Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Тәуелсіздіктің экономикалық негізі

Еліміз тәуелсіздігі мен егемендігінің басты бір нышаны болып табылатын ұлттық валюта – теңгенің айналымға шығарылғанына биыл ширек ғасыр толды. 1993 жылдың 15 қарашасында елдің егемендігін айқындайтын бірден-бір белгі − төл валютамыздың айналысқа шығарылуы әлемнің саяси картасында енді ғана пайда болған жас мемлекетіміздің іргесін бекітіп, тұғырын мықтау жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін жасалған қажетті тарихи қадам болды.

Теңге тарихы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың 1993 жылдың 12 қа­ра­­шасындағы «Қазақстан Рес­­публикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жар­лығы шыққан кезден бас­тау алады. Өзіндік ақша бір­лігін айналымға енгізу бұрын кеңестік ақша айналымында болған еліміздің экономикалық даму бағытын өзі айқындап, дербес ақша-несие саясатын жүргізуіне мүмкіндік берді. Жалпы, төл ақша бірлігін дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов секілді жоғары дәрежелі мамандардан құралған арнайы комиссия жаңа валютаны әзірлеуге кірісті. Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілген жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстарының нәтижесінде сол жылдың тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Алғашқы теңге банкноттарында белгілі тарихи тұлғалар Әбу Насыр әл Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр хан, Абылай хан портреттері, еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштері мен көрікті табиғаты бейнеленді.
Тәуелсіз Қазақстан Ұлттық банкінің алғашқы төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, қаржыгер Ғалым Байназаров атап өткендей, сол бір қысылтаяң уақыт ішінде қаржы институты ұжымы іскерлігінің арқасында банктің өз кірісі есебінен 1993 жылдың 1 шілдесіне дейін қаржы нарығының барлық инфрақұрылымы жасалып болды. Жұмыс жүргізуге толық әзірліктегі елдің ішкі және сыртқы төлем жүйесі құрылып, электронды валюта биржасы, Теңге (Монета) сарайы, Бан­кнот фабрикасының бі-рінші кезеңі, Алтын-валюта қоры, Мемлекеттік валюта қоры мен қымбат бағалы металдарды сақтау қоймасы жасалды. Жас мемлекетін, дербес экономикасын құрып жатқан еліміз үшін сындарлы сол бір кезеңде, 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні ұлттық валюта айналымға енгізілді. Кеңестік ақшаны теңгеге айырбастау сол 15 қараша күні сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған еді. Дегенмен еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңге 500 сомға ба­ғаланды.

Ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты алғашқы бағамы $1= 4,75 теңге болып белгіленді. Ал 2000 жылы ол 155 теңгеге дейін құнсызданды. Бұл, әрине, бір жағынан объективті құбылыс. Өйткені кез келген жаңа валютаның экономикасы дамыған мемлекеттің ақша бірлігімен бәсекеге түсе алмасы анық. Екіншіден, төл теңгеміз айналысқа шыққан ол жылдар ұлттық экономикамыздың жаңадан қалыптасу кезеңдерін сипаттайды.
Теңгенің алғашқы топтамасы ағылшынның төрт ғасырлық тәжірибесі бар, технологиялық қуаты жоғары Harrison&Sons банкнот фабрикасында басылып шықты. Қазір төл валютамыз өз елімізде шығарылады. Алғашқы кезеңі 1993 жылы Алматыда басталған банкнот фабрикасының құрылысы 1995 жылы толық аяқталды. Мемлекет басшысы қатысқан сол жылдың 19 мамырындағы ресми ашылу рәсімінде фабрикада басылып шыққан алғашқы миллион теңге бүкіл Қазақстанға көрсетілген болатын. Уақыт талабына сай 2006 жылы ұлттық валюта кескіні түбегейлі өзгертілді. Бірыңғай стильде орындалған жаңа үлгідегі банкноталарда Қазақстанның қазіргі бейнесі, барлық мемлекеттік нышандар, сәулет нысандары мен еліміздің табиғат көріністері кескінделді. 2007 жылы теңге символы енгізілді.
Алғаш айналымға енгізілгеннен бергі ширек ғасырлық тарихында теңге кескінделуі мен жасалу сапасы жағынан әлемдегі ең үздік валюталардың қатарынан бірнеше рет көрінді. Теңге – бүгінде кескінделуі мен қорғаныштық қабілеті жағынан белгілі жаһандық валюталармен бәсекелесе алатын әлемдегі ең келісті де қауіпсіз валютаның бірі. Сонымен қатар теңге Орта Азиядағы тұрақты валюталардың біріне айналуда. Ұлттық банктің қазіргі заманғы баспа жабдықтарымен жарақталған Банкнот фабрикасы ұлттық валюта банкноталарын ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік және коммерциялық тапсырыстар бойынша қорғалған полиграфиялық өнімдерді де шыға­рады.
Елімізде ақша айналымындағы монеталармен қатар мерейтойлық және ескерткіш монеталар да шыға­рылады. Белгіленген құнға сәйкес төлем қабілетіне ие бұл монеталар шектеулі таралыммен шығады, олар республика аумағында және шет елдерде коллекциялық құнымен сатуға арналған. Қазақстан теңге сарайының өнімдері – Германиядағы беделді Монеталар сарайы көрмесінде жо­ғары бағаланатын бұл монеталарға мамандар мен коллекционерлер арасында қызығушылық күннен-күнге артып отырғандығын атап өтпекпіз. IS0-9001:2000 халықаралық стандартының сапа менеджменті жүйесі бойынша жұмыс істейтін Теңге сарайы монета өнімдерімен қатар мемлекеттік наградаларды шығарады. Бұл өнімдер де ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін зергерлік өнердің тамаша үлгілері болып табылады. Еліміздің Теңге сарайы басқа орталық банктерден монеталар дайындауға тапсырыстардан бөлек, бірнеше халықаралық монеталар бағдарламасына, оның ішінде Олимпиада ойындары мен футболдан әлем чемпионатына арналған бағдарламаларға шақыртумен атсалысқандығын да айта кеткен жөн.
Төл валюта айналымға шық­қаннан бергі ширек ғасырлық кезеңде елімізде екі деңгейлі банк жүйесі жұмыс істейді. Бірінші деңгейде – мемлекеттік ақша-несие саясатын қамтамасыз етіп, қаржы нарығын реттеу және бақылау қызметін атқаратын Ұлттық банк, екінші деңгейде – мемлекеттік және/немесе шетелдік капиталға қатыса алатын және тікелей тұтынушыларға қызмет көрсететін коммерциялық банктер.
Теңге айналымға шыққан күн, 15 қараша – Мемлекет басшысының 1997 жылғы қарашаның 13-дегі Жар­лығымен Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкер­лерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Ұлттық валютамыз – теңгенің жиырма бес жылдық мерейтойына орай экономиканың күретамырының бірінен саналатын еліміз қаржы жүйесінің қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, береке-бірлік тілейміз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру