Валюта бағамы: $ 377.95 431.2 5.66 ¥ 55.93

Үздік фотожұмыстар бағаланды

Қарағанды мемлекеттік университетінде журналистердің ең үздік жұмыстарын көрсетуге арналған World Press Photo 2018 жыл сайынғы көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шара кезінде журналистерге арнап баспасөз сапары ұйымдастырылып, онда көрме тәлімгері, World Press Photo өкілі Анна Мехр өткен жылдың ең маңызды оқиғаларын мазмұндайтын ең үздік суреттерді таныстырды.

Көрме 2018 жылдың 10 жел­тоқсанындағы Халықаралық адам құқығы күніне орай ашылып отыр. Биыл 125 елден 4,5 мың фотосуретшінің 73 мыңға жуық суреті байқауға жіберілді. Орташа есеппен алғанда жыл сайын көрмені тамашалауға 45 елдің 100 қаласында екі миллионға жуық адам келеді. Көрме бейком­мерциялық сипатта өтеді.
Биыл жеңімпаздар мен жүл­дегерлер қатарына 42 адам кі­ріп отыр. Іс-шара ұйымдас­тырушылары – Нидерланд Король­дігінің елшілігі, Сорос-Қазақстан қоры және «Еркіндік қанаты» Қоғамдық қоры. Ашылу салтанатында сә­лем­сөзбен Қазақстандағы Ни­дерланд елшісі Дирк Ян Коп шықты. «Нидерланд елшілігі World Press Photo көрмесін Қазақ­станда осымен үшінші мәрте ұйымдастырып отыр. Биыл көрме 4 қалада өтуде. Сөз бостандығы көз бостан­ды­ғынан басталады», – деп атап өтті ол.
«Жылдың фотосуреті-2018» бас аталымында Венесуэладан қатысқан фотосуретші Роналдо Шемидтің жұмысы жеңіске жетті. Оның фотосуретінде 2017 жылдың 3 мамырында Каракастағы үкі­метке қарсы бұқаралық шеруге қа­тысқан, газтұтқыш киіп жүгіріп ба­ра жатқан 28 жасар Хосе Виктор Саласар Балса бейнесі түсірілген.
Ашылу салтанатында Со­рос-Қазақстан қоры басқарма төрағасы Антон Артемьев қор білім беру және көрмелік жобалар арқылы қазақстандық фотодокументалистиканы дамытуға бағытталған жобаларға талай мәрте қолдау көрсетіп келе жатқандығын атап өтті. Оның мысалы ретінде ол NOOR Foundation ұймдастырған визуалды сторителлинг воркшобын келтірді. Бұл жас қазақстандық фотосуретшілердің көрмесі аясында фотодеректі жобалар өткен жылы Алматыда өткен «20 жылдан кейін» атты көрменің бір бөлігіне айналды.
Биыл тұңғыш рет көрме аясында ұйымдастырушылар «Фотосурет қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көрсетуге, сон­дай-ақ, адам құқығы мен сөз бос­тандығын әспеттеуге арналған құрал ретінде» деген тақырыпта атақты фотосуретші Валерий Мельниковтың кәсіби фотосуретшілерге және деректі фотосуреттерді сүйетін қауымға арналған шеберлік сабағын өткізейін деп отыр. Шеберлік сабақтар 2 қалада – Астана және Алматыда өтеді.
World Press Photo қоры 1995 жылдан бастап Нидерланд Корольдігі ханзадасының қамқорлығымен жұмыс жасап келе жатқан тәуелсіз фото­журналистикаға және бүкіл әлемде еркін ақпарат бөлісуге арналған бірегей алаң болып табылады. Кәсіби фотосуретшілерден және БАҚ фоторедакторларынан тұратын тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы жыл сайын жер жүзінің түкпір-түкпірінде жұмыс жасайтын фотожурналистердің, агенттіктердің, газет пен жур­налдардың үміткерлерінің жұ­мыстарын 9 түрлі санатта баға­лайды. Байқау нәтижелері жа­рияланған соң жыл сайын Амстердамда екі ай бойы World Press Photo 2018 жеңімпаздарының жұмыстары көрсетіледі, кейін бұл суреттер бүкіл әлемді саяхаттауға жіберіледі.
World Press Photo халықаралық фотобайқауында жеңіске жеткен жұмыс көрмелері аясында Нидерланд Корольдігінің елшілігі 2018 жылдың 10 желтоқсанындағы Халықаралық Адам құқығы күніне орай әлеуметтік маңызға ие тақырыптарға арналған фотосуреттер онлайн-байқауын ұйымдастырады.

Айнұр БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру