Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Депутаттық сауал: Ұлттық банк жауап береді

Ұлттық банк депутаттық сауалдарға жауап беруді жариялау тәжірибесін енгізді. Бұл Ұлттық банк қызметінің ашықтығын және айқындылығын арттыруға, сондай-ақ жұртшылықпен және қаржы нарығы қатысушыларымен байланысты жақсартуға бағытталған. Осыған орай Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтың «7-20-25». Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бойынша депутаттық сауалға берілген жауабын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Ұлттық банк Парламент Мә­жілісінің депутаттарына «7-20-25». Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кре­диттеу бағдарламасы бойынша көтеріп отырған мәселелері және оны жақсартуға бағыт­талған ұсыныстары үшін алғыс айтады.
Қазіргі жағдайға жасалған мониторингке, бағдарламаға әлеуетті қатысушылармен жүр­гізілген жұмысқа, жергілікті ат­қарушы органдардың, сондай-ақ бағдарламаға қатысатын банктердің ақпаратына сәйкес «7-20-25» бағдарламасын іске асыру кезінде туындайтын проблемалық мәселелер айқындалды. Барлық бағыттар бойынша Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп жұмыс жүр­гізуде және біздің азаматтар үшін бағдарламаның тиім­ділігі мен қолайлығын арттыру мақсатындағы шаралар қабыл­дануда.

Бір жағынан, дәстүрлі түрде тұрғын үй саясатын жүзеге асыру­ға байланысты қолданыстағы мем­лекеттік бағдарламалар, оның ішінде «Нұрлы жер», халық­тың тарапынан сұранысты ынталан­дыруға, екінші жағынан, жаңа тұрғын үйдің құрылысын жан­дандыруға бағдарланған. Бұл ел экономикасы үшін құрылыс сала­сының жағымды мульти­плика­тивтік нәтижесін қамтамасыз етеді және жұмыс орындарының ұлғаюына ықпал етеді. «7-20-25» бағдарламасының бастапқы тұр­ғын үйге бағдарлануы да осы қажет­тілікке байланысты.
– Ұсынылып отырған үлес­тік құрылыс сатысында тұрғын үйді сатып алуға қаражаты бар бір азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алатын басқа азаматтарға үйді қайта сату мүмкіндігін беретін тетікті енгізу әділ емес деп есептейміз. Себебі мәмілені алыпсатарлық мақсатта жүзеге асыруы мүмкін кейбір азаматтардың белгілі тобы үшін анық артықшылық жасалады. Сондықтан Ұлттық банк бұл ұсынысты қолдамайды, – деп атап өтті Данияр Ақышев. – Болашақта, көбінесе «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын айналып жүзеге асырылатын үлескерлердің ақшасын тартудың түрлі схемаларынан өтіп, құрылыс компанияларының көбінесе тұрғын үйді пайдалануға бергеннен кейін сату тетігін ынталандыру арқылы азаматтардың мүдделерін қорғау бойынша шаралар барынша тиімді деп есептейміз. Сонымен қатар, Ұлттық банк бағдарламадан тыс «Баспана Хит» қосымша ипотекалық өнімді іске қосты, онда қайталама тұрғын үйді мына талаптармен сатып алуды кредиттеу көзделген: бастапқы жарна – тұрғын үй құнынан 20 пайыздан бастап, қарыз мерзімі – 15 жылға дейін, кредит бойынша мөлшерлеме жылдық 11,0 пайызды құрайды (Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі және 1,75%). Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 миллион теңгені, басқа өңірлер үшін – 15 миллион теңгені құрайды.
Қаржы реттеушісінің басшы­сы­ның айтуынша, қосымша ипотекалық өнім бойынша ипоте­калық тұрғын үй қарыздарын беруді жуық арада бағдарламаға қатысушы банктер жүзеге асыратын болады.

ЕРНАР ОРМАНОВ

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру