Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Сүт өндірісіндегі оңтайлы шешім

Күнделікті тұрмыста біз сүт және сүт өнімдерін өте жиі қолданамыз. Тіпті, асүйімізде сүт болмаса, дастар­ха­нымыздың сәні кірмейтіндей. Денсаулығымыздың тұрақтылығына, сондай-ақ, ағзамызды бірқатар аурулардан алдын алу мақсатында сүттің бізге тигізер пайдасы орасан.

Сүт туралы ең алғашқы заң 1930 жылдың 31 шілдесінде Германияда қабылданған екен. Дегенмен де, неміс халқының 66 пайызы бүгінде сүт құрамындағы дәрумендердің жетіспеушлігінен зардап шегуде.
Жақында Астанада еліміздің сүт өндірушілерінің IV конгресі өтті. «Мал шаруашылығы бизнесіне табысты стратегияны енгізу арқылы максималды өнім алу» тақырыбында өрбіген жиын барысында бірқатар мәселелер талқыланды. Солардың ішінде тамақ өнеркәсібімен айналысып отырған кәсіпорын басшыларына мемлекет тарапынан субсидия берілетіндігі мәлім болды. Конгресте Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов еліміз үшін ауқымды табыс көзі саналатын сүт өнімдерін көптеп шығару екендігін айта келе, осы бағытты дамыту мақсатында бірнеше бағдарламалардың қабылданғандығын атап өтті. «Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдары белгілі себептермен субсидия беруді тоқтатқан болатынбыз. Қайта субсидиялау өз нәтижесін көрсетіп отыр. Сондықтан, бұдан бөлек аталған саланы одан әрі жетілдіру мақсатында жақында министрлік ұзақмерзімді бағдарлама қабылдады. Яғни, алдағы уақытта 10 жылға арналған жоба негізінде сүт өндірісін 1 млн тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз», – деді Е.Ахметов. Жиында сала басшылары, қызметкерлері тарапынан түрлі ұсыныстар ортаға тасталды. Солардың ішінде қатысушыларды қызықтырғаны ірі қара малдарды бос ұстайтын сүт фермаларын құру жүйесін қарастыру болды. Бұл жүйе іс жүзінде қолға алынса, келешекте еліміздегі сүт өндіретін кәсіпорындарды дамыту оң нәтижесін береді деп күтілуде.
Елордада өткен шарада барлығы 200-ден астам сала өкілдері бас қосты. Олардың арасында ет пен сүт өндіру өнеркәсібінің жетекші мамандары, фермерлер, серіктес компаниялардың қызметкерлері мен сарапшылары қатысты. Бағдарламаның шеңберінде сүт өндірісін арттыру мақсатында 102 жоба айқындалып, ол «ҚазАгро» холдингі арқылы қаржыландырылатын болады. Ұлттық басқарушы холдинг 2006 жылдың 11 желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту­дың кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес құрылған. Мемлекеттік саясатты іске асыруды мақсат тұтқан «ҚазАгро» холдингі бүгінгі таңда ауылшаруашылығына қатысты бірнеше кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсетуде.
Жалпы алғанда, бұл бағдарлама қой және сүтті ірі қара мал шаруашылығы, жанұялық мал шаруашылығы, ет бағытындағы ірі қараны көбейту сияқты төрт модель бойынша іске асырылмақ. Қазіргі таңда қайта өңделген тауарлардың сыртқы саудасы 13 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскендігін аңғартады.
Мемлекет басшысы халыққа үндеген биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығына қатысты өнімдердің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге арттыру керектігін атап өткен болатын. Осы мақсатта Үкіметке алдағы үш жыл ішінде қосымша кемінде 100 млрд теңге қарастыруды тапсырғаны белгілі. Жүктелген міндеттерді ескере отырып, фермерлерге жаңа технология белгілі шарттар бойынша несиесіз тегін беріледі. Яғни, мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпорындар ғылыми институтпен үш жылға келісімшартқа отырады. Осы келісім төңірегінде ғылыми жұмыстар жүргізіліп, сала мамандары малды азықтандыру, ұрықтандыру, өнім сапасын арттыру тұрғысында нақты тапсырмаларды атқарулары тиіс. Министрлік тарапынан қолдау тапқан аталмыш келісім еліміздегі сүт өнімдерінің молынан өндірілуіне және жоғары сапаға ие болатындығына серпін бермек.
Адам денсаулығы үшін сүттің тигізер пайдасы ерекше. Себебі, ақ өнімді пайдаланғанда біздің ағзамызға оның құрамды бөлігінің 95-98 пайызы сіңеді. Сонымен қатар, сүт – амин қышқылдарының, макро және микроэлементтердің, А, В2, В1, Е, D, С дәрумендеріне бай ерекше тағамның түрі. Жаңа сауылған сүт адам денсаулығына, оның өміршеңдігіне өте пайдалы. Себебі сүттің құрамында бактерияны жойып қана қоймай, өсіп-өнуіне кедергі келтіретін қасиеттер басым.

МАҚПАЛ САҒЫНДЫҚ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру