Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Басты аспектілер назарда болуы тиіс

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының биылғы тоғыз айдағы іске асырылу барысы, бизнес-ортаны одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар, сондай-ақ Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жол картасын өзектілендіру мен іске асыру барысы қаралды.

Инвестициялар және даму минис­трлігінің мәліметіне қарағанда, осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқасында 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ке артық. Министр Ж.Қасымбек өз баян­дауында 77 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартып, оның ішінде 9,5 мыңға жуық отбасы мемлекеттік қаржы есебінен са­лынған баспанаға қол жеткізгенін атап өтті. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5%-ке артып, 818,9 млрд теңгеге жеткен. 9 айдың нәтижесі бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі жағынан Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысы көш бастап тұр.
Ағымдағы жылы мемлекеттік бағ­дарламаны іске асыруға республи­калық бюджеттен 148,6 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру жоспарына сәйкес тұрғын үй құрылысы аумағына инженерлік коммуникацияларды жеткізу үшін 44,6 млрд теңге аударылған, оның 40,8 млрд теңгесі немесе 91,7%-і игерілді, 500 км инженерлік желі салынды. Сонымен қатар министр бағдарламаның бөлек бағыттарының қалай жүзеге асып жатқаны жайында есеп берді.
Бейінді министрліктердің және бірқатар әкімдердің баяндамаларын тыңдағаннан кейін Б.Сағынтаев мемлекеттік бағдарламаның барлық негізгі бағыттары бойынша өсім байқалатынын айтты. Сонымен қатар Премьер-министр Үкімет мүшелерінің назарын бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражатты игеру, құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникацияларды жеткізу мәселелеріне аударды. Мысалы, өткен жылғы және жоспарлы көрсеткіштермен салыстырғанда бірқатар өңірлерде қаражатты игеру қарқыны төмендеген. Осыған орай, облыстардың әкімдеріне тұрғын үйдің жоспарланған көлемін тапсыру және бөлінген қаражатты тиімді игеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдау тапсырылды. Екіншіден, кейбір өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей отыр. Сондықтан об­лыстардың әкімдері осы мәселені қатаң бақылауға алып, алдағы екі айда тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етулері тиіс.
Отырыста талқыланған келесі тақырып – бизнес-ортаны одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар бойынша ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов баяндады. Бұған дейін «Doing Business 2019» рейтингінің қорытындылары жарияланған болатын, оған сәйкес Қазақстан әлемнің 190 елінің арасында 28-орынды иеленді. ҰЭМ мәліметіне бойынша, Қазақстан «Doing Business 2019» рейтингінің қорытындыларына сәйкес өз көрсеткішін соңғы 11 жылда 36 тармаққа жақсартты.
Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Премьер-министр жүргізілген жұмыс айтарлықтай көрсеткіштерге жеткізгенін атап өтті. Дегенмен, бұл нәтижелермен шектеліп қалуға болмайды. Үкімет бизнестің үздіксіз дамуы үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда. Заңнамаға енгізілетін, бизнес ортаны жақсарту бойынша түзетулердің 7-ші пакеті қазір Парламент қарауында. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жыл соңына дейін заң жобасының Парламенттен өтуін қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл келесі жылға индикаторларды жақсартуға мүмкіндік береді.
Отырыста Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жол картасының жаңартылған жобасы мақұлданды. 2017-2018 жылдарға арналған жол картасы бір жыл бұрын бекітілген еді. Бұл белдеуге Ақмола облысының 17 ауданы мен Қарағанды облысының 4 ауданы кірді. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниевтің айтуынша, өткен кезеңде картаның негізгі шаралары жүзеге асқан. Астананың азық-түлік белдеуі бойынша жобаларды іске асыру шеңберінде елордадан 50 км радиуста 92 жоба анықталды.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы елорда халқының жыл санап өсіп келе жатқанын ескере отырып, тұрғындар мен қонақтарды азық-түлікпен қамту мәселесі өзекті болып отырғандығын айтты. Жаңартылған жол картасын іске асыруға қатысты Премьер-министр бірқатар басты міндеттерді қойып, нақты тапсырмалар берді. Мәселен, жол картасы жобасында азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігіне баса көңіл бөлінген. Дегенмен, бұл өнімдердің түпкі тұтынушыға қандай бағамен жеткізілетінін де ұмытпау керек. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Ақмола, Қарағанды облыстарының және Астананың әкімдіктерімен бірлесіп азық-түлік белдеуіне қатысушылар жеткізетін өнімдердің бағасына қатысты мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды. Сондай-ақ жол картасында елорданы азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлерімен қамту бойынша 20-дан аса іс-шара қарастырылған, бірақ оның орындалуын бағалауға мүмкіндік беретін индикаторлар жоқ. Осыған байланысты мақсатты индикаторларды айқындап, әрбір министрлікпен және әкімдікпен жеке-жеке меморандумдар жасасу қажет. Бұдан бөлек, Астанада көтерме-үлестіру орталығын салу бойынша жұмыстарды жандандыру тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру