Валюта бағамы: $ 378.17 429.11 5.88 ¥ 56.48

Соңғы 30 жылда Ембі қандай өзгерістерді басынан кешті?

Бұл нысандарды салып, іске қосу үш кезеңге созылды. Нәтижесінде зауыт жылына 6 миллиард текшеметр өңделген газ шығару әлеуетіне ие болды. Аталмыш нысандардың пайдалануға берілуі және толық қуатына шығуы «Бұқара-Орал» магистральдік құбырының №13 және №12 компрессорлық станцияларын реверстік бағытта пайдалану арқылы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырымен елдің оңтүстік өңірлерін халықаралық стандарттарға сай тазартылған дайын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар өнімдердің экспорттық арнасын кеңейтіп және Қазақстанда жұмыс істейтін компанияның халықаралық нарыққа шығуын қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетке төленетін салық төлемдерін ұлғайтуға көп септігін тигізді.
Көптен күткен үміт
жүзеге аса бастады

Осы жобаға байланысты біраз жұмыстар сол кездің өзінде қолға алынып, жүзеге асы­рылды. Ұзындығы 72 шақырым Ембі мен Жаңажолдың арасын жалғайтын теміржол іске қосыл­ды, ұзындығы 162 шақырым Жаңажол мен «Бұқара – Орал» магистральдік газ құбырының №13 компрессорлық станциясы арасын жалғайтын және жолай Ембі қаласының жанынан өтетін жаңа құбыр тартылды. Бұл нысандардың өзі әлгі үшінші зауыттың жаңа өнімдер шыға­ра­тынына есептеліп салынған болатын. Нәтижесінде тек қана осы қалаға ғана емес, өңірдегі басқа көптеген елді мекендерге «көгілдір отын» жеткізілді. Сонымен, ембіліктердің көптен күткен үміті осылайша жүзеге аса бастады. Кеңес кезеңінде екі бірдей табиғи газ көзінің (Жаңажол мұнай-газ кеніші мен «Бұқара – Орал» магистральдік газ құбыры) аралығында жайғасқан болса да, көмір жағып, күл шығарудан құтыла алмаған Ембі тұрғындарының қолы «көгілдір отынға» жетті. Бірақ қаланың өзін газдандыру ісі 2006 жылы қолға алынғанымен, кең көлемді іс-шараларды жүзеге асыру үшін тағы да бес жылдай уақыт кетті. Осы тұста Ембінің шығыс және батыс бөлігіндегі 1300-дей тұрғын үйге «көгілдір отын» берілген екен. 2011 жылдың желтоқсанында сол кездегі облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қала халқының игілігі үшін салынған газ реттегіш бекеттердің бірінің тұсауын кескен болатын. Бұл мақсатқа бюджет есебінен бөлінген 370 миллион теңгеге 11 газ реттегіш бекет салынған, сосын 45 шақырымдық жер үстімен өтетін және төменгі қысымға шақталған газ желілері тартылған.
Одан кейін де бұл жұмыстар жалғастырылған. Қазір Ембіні аралаған адам көшелерді жағалай тартылған газ желілерін көріп қана қоймай, сол «көгілдір отынның» келуі нәтижесінде қала келбетінің қаншалықты өзгеріп кеткенінің куәсі болады. Бұрынғыдай үйлердің жанында төбе-төбе болып үйіліп жататын күл-қоқыс көрінбейді. Және де салқын түскен соң ауаны жағалай жайлайтын, сөйтіп, қолқаңды ататын көмір түтіні қазір тіпті де сезілмейді.
Енді ауыз су мәселесіне келетін болсақ, мынаны айтуға болады. Қазір қала тұрғындарына «Жалпақ» су қорынан таза ауыз су жеткізіледі. Жалпақ деген – Ембіден шығысқа қарай он сегіз шақырым жерде орналасқан және алыстан қарағанда геометриялық трапецияға ұқсайтын тау. Соған жақын жерден таза су қоры табылған. Енді ол іске жаратылып жатқан көрінеді. Мемлекеттік бағдарлама талабына сай, сол 2011 жылы Ембіге 31 шақырым су құбыры, 2 су айдағыш станция мен судың қысымын арттыруды қамтамасыз ететін су мұнарасы салынған. Одан соң қала көшеле­рін жағалай су құбырын жүргізу ісі қолға алынған. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағытта да көп жұмыс атқарылған тәрізді.
Қалай болғанда да, қазір Ембіге бара қалсаңыз, «қай жерде су бар екен?» деп фляга тие­ген арбаша сүйреген еркекті немесе мойнындағы иінағашқа екі шелекті іліп алып жүрген қыз-келіншекті көрмейсіз.
Сонымен, Ембі қаласында жер­гілікті халықтың көңілін алаңдатқан үш мәселенің екеуі осылайша өз шешімін тапқан сияқты. Ал енді үшінші мәселеге – жұмыссыздыққа – тоқталайық.

Ембіде жұмыссыздық мәселесі шынымен шешілді ме?

Мен Ембіге келерден бір күн бұрын, яғни қазанның 24-і күні «ҚазАқпарат» агенттігі «Ақтөбе облысында 180 мың теңге жалақыға жұмысшы табылмай отыр» деген репортаж жариялады. Онда былай делінген: «Ақтөбе облысы Ембі қаласында 14 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарының көбі теміржол саласында жұмыс істейді. Қала бойынша 18 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. «Балабақшаға жұмысшы керек. «Жасыл ел» жастарды жұмысқа шақырғанымен, ешкім келмеді. Ер балалар 60 мың теңгенің жұмысын істемейді. Барлығы 3 орын бос тұр. Ер адамдар 80-150 мың теңге сұрайды. Шынын айтқанда, жұмыспен қамту орталығы арқылы 5 адам жұмыс істеп жүр. Оның үшеуі пробациялық бақылаумен сағат бойынша жұмыс істейді. Яғни, қала тазалығымен айналысатын адам таппай отырмыз. Сондықтан әкімдіктің ішкі қызметкерлері сенбі сайын шығып, ағаш кесіп, қоқыс жинайды», – деді Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай.
Ауылдағы мыс, алтын кенін өндіру зауыттары экскаваторшы сұрайды. Оның жалақысы 180 мың теңге болады, алайда жұмысқа адам табылмады. Техника бар, оны басқаратын жұмысшы жоқ. Тіпті, вахталық әдіс ұсынылады.
«Жұмыспен қамту орталығына тракторшы тіркелсе, жүгіріп барып, жұмыс ұсынамыз. Мәселен, Жем қаласының әкімі жүргізушіні үш ай бойы іздеп, соңында бажасын жұмысқа алды. Әкімнің өзі көлік айдауына болмайды. Жүргізуші 47-49 мың теңге алады. Бұл ақшаға ер адамдар келмейді. Өзім 280 мың теңге еңбекақы аламын, экологиялық қосымша өтемеақы төленеді», – деді Әлімжан Қорғанбай».
Дегенмен, Ембіде халықты жұмыс­пен қамту мәселесі бір­жола шешілді дейтін күн әлі де алыс болса керек. Мен өзім сонда болғанда әңгімеге тартқан қала тұрғындары жұмыс табудың қиындығын басты мәселе деп атады. Қазір Ембіде сол кеңес заманындағыдай 14-15 мың адам тұратын болса, ал оның көбі теміржол саласында жұмыс істейтін болып есептелсе, бұл дегеніңіз жергілікті жерде «бүркемелі жұмыссыздық деңгейі өте жоғары» дегенді мегзейтін мәлімет болса керек. Неге дейсіз ғой? Бұл жердегі гәп мынада.
Бұрындары қазіргідей-ақ 14-15 мың халқы бар Ембіде алты ірі жұмыс беруші орын болған: тепловоз депосы, Мұғаджар геофизикалық экспедициясы, Ембі мұнай барлау экспедициясы, Борлы геологиялық экспеди­циясы, аудан (аудандық ұйымдар мен мекемелер) және станция (деподан басқа теміржол қызметімен шұғылданатын үлкенді-кішілі кәсіпорындар). Бір ғана 1946 жылы салынған депода 24/7 (күні-түні және демалыссыз) режимінде мың адам еңбек ететін. Қалғандарының әрқайсысы жүздеген жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын. Бұларға қоса ірі ет комбинаты, бидай қабылдайтын кәсіпорын (заготзерно), үлкен автобаза, ПМК сияқты құрылыс кәсіпорындары және РТС (ремонтно-тракторная станция) сияқты техника жөн­дейтін кәсіпорындар тағы да бар болатын. Қазір бұлардың ішінде бұрынғыша жұмыс істеп тұрғаны – Ембі әкімі «теміржол саласы» деп жалпылама атаған станция мен оның айналасындағы кәсіпорындар ғана. Әрине, кейінгі кезеңде бірқатар заман талабына сай жаңа жұмыс берушілер бой көтерген. Бірақ олардың қай-қайсысы да мың адам түгіл, бірнеше жүз адамды да тұрақты жұмыспен қамти алмайды. Ал Ембі болса бұрынғыдан гөрі үлкеймесе, кішіреймеген.
Қаланың шығыс жағында жаңа көшелер қатар түзеген. Оның кө­шелерін олай-бұлай аралағанда, мен салынып бітпеген үйлерді көрдім, ал қаңырап бос қалған үйлерді көрген жоқпын. Яғни қала бұрынғыдан гөрі өскен және әлі де өсе түспек болса керек. Өйткені онда қазір су бар және газ бар. Мүмкіндігі бар адамдар Ембідегі үйі мен тұрмыс жағдайын үлкен қалалардағыдай етіп істеп ала алады.
Бірақ осындай тұрмыстық мүм­кіндіктері жоғары сұраныс пен заман талабына сай ыңғайланып келе жатқан қалада халықты жұмыспен қамтитын орындар жай ғана аз емес, өте аз.
Сондықтан Ембіге аудан орта­лығы статусының қайтарыл­ғаны жөн болатын сияқты. Әрине, бұл тек жеке пікір ғана. Бірақ оны ортаға салуға мынадай негіз бар. Бұрын Ембі орталығы болған ауданның ауқымында қазіргі уақытта орналасқан ірі-ірі кәсіпорындардан мемлекет есебіне түсетін төлемдер бір аудан түгіл, бүтін бір облыстың бюджеттік жүгін көтеруге жеткілікті болатын сияқты.
Бұл күнде құрамына Ембі де кіретін Мұғалжар ауданы бұрынғы Октябрь (кезіндегі орталығы – Қандыағаш) және Мұғаджар (кезіндегі орталығы – Ембі) аудан­дарының қосындысы. Қазіргі біріктірілген Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағаш. Осы әкімшілік-аумақтық бірлікті бұрынғыдай қайтадан екіге бөлсе, Ембінің еңсесі біраз көтеріліп қалар еді. Және бүйткен жағдайда – Қандыағаштың да ешеңесі кете қоймаған болар еді. Өйткені ол ірі те­мір­жол торабы, оның үстіне бұл қа­ла­да үлкен теміржол депосы бұрын­ғы­ша жұмыс істеп тұр.
Бір сөзбен айтқанда, Ембінің нағыз қала ретінде дамуы үшін не оған аудан орталығы мәртебесін қайтару керек, не ондағы қазір консервацияға қойылған депоны қайтадан іске қосу қажет. Бұл жерде басқа амал көрінбейді.

Ахас ТАЖУТОВ,


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру