Валюта бағамы: $ 377.95 431.2 5.66 ¥ 55.93

Елбасы бастамаларының нақты нәтижелері

Халықтың жерге орналасуы, тығыздығы, елді мекендердің және өндіріс орындарының бір-бірінен алшақтығы әрқилы келетін және табиғат пен климат жағдайларының алуан айырмашылықтары бар еліміздің аграрлық экономикасын құбылмалы заман талаптарына сәйкестендіру, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің тұрмыстық ахулын түзеп, жұмыспен барынша қамту мақсатында оны ұйымдастыру мен қаржыландырудың алуан әдіс-тәсілдері іс жүзінде тәжірибеден өткізілуде. Олардың сынға төтеп бергендері Елбасы құжаттарына, мемлекеттік бағдарламаларға өзек болуда.
Осы орайда алдымен ауызға оралатыны – Прези­денттің бес әлеуметтік бастамасы. Бұл бағдарла­малық құжаттың төртінші бастамасында «…2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады» делінген. Мұны іс жүзіне асыру барысында «ҚазАгро» құзіретті компаниясы өзінің еншілес кәсіпорындары арқылы ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыру үшін несиелер мен микрокредиттер беру жұмысын жүргізді. Статистика деректеріне және бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларына сәйкес осы мақсаттарға арналып 2018 жылы 44,7 млрд теңге бюджеттік несие бөлінді, соның ішінде төртінші бастама бойынша 13,9 млрд теңге қосымша қаржы шығарылды.
Шағын несие беруді көбейту мақсатында бюджеттік несие шаруа қожалықтарын тікелей кредиттеу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арасында үлестірілді, сондай-ақ облыстардың әкімдіктеріне де бөлінді. Несие жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылық кооперативтеріне, зәкірлі қауымдастық мүшелеріне берілді. Бұл орайда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін ұлғайту және оларды өткізуді қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешеннің жүйелік ірі кәсіпорындары мен шағын және орта қожалықтар серіктестігі болып табылатын зәкірлі қауымдастықты дамыту үшін бөлінетін несие мен микрокредит 12 млн теңгені құраса, басқа бірлестіктерге бөлінетін қаржы 6 млн теңге шамасында болды. Ал, несие мерзімі 7 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі жылына 6 пайыздан аспайтын болып белгіленді.
Берілген микрокредиттерді кепілдіқ тұрғыдан қамтамасыз ету түйткілді мәселе болып табылатыны белгілі. Осы орайда «ҚазАгроКепіл» акционерлік қоғамы кепілгер болып, жартылай кепілдік шаралары қарастырылды. Кепілдік сомасы микрокредит көлемінің 85 пайызына дейін құрайды. Қарыз алушыларға кепілдік тегін беріледі. Ұсынған кепілдіктер бойынша 30 пайыз комиссиялық сыйақыны әкімдіктер жергілікті бюджет шоты арқылы төлейді. «ҚазАгроКепіл» акционерлік қоғамының кепілдіктері микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктер арқылы ұсынылған қарыз қаражатқа берілетінін, ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» несиелеріне кепілдік болмайтынын айта кету керек. Қарыз алушыларды қаржыландыру микроқаржы мекемелері арқылы да жүзеге асырылады. Осыған байланысты қарыз алушының пайыздық мөлшерлемесін жылына 6 пайызға дейін төмендету үшін микроқаржы ұйымдары операциялық шығындарды субсидиялауға арналған құрал енгізді. Субсидия мөлшері бұл ұйымдар шығарған микроқаржыландыру зайымдары көлемінің 10 пайызын құрайды. Бағдарлама есебінен берілген микрокредиттер көлемінің 10 пайыздық мөлшерін толық игерген микроқаржы мекемелері жыл соңында біржолғы грантпен қамтамасыз етіледі. Бизнестік бастамаларды іске асыру бағытында сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы ауқымында кәсіпкерлерге бизнес дағдыларын үйрету үшін «Бастау-Бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Мұндағы оқу құны тегін, оқу кезінде стипендия беріледі. Тест қорытындылары бойынша іріктеуден өткен қатысушылар бір ай бойы білім алады, ал оларға төлене­тін біржолғы стипендия мөлшері 16 759 теңгені құрайды. Оқытуды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізеді.
Үстіміздегі жылы бөлінген қаражат есебінен 11 000 микрокредит беру жоспарланып отыр, оның ішінде жаңа 200 кредит бар. Сондай-ақ еңбек жолын жаңадан бастаған 30 000-ға жуық кәсіпкерлерді оқыту көзделуде, олардың кем дегенде 20 пайызына немесе 000 адамға кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін микрокредит берілетін болады. Үстіміздегі жылғы қазан айының соңындағы жағдай бойынша 8 778 микрокредит немесе жоспарланған көрсеткіштің 80 пайызы беріліп, республика бойынша игеру 30,9 млрд теңгені немесе 69 пайызды құрады. Осы орайда қаржыландыру биылғы жылғы мамыр айының ортасында басталғанын, бұған дейін «Еңбек» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізіліп, несие шарттары нақтыланғанын айта кетуіміз керек. Қаражатты игерудің нақты мерзімі 5 ай болып белгіленді. 6 717 стартап жобасын іске асыру үшін 21,8 млрд теңгені құрайтын кредиттер беріліп, 23 796 адам оқытудан өтті. Оның ішінде 4 591 адам 15,6 млрд теңге сомасында микрокредиттер алды, микрокредиттерге 338 кепілдеме берілді. Қазіргі уақытта несие алу үшін берілген өтінімдердің дені кредиттеу мекемелерінде қаралуда. Қаржыгер ұйымдар көзделген несиелердің барлығын жыл аяғына бөліп, жоспарланған көрсеткіштерге жетуді межелеп отыр.

Жетпісбай
Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру