жеңілдетілген виза және еңбек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық және басқа да жеңілдіктер беріледі. Технопарк базасында тәлімгерлік институты құрылды. Оның аясында сарапшылар стартап-командаларға қамқор­лық жасайтын болады, – деді Елбасы өз сөзінде.
«Мемлекет басшысы іс-шара басталар алдында қазақстандық стартап-компа­ниялардың жобалары­мен танысып, ғылы­ми-зерттеу зерт­ханаларын аралап көрді, сондай-ақ IT-уни­вер­ситет­тің алдағы жұмысы мен «Цифр­лық Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасының іске асы­рылу барысы жөніндегі баянда­маларды тыңдады» деп хабар­лайды Ақ Орда сайтынан.
Президент стартап-компа­ния­лардың R&D-лабора­ториясымен жеке танысты, жас мамандардың жұмысы өзін таң­қал­дырды және қуантты, деп ашығын айтты.
Сондай-ақ ол ЭКСПО бүкіл­әлем­дік көрмесінің мұрасы та­быс­ты иге­ріліп жатқанын атап көрсетті.
– «Егер ЭКСПО болмаса, мына ғимарат та болмас еді. Мен арнайы үлкен корпус тұрғызыл­ғанын қалап едім, онда біздің жастарымыз үшін стартаптарды дамытуды көздедім. Енді, міне, елімізде ЭКСПО-2017 көрмесін табысты өткізген соң, дайын ғимаратты пайдаланудамыз, – деп қадап айтты Н.Назарбаев.

Президент жас таланттарға жағдай жасауды тапсырды

Мемлекет басшысы ІТ-та­ланттылардың жаңа өскіндерін жасақтау бойынша жұмыстың маңыздылығын атап көрсетті. Президенттің алға қойған негізгі міндеті – ақылды, талантты және білікті жастарға қолдау көрсету және көмектесу.
– Біз жеке ұсыныстарды – бағ­дарламалау мектептерін, спар­та­киадаларды, робото­техника бой­ынша олимпиа­даларды және ки­берспортты жан-жақты қолдаймыз. ЖОО-ларда оқу бағдарламалары жаңартылды, қазірдің өзінде бізде өз беттерімен халықаралық нарыққа шыққан жастарымыз жеткілікті. Олар – Рүстем Әділбеков, Алена Ткаченко, Олжас Сатиев, Арман Сүлейменов. Осы жерде лабораторияға ие болған, старт­аптарымен жұмыс істеп жатқан балалардың көздері жайнап тұр. Менің ойымша, біз есімдері бүкіл әлемге жайылатын өзіміздің талантты азаматтарымызды өсіріп шыға­рамыз, – деп атап айтты Елбасы.
Н.Назарбаев олардың табыс­тарын өз идеяларын іске асы­рудағы табандылықтың, қажыр­лылықтың жарқын айғағы деп баса атап көр­сетті.
Қазақстан стартаптарға инвестициялар күтуде

Мемлекет басшысы стартап идеялар табыстылығының маңызды құраушы күші – қар­жылай қолдау екені туралы да тоқталып өтті. Жоба­лар лайықты қаржыландыруға ие болулары үшін Бизнесті жебеушілер (QazAngels) клубы, Тәуекелшіл капиталистер қауымдастығы мен Бірлесіп инвестициялау қоры құ­рылды.
– Менің ойымша, жалпы алғанда және үкімет те, барлық басқа қорлар да талантты жастарды белсенді түрде қолдайтын болады. Біздегі бизнес, ірі компаниялар мен әлеуметтік бизнес-нысандар қолдауы керек, жұмысты комерцияландыру үшін жастармен келісім-шарт жасау қажет. Мұны Премьер-министр қадағалайтын болады, – деп атап көрсетті Президент.
Мемлекет басшысы бизнес­мен­дерді осындай ұсыныстарды жүзег асыруға қатысуға шақырды.
– Олардың бәрін жинап, жұмыспен айналысуларына тиісті бағдар белгілеп беру керек, – деді ол.

Astana Hub не үшін керек?

Нұрсұлтан Назарбаев технология­лық паркті іске қосу еліміз үшін ма­ңызды оқиға екендігін айрықша атап көрсетті.
– Қымбатты достар, бүгін біз Astana Hub-ты ашып отырмыз. Бұл тек Қа­зақстанның цифрландыру саласында ғана емес, жалпы мемлекетіміз үшін елеулі оқиға болып табылады. Мен баршаңызды инновацияларды дамытуға белсенді қатысуға шақырамын. Сондай-ақ Astana Hub компаниялардың әлемдік танымалдылыққа жету жолындағы серпінді әрекет орнына айналатынына сенім артамын. Күш-жігерімізді біріктіріп, біз жылдам әрі алға қой­ған мақсаттарымызға тиімді жете ала­танымызға сенімдімін, – деп жария­лады Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл мақсаттар Қазақстанның болашағы үшін маңызды.
– Ал мақсаттарымыз аян әрі айқын – біз, қазақстандықтар, әлемнің басқа елдерінен қалмауымыз қажет. Егер де біз, асқан жылдамдықпен зымыраған осы поезға мініп үлгермесек, басқа елдердің құйрығында шабандап қаламыз. Бізге мұның еш қажеті жоқ, – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Ол Қазақстанның реформалар қарқыны, даму серпіні, сондай-ақ халықтың жан басына шаққандағы табысы бойынша кешегі кеңестік кеңістікте алдыңғы орында екенін еске салды.
– Бізде бүгінгі күнге – қаржылай да, техникалық тұрғыдан да және білім беруде де – барлық мүмкін­діктер бар. Енді осыны да нақ бүгін қолға алайықшы. Мен біздің жастары­мыздың жаңа технологиялық дәуірде елімізді алдыңғы қатарлы шепке шығаратынына сенемін. Сіздер­ге табыс тілеймін, – деп қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.
Еліміздің экономикасын нығай­тудағы Astana Hub борышы стартап-мәдениетін дамыту және жоғары технологиялық жобаларды қолдау деп айқындалды. 2022 жылға қарай Astana Hub бағдарламалары бітірушілерінің стартап-резидент­теріне 67 миллиард теңге инвестиция салынады деп күтілуде.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру