Валюта бағамы: $ 378.9 422.74 5.87 ¥ 54.8

Жақсының аты өлмейді…

Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында «Бір белбеу, бір жол» бағдарламасына байланысты композитор Бахытжан Байқадамов пен Сянь Синхайды еске алуға арналған кеш өтті.

Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас елшілігі ұйымдастырған шараға қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ұлы Отан соғысы басталған кезде, 1941 жылы Алматыға келіп, туыс-туғансыз, аштық пен аурудың ортасында қалған Сянь Синхайға қазақ композиторы, Торғай тумасы Бақытжан Байқадамов көмек көрсетеді. Дәл осы Алматы қаласында Сянь Синхай өзінің атақты симфониялық шығармаларының бір қатарын дүниеге әкелген.
Биыл Қазақстан мен Қытай мемлекеті қос композиторға арналған алғашқы бірлескен фильм түсіруде. Қос ел кино майталмандары жұмыла кіріскен «Композитор» атты картина танымал сазгерлердің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. 500-ден астам ән мен әуен автордың соғыс жылдарындағы ғұмыры Қазақстанда өтіп, елімізде ол әріптесі Бахытжан Байқадамовпен табысады. Бұл фильм нағыз достықтың жаршысы болатыны сөзсіз. Өнер мен музыкада табысқан қос дарынның өмірде де сенімді серікке айналғанын сыр шертеді. Соғыс жылдарын бірге өткерген сәттері жүрек толғандырады.
Музыка мен кино – бұл біздің ішкі жан сезіміміздің айнасына айналған керемет өнер. Сянь Синхай өз туындыларында дәріптеген махаббат, достық пен үміт сезімдері осы фильмде берілген. Лентаның түсіріліміне дайындық 2 жыл бойы жүрген. Осы уақыт аралығында ұйымдастырушылар Яньан, Алматы, Санкт-Петербург сынды өзге де қалалардан сазгердің өмірінен сыр шертер мағлұматтарды тырнақтап жинаған. Фильмнің негізгі бөлігі Қазақстан аумағында түсірілген.
Қытайлық композиторға Қа­зақ­станда көрсетілген көмек – қос ел халықтарының бір-біріне деген жылы лебіздерінің белгісі. Бұл елдеріміздің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың көкжиегін кеңейе түсуге негіз болды. Сондықтан болашақ ұрпаққа үлгі болатын бұл достықтың қасиетін бағалай білуіміз қажет. Осының арқасында тараптардың өзара сауда-экономикалық және мәдени әріптестігінің әлеуетін барынша кәдеге жаратып, халық игілігіне пайдалану қажет. Сондықтан да фильмнің сәтті түсіріліміне 2 елде де үлкен көңіл бөлініп жатыр. Қазақстанның мәдениет министірлігі өкілдері кино туынды аспан асты елімен ынтымақтастыққа жан бітіретініне сенімді. Айта кетейік, «Композитор» фильмі алдағы уақытта жарыққа шығады деп күтілуде.

Айжан ЖАСБАТЫР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру